• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 09:13

Намыс наркескені

20 рет
көрсетілді

Кеше найзағайдай намысты жыр­ларымен оқырман көкірегіне от жаққан шайырын қазақ жұрты жер бесікке арулап қойды. Алатау ғана ма күңіренген? Алматы аңыраса, Түркістан қабырғасынан қаусағандай, Атырау мен Алтай арасы қайғырып, Арқа мен Жетісу жұрты аза тұтып, ақынын жоқтап қалды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Темірхан Медетбектің дүниеден өткені ұлт руханиятының орны толмас қазасына айналды. 

Темірхан ақын туралы тебі­рен­бей сөйлемеу мүм­кін емес. Есімі аталса, көк түріктер сарыны бірге оянады. Аттан түсіп қал­ғандай қазақ баласына күн түбінен көк түріктер рухын ала келген шайыр тәуелсіздік таңы атқанын ұлт поэзиясында тегеу­рінді жыр­­лары арқылы танытты. Сөз танығандар Тоныкөк пен Темір­хан егіз деп жазды. Ақын тәуелсіздік жылдарының басында «Көк түріктер сарыны» жырларын тудырғанға дейін де қазақ өлеңінің шоқтығы биік өкілі ретінде бағаланды. Өлең өлкесіне оқшау біткен жартас­тай ордалы рух көтеріп кірген оғлан «Жұмыс киімін» жамылып, «Ұста дүкенінде» көрікте балқыған темірді төс үстінде найзағайдай аунақшытып, қалай болсын солай игені жыр­сүйер қауым жадында. «Жа­нымның жапырақтары» атты алғашқы жинағынан бастап өле-өлгенше қазақ рухына қыз­мет еткен рух жаршысы Халық жазушысына айналғаны тектен тек емес.

1945 жылы Түркістан облысында туған ақын Шерхан Мұртаза басшылық еткен тұста «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облы­сындағы тіл­шісі қызметін атқарып, намысқа суарылған жырлары арқылы ұлттық рухтың алауын жақты. «Са­пар алдында», «Алыс ша­­қырымдар», «Мәртебе», «Әуе­дегі толқын­дар», «Да­уыс», «Көгершін қауыр­сын­дары», «Аңқа кептір­ген аңызақ», «Сырым бар са­ған айтатын», «Тағдырлы жыл­дар жырлары», «Көк тү­ріктер сарыны», ІІІ томдық «Таңдамалы жыр жинағы» секілді жыр жи­нақтарының, «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сыр­лы әлем бұл» атты сын кі­тап­тары, «Толғауы тоқсан дүние» атты публицистика­лық ой-толғаулар мен эсселер кітабының авторы қазақ хал­қымен мәңгі жасай берері сөзсіз.

 

«Egemen Qazaqstan» қаламгерлері