Премьер-министр Олжас Бектенов химия және металлургия салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға бағытталған ірі өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экспортқа бағдарланған өндірісті қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 млрд доллар және 8,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашатын 5 ірі бастаманың жүзеге асырылып жатқанын баяндады.
Абай облысында қуаттылығы 300 мың тонна катодты мыс балқыту зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестицияның жалпы көлемі 1,5 млрд долларға жетеді. Зауыт жұмыс істеп тұрған Бозшакөл, Ақтоғай және Шығыстүстімет кен орындарынан концентраттарды өңдеуге арналған. Бір мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізіліп, инфрақұрылымға қосылу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Қарағанды облысында «Qarmet» АҚ өндіріс көлемін арттыра отырып машина және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін өнімнің жаңа түрлерін шығару арқылы ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. Инвестиция көлемі 3,5 млрд долларды құрайды. 2028 жылға дейін жыл сайын 9 млн тоннаға дейін көмір өндіруді, 5 млн тоннаға дейін темір кені концентраты мен болат өндіруді қамтамасыз ету жоспарлануда. Екі мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы өндірістік қызмет толық қалпына келтірілді, жабдықтарды күрделі жөндеу аяқталды, сегіз шахтаның 7-еуінде көмір өндіру жұмыстары жүргізілуде, бұл өндіру көлемін 7%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Қостанай облысында «ССКӨБ» АҚ базасында қуаты жылына 2 млн тонна, құрамында 90%-дан астам темір бар ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Кәсіпорын металлургияда экологиялық таза технологияларды енгізу үшін тірек нысанына айналады. Қазіргі таңда халықаралық қаржы институттарының қатысуымен газ жеткізу, инфрақұрылымға қосылу және қаржыландыру көздері мәселелері пысықталуда. Инвестициялардың жалпы көлемі 1,2 млрд долларды құрайды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бір мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Батыс Қазақстан облысында «Сатимола» кен орны базасында калий хлоридін шығару бойынша байыту-өндірістік кешен салу жобасы іске асырылуда.
Кәсіпорын қуатын жылына калий хлоридін 12 млн тоннаға дейін біртіндеп арттыра отырып, төрт кезең бойынша іске қосылады деп жоспарланған. Қазірде бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр, жер телімдері алынды, тау жыныстарын мұздату үдерістері іске қосылды, сыртқы инфрақұрылым қалыптасуда. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд доллардан асады.
Сондай-ақ Премьер-министрге Маңғыстау облысындағы «KazAzot Prime» ЖШС аммиак-карбамид кешенінің құрылысы туралы баяндалды. Жоба ішкі нарықтың минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын қамтамасыз етеді. Іске асыру нәтижесінде 700 жұмыс орны ашылады. Іске қосу 2029 жылы күтілуде. Инвестиция көлемі шамамен 1,5 млрд доллар.
Кеңес барысында заманауи өнеркәсіптік кластерлерді қалыптастыруға кешенді көзқарастың қажеттілігі атап өтілді.
«Осы секторлардағы жаңа жобалар қосылған құны жоғары өнім шығаруға, заманауи технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті кластерлерді қалыптастыруға бағытталған индустриялық өсудің берік тұғырына айналуға тиіс. Олардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындары, сервистік компаниялар, логистикалық орталықтар және заманауи инфрақұрылым белсенді түрде дамуы керек. Біз мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға, барлық өңірдің экономикасын жандандыруға мүмкіндік беретін қуатты мультипликативтік әсерге сенеміз», деді О.Бектенов.