• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 09:25

Олжас!.. (Эссе)

60 рет
көрсетілді

Әкем Семей қаласына барған сайын сөмке-сөмке кітаптар сатып әкелуші еді. Мен сол кітаптардың ортасына түсіп кетіп, шыға алмай, ұзақ күндер мен түндерде көз талғанша оқитынмын. Том-том қалың кітаптар арасынан, жұқалтым ғана кітапша қолыма жабыса кетті. Кітап сыртындағы жазу менің денемді дір еткізді. Олжас Сулейменов «Аргамаки». Жұп-жұқа кітаптағы өлеңдерді бір сәтте жұтып қойдым. Қайта оқыдым. Тағы оқыдым. Өлең жолдары менің жанымды тулатты. Қызу қанды, ойлы, оқыс сөздер, менің миымды шайқады.

Ақынның өлеңдері ол кезде орыс тілінде ғана еді. Орыс­шаға мен де, атам да жүйрік болатын. Атам Шыңғыстаудағы ашаршылықтан қашып, Семей қала­сында ұзақ жыл ет комбинатында жұмыс істеген. Орыс ортасында тірлік жасаған. Деректі мақалада дерекке бағынғанды жөн көрдім. Айыпқа бұйыр­маңыздар. Олжастың қазақша ойлаған сөздері орысша берілді.

Эй, половецкий край,

Ты табунами славен,

Вон вороные бродят

В ливнях сухой травы.

Дай молодого коня,

Жилы во мне играют,

Я проскачу до края,

Город и степь

Накреня.

Ветер раздует

Пламя

В жаркой крови аргамака,

Травы

сгорят

под ногами,

Пыль

И копытный цок.

Твой аргамак узнает,

Что такое

атака,

Бросим

робким

тропам

Грохот копыт в лицо!..

Үш қайтара оқыған соң, бүкіл өлең менің жадымда қалды. Мен өлең жолдарын жатқа айта бастадым. Көңілім тү­леді, жаным жадырады, көзге жас келді. Бұл бұрын-соңды болмаған қуатты жан тебіренісі еді.

«Арғымақ» жырын оқыған сайын көз алдыма Ер Төстік, Қамбар батыр мінген арғымақтар елестеді.

– Мектептен қалып қойып жүрме, – деді әкем.

Менің жұп-жұқа кітапшаны жұтып жіберердей болып отырғанымды се­зімтал әкем тап басты. Ал мен мектептен де, ауылдан да, маған қарсы отырып алып көне Құран кітабын оқыған қатал атамнан да, қамқор әкемнен де алыста едім. Мен бөтен, белгісіз, ұранды халге түсіп жүре бергенмін. Олжас мені өзге қиырға, өзге әлемге әкетіп бара жатқан.

– Әке, мен бүгін мектепке бармаймын...

– Олжастың өлеңдері сенің жаныңды толқытты білем.

– Аспанға алып кетті. Менің көңілім көкті шарлап ұшып жүр. Ұшып жүр, әке...

– Мектепке бармасаң бармай-ақ қой, деді күлімсіреген әкем. Олжас ақын елдің аузына ілікті. Есті қазақтар қуанып жатыр. «Адамға табын, Жер енді» деген поэма­сы қолыма түспеді. Келесі жолы әкелемін. Жап-жас жігіт бүкіл әлемді дүр сіл­кіндірді. Қазір поэмасын Америка құрлығы да оқып жатыр деседі.

Мен бірінші рет өз еркіммен мектепке бармай қалдым. Олжас барда, маған мектеп не керек? Түкке керегі жоқ. Олжастың өлеңдері мен үшін университет болатын. Дұрысы дүрілдеген тіршілік айбары еді.

Атам Құранды маңдайына тосып, үш рет сүйіп, алқызыл сәтен дорбаға салды. Сонан соң, маған тесіле қарап отырып:

– Биттің қабығындай кітапшадағы өлеңдерді оқы! – деді салқын дауысымен.

Мен тізерлей отыра қалып, бірнеше жыл бойы жанымды баураған тосын есімді ақынның өлеңдерін оқи жөнелдім.

...ты собаку ударил при мне,

чем собака тебя обидела?

Знай же —

не по моей вине

чабаны твой удар не видели.

Не положено бить

детей

и собак —

по закону степей.

Так поймёшь ли,

за что тебе

я, как волку, в глаза гляжу?

– Сен өзі мына кітаптағы өлеңдерді жатқа оқып отырсың ғой.

– Ата, өлеңнің өзі жадыма жазылып жатыр. Таң қалып отырмын, ата.

– Менің зерек арғымағым жарадың! деп сүйсінді атам.

– Кітаптың аты да «Арғымақ».

– Бұл жас ақынның аты кім?..

– Олжас Сүлейменов.

– Тағы бір жырын оқы.

Вблизи Чингизских гор его могила,

Исколотая жёлтыми цветами;

Голодными, немилыми, нагими

К могиле приходили на свиданье.

 

И пили, усмехаясь, горечь песен,

И, колыхаясь, колебались травы,

Цветы желтеют грустно,

Как отрава...

Вблизи Чингизских гор его могила.

Атам үнсіз. Мен оған таңырқай қарап қалыппын. Ал атам қалтасынан сүйек шақшасын алып, асықпай насыбайын атты.

– Бұл жігіт қанша жаста екен?

– Жиырмадан жаңа асыпты дейді.

– Жидебайда жерленген Абай атасын жырлаған. Екі-ақ ауыз өлеңге, қазақтың екі ғасырлық зарын сыйдырып жіберіпті. Қазақтың зарын зарлайтын ұл туған екен! Ана-Жерге Құдай жіберген арғымақ екен!.. деп, сәл кідіріп үнсіз қалды да: – Сен тағы бір-екі күн мектепке барма. Менімен бірге Жидебайға жүр. Абай бабаңның басына барайық. Бабаңды еске алайық. Құран бағыштайық. Құдайға құлшылық жасайық. Мына жас ақынның болашағын тілейік. Тіл-көзден аман болсын. Әумин. Жүр жолға жиналайық. Жеңіл пәуескені дайындайық, деп атам орнынан жеңіл тұрып кетті.

1975 жылы Олжас Сүлейменовтің ғылыми-танымдық «Аз и Я» кітабы жа­рыққа шықты. Бүкіл кеңес одағы дүр сілкінді. Бостандық аңсаған интеллигенция қалпақтарын аспанға лақтырды. Кеңес Одағы орнағанына 58 жыл өткенде барып, социализм орнатуға жан салған елде, тұңғыш рет ақиқат арқалаған сөздің шашуы шашылды. Ақиқат арқалаған ой түу көкке көтеріле жөнелген.

Естерін әзер жиған билік, жарыққа шыққан «Аз и Я»-ны, зынданға салды. Жүз мың тиражбен шыққан кітапты туратты, өртеді. Озық ойды, озбыр билік барын салып тұншықтырды. Бірақ озық ой, ойлы адамдардың санасына еніп үлгеріп еді. Енді оны тұншықтыру мүмкін емес болатын.

Ақиқат ескен жалау жығылмады.

Ақын Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабының оқырмандарынан он мыңнан астам хат алды. Әлемде ақын көп, бірақ кітабына он мың хат алған ақын Олжас қана. Сол хаттардың көбін Мәскеуде Олжекеңе өз қолыммен тапсырғанмын.

Бұл Олжас Сүлейменовтің жеңісі болатын.

Қазақ ұлтының да.

Озық ойлы адамзаттың да.

Сексенінші жылдары Олжас поэзия кітаптарын шығарғысы келіп алқынып-жұлқынған жоқ. Ол бүтіндей тіл туралы трилогиясы «Жазбалар тіліне» сапар шегіп кеткен. Мәскеуде кітаптары мүлдем шықпай қалған кез. Ал Кеңес ода­ғындағы оқырмандар ақынның кітап­тарын сұрап жататын.

Мен Мәскеудің «Художественная литература» баспасымен Олжастың үлкен поэзия кітабын шығаруды келістім.

Қоңыр кеште Мәскеуден Алматыға, Олжекеңе телефон соқтым. Кітап жөнінде айттым.

– Сол керек пе?.. – деп сұрады Олжас.

– Мәскеуде сіздің кітабыңыз шық­пағалы талай болды – дедім.

– Сенің ойың қалай?..

– Шығару керек. Оқырман тосып отыр.

– Өзің біл, деді Олжас. Кітапты дайын­да, кейін мазмұнын көрсетерсің.

– Болсын. Бұл кітапқа алғысөз керек. Кімге жаздырамыз? – деп сұрадым.

– Старик, Алматыда түн, ал қазір мен бірінші ғасырда отырмын. Ал сен Мәскеуде ХХ ғасыр­да тұрсың.

Бұл әңгіме оған ұна­мағанын сездім.

– Евгений Сидоровқа айтайын.

– Дұрыс. Сен оған дайын қолжазбаны апарып бер. Ал мен мына ғасырдың тақсіретінен құтылған соң, оған телефон соғамын. Ол досымыз ғой, – деді.

– Келістік, – дедім.

– Сау бол, – деді баритон дауыс. Ол қайтадан бірінші ғасырдың құмдарына белшесінен батып, Алматыда жалғыз қала берді.

Мен де Мәскеу деген шулы тас қалада жалғыз едім.

 

* * *

Бір аптадан соң, Мәскеудің Әдебиет институтына бардым. Бұл институт қырық жастағы талантты жазушылар Анатолий Кимге, Владимир Личутинге және маған жеке әдеби шеберхана ашып берген. Бұл шеберханаларда прозашыларды оқытатынбыз. Менің шеберханамда прозашылар да, ақындар да, аудар­машылар да тәлім алды. Бәрі Сібір халықтарының өкілдері еді. Өте қабілетті жастар болатын. Олар өз тілдерінде де, орыс тілінде де жаза беретін.

Шеберханадағы сабақ біткен соң, институт ректоры Евгений Сидоровқа кірдім. Өте талантты, өте сабырлы, өте білімді адам еді.

– Сөйле, Роллан.

– «Художественная литература» бас­пасында Олжас Сүлейменовтің бір томдығын шығармақпыз. Сол кітапқа сіз алғысөз жазсаңыз...

– Құда түсе келген екенсің ғой...

– Солай...

– Олжас қалай?

– Алматыда, бәрі жақсы.

– Кітапқа не кіреді?

– Таңдамалы өлеңдері мен «Қыш кітап» поэмасы.

– Евгений Александрович хатшы қызын шақырды.

– Бізге шай дайында.

– Қазір, Евгений Александрович.

– Онда әкел. Маған бұрыла қарап: – «Қыш кітап» дұрыс таңдау. Әлемде жүз ұлы поэма болса, «Қыш кітап» соның бірі. Әлемдік классикаға енген дүлдүл жыр. Ол поэмасын Олжас қай жасында жазды?», – деп сұрады.

– Отыз жасында.

– Отыз жаста біздің мықтылардың қай­сысы ұлы поэма жаза алды, а?.. Ол­жас адам ғой!

– Ниетіңізге рахмет, Евгений Алек­сандрович.

– Маған он күн уақыт бер.

– Қолжазбаны қалдырайын ба?

– Керек емес. Менің кітап сөрелерімде Олжастың барлық кітабы бар. «Аз и Я»-ны өзі сыйлаған. Қолтаңбасы бар. Мен сенің шеберханаңа бірінші курстың үш студентін жібермекпін. Олардың біреуі Ленинградтан, екеуі Мәскеуден. Түркі жырларымен, түркі дүниесімен айналыспақ.

Бұл ұмтылысты да дүниеге әкелген Олжас досымыз. Біз, орыстар Олжас­тың шығармашылық қуаты мен қасиетін танығымыз келмейді. Бұл өте қате пікір. Әрине бұл саясат. Дүниедегі ең басты нәрсе ақиқат пен өнер. Біздің санамыз өркендемесе, ақиқатты да, өнерді де жоғалтамыз.

– Ар-ұжданды өлтірдік қой.

Евгений Александрович маған сынай қарады, бірақ үндеген жоқ. Мұндай кабинетте сірә, оқыс ойларды айтуға болмаса керек.

– Сен әлі жассың ғой, – деді ректор.

Олжасқа сәлем айт. Маған сенім арт­қанына рахмет.

 

* * *

Мәскеудегі Колонный залда КСРО Жазушылар одағы Мұхтар Әуезовтің 90 жылдық мерейтойын өткізді. Баян­дамашы Олжас Сүлейменов болатын. Баяндама тың тынысты ойларға, салмақты, салиқалы бірақ оқыс пікір­лерге құрылған еді. Артық-ауыс сөз болған жоқ. Президиум разы. Жұрт қазақ әншілерінің концертіне қалды.

Олжас мені ертіп, «Мәскеу» қонақ үйіне келдік. Жол бойы ағамыз үндеген жоқ. Баяндама қалай болды, деп сұраған жоқ. Кемеңгер адам оны өзі де біледі. Елден сұрап не қылады? Баяндама туралы мен де ешнәрсе айтпадым. Олжекең әлдебір ойлардың тұңғиығына түсіп кеткен. Үнсіз.

Бөлмеге кірген соң, сәл отырды да:

– Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы көңілімде жүрген бір ойды айта алма­дым. Әлі де уақыты келмей жатыр, білем, деді де, қайтадан сигарет қора­бын ұстады. Мен жылдам оттықты жақтым.

– Сен рестораннан тамақ алдыр.

– Коньяк аламыз ба?

– Жоқ, қызыл шарап алдыр. Мен жуынайын. Телефонды көтерме. Бүгін ешкіммен сөйлескім келмейді, деді.

Сол кеште телефонға тыным болмады. Бірақ Олжекең телефон трубкасын көтерген жоқ.

Ақынның көңілін аулау үшін мен көптеген сұрақ қойдым. Бұл сұрақтар әдебиет, өнер жөнінде болатын. Ара-арасында Олжекең текті қазақтар туралы, бабалары туралы, өз өмірі туралы да сыр пұшпағын ашып қойып отырды.

Олжас Сүлейменовтің қасында жиыр­ма жыл жүргенімде, дәл сол кеш­тегідей кең, еркін отырған сәттеріміз көп болды ғой. Қаншама сұрақ қойдым. Қаншама оқиға өтті, қан­шама әңгіме айтылды. Сұрақ аясын, небір тақырыптарға бөліп тастап, бірнеше кітап жазуға болар еді-ау. Уақыт тапшылық етті ме, өмір легі солай болды ма, әлде қазақы құнтсыздық бөгет етті ме, әлде жалқаулық кесір жасады ма, білмедім? Бүгін ойласам, кешірілмейтін кінә, дұрысы күнә. Кешірілмес күнә.

– Сен енді үйіңе қайта бер. Жақсы отырдық. Ертең демаламын. Мен үшін алаңдама. Жұмысқа бармай-ақ қой. Үйде жазуыңды жаза бер, – деді.

– Мұқаң туралы баяндамаңыз керемет болды, Олжас Омарұлы.

– Бір тілекті ойды айта алмадым. Айтуым керек еді, деп мүдірді. Пенде уақыттың құлы... Ал нағыз адам, құл болмауы керек. Біздің қоғамдық құрылым біздің құл болуымызды қалайды.

Сәл үнсіз отырып барып қайта темекі тартты.

– Әдебиет тарихында автордың аты емес, ол жазған кітаптың аты қалуға тиіс. Ақиқат сонда жатыр, бауырым.

«Война и мир», «Гамлет», «Мадам Бовари», «Қарасөз», «Абай жолы»... «Жүз жылдық жалғыздық», «Старик и море»...

Мен үйге келген соң, Олжекең атаған ұлы кітаптардың аттарын жалғастырдым.

«Илиада», «Махабхарата», «Бесы», «Шум и ярость», «Великий Гэтсби», «Қыш кітап»...

Бұл ұзақ тізім еді...

 

* * *

КСРО Жазушылар одағының кезекті бір пленумында Мәскеудегі атақты әде­биетшілер үйінің үлкен ресторан­да­ғы ортадағы столда Олжас Сүлейменов,  Тәжікстан Жазушылар одағының бірін­ші хатшысы Мумин Каноат, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов және мен отырған­быз.

Пленум енді ғана біткен, тамақ ішуге келген адамдар шірет тосып қа­лып еді. Сол шіретте тәжіктің атақты ақыны, Мұхтар Әуезовтің досы Мирзо Турсынзаде, қырғыздың ақсақалы Аалы Тоқамбаев, елге әйгілі Расул Ғамзатов пен Қайсын Кулиев бар еді.

– Мирзо Муалим шіретте тұрып қа­лыпты. Орын босатайық, деді Олжас. Бәріміз орнымыздан тұрдық. Олжас тәжіктің ақсақалына басын изеп амандасты да:

– Муалим, жүріңіз, біздің орнымызға отырыңыз, – деді.

– Бекер әуре болдыңдар ғой, – деді.

Қашанда қалжың айтатын Расул Ғамзатов:

– Олжас, ішетін дүниені атап па едіңдер?.. – деді орындыққа отырып жатып.

– Екі бөтелке коньяк айтқанбыз.

– Көргенді жастарды дайындаған екенбіз, – деді Расул Мирза Турсын-задеға қарап: – Сендерге үшеуін қалдырамыз, Олжас.

Біздің ақсақалдарға орын бергенімізді көрген орыстың атақты ақыны Евгений Евтушенко қатты дауыстады:

– Азия, ақсақалдарына орын беріп жатыр. Орыс шалдары шіретте тұр. Ал көсемсіген біз отырмыз. Шығыс – көне халық. Көне мәдениет, ілгері салт-дәстүр... Құр арақ ішкенше, мыналардан үй­рену керек қой, – деді де стаканына тол­тыра арақ құйып, аузына төңкере салды.

Біз рестораннан шыға бергенде, со­ңымызға Грузия Жазушылар одағының бірінші хатшысы Нодар Думбадзе ілес­кен.

Евгений Евтушенко бізге қолын көтеріп:

– Прощай Азия! деп дауыстады.

Сонда Нодар Думбадзе ойланбастан, артына да бұрылмастан:

– Прощай не мытая Россия! деп рес­тораннан шыға берді.

Ресторандағы халық ду күлді.

 

* * *

ХХ ғасырдағы қазақ жырының арғы­мағы – Олжас Сүлейменов.

«Қыш кітап» әлемнің ең үздік дастан­дарының қатарына жатады.

«Аз и Я», «Жазбалар тілі» ғасырлар ақиқатын арқалаған алып кітаптар.

Олжас Сүлейменов – адамзат бала­сының ой-толғамындағы теңдесі жоқ құбылыс.

Олжас Сүлейменов – менің өмірдегі де, өнердегі де ұстазым!

Олжас Сүлейменов – өмірін де, өнерін де, өзгені де сатпаған қазақ.

Олжас Сүлейменов – жан баласы­ның алдында бас имеген қазақ. Жалын­ба­ды. Жалбарынбады. Тура сөйледі. Тура тіршілік жасады. Сабырлы, салмақты, от жүректі тұлға боп өмір сүрді.

Оның адами, әдеби мектебі Дешті-қыпшақ даласында жоғалмасын!

Түркі әлемі үшін, үзілуге еш хақысы жоқ, түркі руханиятына жол салған асқақ ақынның өмірі ұзақ болуын тілеймін.

Қазақтың өз-өзін іздеген рухани сапары да таусылмасын!

Дешті-қыпшақтың жанартаулары қазақтың қанын ойнатсын, жанын өркендетсін, намысын көтерсін, рухын аспандатсын.

Жанартауларымыз жанып тұрсын!

Жанып тұрған жанартауларымызды Қазақ елі көруге, тануға, ұғуға, бағалауға жандарын салсын!

Дара болсаң, Олжастай бол!

Дана болсаң, Олжастай бол!

 

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ 

Соңғы жаңалықтар