• RUB:
    6.45
  • USD:
    512.66
  • EUR:
    580.59
Басты сайтқа өту
Байқау Кеше

«Абайды оқы, таңырқа!»

420 рет
көрсетілді

Дәл осындай тақырыппен қордайлық оқушылар биыл төртінші мәрте Абайдың қарасөздерін жатқа айтудан жарысқа түсті. Алғаш рет бұдан төрт жыл бұрын Жамбыл облысы Қордай ауда­ны Қаракемер ауылы азаматтарының руханиятқа әрі ұрпақ тәрбиесіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінен туған идея «Абайды оқы, таңырқа!» атты қарасөз байқауы болып дүниеге келді. Жыл сайын аясы кеңейіп, танымалдылығы артып келе жатқан жоба биыл хакімнің 180 жылдық мерейтойы аясында алғаш рет аудандық деңгейде ұйымдастырылды.

Айта кетерлігі, алғашқы жылдары ауылдың ішінде ғана елеусіздеу өткен бұл іс-шараға былтырдан бері аудан басшылығы көлемінде көңіл бөліне бастады. Былтыр үшінші мәрте ұйымдастырылған байқауда қазылар алқасының құрамында болған аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков биыл бұл іс-шараны бө­лім­нің жылдық жұмыс жос­парына енгізіп, өңірдегі өзге де ауыл­­дардың сөзге шебер, білімдегі бетке­­­ұстар оқушыларының бағы мен бабын сынауына мүмкіндік жасады.

«Қаракемер ауылының азаматтарына ұрпақ тәрбиесі мен білім ісіне барынша үлес қосып келе жатқандарына алғысымды білдіремін. Былтыр Абайдың жүріп өткен жолын, айтып кеткен өсиетін жүрегінің төріне шығарып, адами асыл қасиеттерді бойына сіңіру жалғыз қаракемерліктерге ғана тән емес шығар, хакімнің рухани нәрін бүкіл аудан, облыс, республика халқы да бойына сіңіруі керек деген ой айтылған. Сол бастаманың алғашқы қадамы, міне, аудандық деңгейге жетіп отыр. Бұл жоба балаларға әжептәуір мотивация берері сөзсіз», дейді бөлім басшысы Санат Әшірбеков.

Ұлы ақынды ұлықтап, 180 жылдық мерейтойына орайлас­ты­рыл­ған байқау аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Оған 5–11-сыныптардан 48 оқушы қатысты. Сөз сайысына шыққан оқушылар­дың өнеріне белгілі жамбыл­дық қаламгер, еліміздің құрметті журналисі Құрманбек Әлімжан бастаған қазылар алқасы бағасын берді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қаракемер ауылының демеуші азаматтары атынан 500 мың теңге көлемінде қаржылай жүлде табысталды.

Байқау қорытындысында 5–8-сынып оқушылары арасынан Ноғайбай ауылдық №35 Рза Қунақова атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Айғаным Біләл, ал 9–11-сынып оқушылары арасындағы бәсекеде Қаракемер ауылдық Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 10-сынып оқушысы Жансая Иса топ жарып, бас жүлденің 100 000 теңге қаржылай сыйлығын жеңіп алды.

Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған 10-сынып оқушысы Жансая Иса бала күнінен Абайдың қарасөздерін қызыға оқып, өлеңдерін жаттап өскен екен. Ол 2021 жылы байқауда 6-сынып оқитын кезінде хакімнің 9 қарасөзін жаттап, жүлделі 2-орын алса, келесі жылы 12 қарасөзбен тағы да екінші орынның тұғырына көтеріліпті.

«Мен сол кезде өз-өзіме уәде беріп: «Келесі жылы қарасөз санын арттырып, бас жүлдені жеңіп аламын», деп іштей өзімді қамшылаған едім. 2023 жылғы байқау бұрынғыдан да ауқымды деңгейде өтіп, оған аудандық білім бөлімінің басшысы, журналистер мен түрлі сала мамандары қазылық етті. Мен 27 қарасөз жаттап, ерекше көзге түсіп, бас жүлдеге ие болдым. Одан кейін аудандық өзге сайыста 35 қарасөзбен қарсылас шақ келтірмей, тағы да бас жүлдені жеңіп алдым», деген Жансаяны былтырғы Семей сапары ерекше шабыттандырып, Абайға деген сүйіспеншілігін одан әрі арттыра түсіпті.

Соның әсерімен биыл 40 қара­сөзді жатқа айтып, тағы да бас жүл­дені қанжығасына байлап отыр. Ендігі межесі – 45 қарасөз.

Жалпы, бұл жобаға кеңі­рек тоқталсақ, былтырғы мамыр айын­да осы байқауға қатысқан қаракемерлік 25 оқушы «Абай­ды оқы, таңырқа!» атты ғылыми-таным­дық экспедиция аясында ауыл азаматтарының қаржылай қолдауымен Абай облысына барып қайтқан.

Үш күнге жоспарланған сапарда оқушылар алдымен Алматы­ға аялдап, Республика сарайы ал­дын­дағы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сол жерде ойшыл ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыды. Ізденіс жолында үлкен сапарға шыққан өрен­дерге абайтанушы ғалым­дар мен Қазақстан Ұлттық ғылым ака­демиясының мүшесі, академик Асқар Жұмаділдаев, кинорежис­сер Еркін Рақышев, экономист, қар­жы сарапшысы Мақсат Халық ­және Алматы қалалық мәсли­ха­ты­ның депутаттары Абайдың ескерт­кіші алдындағы кездесуде сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.

«Бұл өте құптарлық игі іс-шара екен. Абай – қанша оқысаң да, қанша таңырқасаң да, таусылмайтын, терең де телегей теңіз ғой. Бұл оқушылардың кішкентай кезінен Абайға үңіліп, соның шығармашылығына қызығып, толық адам болып қалыптасуға ұмтылуы қуантып отыр. Ал ауыл оқушыларына осындай байқау ұйымдастырып, оның жеңім­паздары мен жүлдегерлерін экспе­дицияға алып шыққан ауыл азаматтары да ерлеген екен», дейді академик А.Жұмаділдаев.

Оқушылар Жидебайға Абай мен Шәкәрім жатқан қос кесене­ні көріп қайту үшін ғана бармапты. Олар өздері дайындаған театрландырылған қойылымын сахналап, жаттаған қарасөзде­рін, қос ақынның өлеңдерін де оқып, сол жақтағы ел-жұртқа өнер көрсетіп қайтқан. Әрі ғылыми ізденіс бағытында біраз мағлұмат алып қайтты.

Айтпақшы, жуырда осы аудан­дық байқауға қатысқан қара­ке­мерлік 8 оқушыға сол ауылдан түлеп ұшқан алматылық кәсіп­кер азамат бағалы сыйлы­ғын тарту етіп, жерлес іні-қарындастары­ның одан әрі ынталана түсуіне, өлеңге деген құштарлықтары­ның артуына демеу болды. Ал ұйым­дастырушылар бұл жоба­ның ауқымын кеңейтіп кішігі­рім ауылдық олимпиада етіп ұйым­дастыруды көздеп отыр.