Қазақ поэзиясына көк түріктер сарынын қайта әкеліп, дүбірлі өзгеріс жасаған классик ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек реформатор ақын еді.
Темірхан Медетбектің шығармашылығын «Көк түріктер сарынына» дейін және кейін деп екіге бөлуге болады. Тұтас Тұран тұлға тұтқан көк түріктер дүбірін бастамай тұрып, оған дейінгі өзгеше қолтаңбасы да тегеурінді еді.
Поэзия әлемінде екі өріс ашқан, екеуі де өзгеше әлемге айналған ақмаңдай ақын тек Темірхан Медетбек қана!
Ал Күлтегіннің күмбірін, Тоныкөктің толғауын жаңғыртқан көк түріктер сарыны Темірханның түрі ғана емес, жыры да «егеулі найза қолға алған» ер Махамбетке келетінін дәлелдей түсті.
Темірхан жаңа заманның Махамбеті еді.
Темірхан Медетбектердің толқыны – соғыстан соң туған Жұматай, Кеңшілік, Жарасқан, Жәркен бастаған ақындар – өлеңде өздерінің өзгеше өрістерін ашқан дарындар. Бұлардың алдарында Қасым, Сырбай, Әбділда, Ізтай, Қуандықтардан кейін жарқырап шыққан алпысыншы жылдардағы алтын дәуірдің ақындары Мұқағали, Төлеген, Қадыр, Тұманбай, Жұмекен, Сағилар тұрды.
Темірхандардың толқынына алдарында асқақтап тұрған осы дарабоз ақындардан даралану оңай болған жоқ.
Темірхан Медетбекті ел ең алдымен ақиқаттың алдаспаны, шындық жыршысы деп біледі. Өйткені Темкең жалған айтқан емес. Биліктің шотын шапқан емес. Қандай да бір қоғамдық-саяси оқиғаларда тек шындықты айтты. Халықтың сөзін сөйледі. Әділетсіздіктерді ашық айыптады. Әр сөзінің қарымы атқан оқтай, жалыны жаққан оттай, арыны шапқан аттай терең де, кемел жырларымен ақиқаттың айбарын айшықтап, дәуір бейнесін бедерлей білді.
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан күні сыртта жүріп, бара алмай, телефон арқылы сөйлесіп едік. Өзіне арнап жазған мақаламды оқып, қатты риза болғанын айтып, қуанып қалған еді. Үнемі хабарласып, қамқор болып жүретін еді. Елу жасымды ел тойлағанда Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Көпен Әмірбектермен бірге шалғайдағы Шардараға арнайы ат басын тіреп барды. Қызылдың құмындағы «Қызылқұм» ауылындағы қарашаңырағымызда да болып, елдің құрметіне бөленіп, батасын берді.
Әдебиетте артынан ерген бүкіл талантты жастарға қамқор болды. Таланттарды тамыршыдай тап басады. Анау бір кезде әдебиетке тоқсаныншы жылдары, қиын кезеңде келген тегеурінді толқынға «Алтынкөпірліктер» деп ат қойып, айдар тағып, бір топ ақынның шығармашылығын зерттеп, ақ батасын бергені белгілі.
Оны көрген сайын ағамыздың алпыс жасын тойлағанымыз еске түседі. Елулерге дейін Маңғыстаудың маң даласында маңғаз басып жүрген Темірхан Алматыға кеш оралды.
2005 жылы Оңтүстікте руханиятқа жанашыр қайраткер Ислам Әбіш бастаған азаматтардың ниетімен киелі Түркістанда Темірхан Медетбектің алпыс жасы дүрілдеп өтті. Алматы мен Астанадан бір топ әйгілі қаламгер бір вагон болып келді. Бұл мерейтой жігіт кезінде елден аттанып кеткен Темірхан ақынның Түркістанға түркі әлемінің тарлан ақыны болып оралған тойы болды.
Қазақтың алдаспан ақыны қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.
Темірхан туралы нағыз сөз енді айтылады.
Темірхан дәуірі басталады.
Ақынын ардақтаған Алаш жұртына отбасы-әулетіне көңіл айтамыз.
Пейіште рухы шалқи бергей!
Қазыбек ИСА,
ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты