• RUB:
    6.35
  • USD:
    514.5
  • EUR:
    582.67
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Кеше

Әке ерлігіне тағзым

30 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста еліміздің миллиондаған азаматы опат болды. Уақыт өткен сайын со­ғыс­тың алапат отын кешкендердің атын жаңғыртып, ерліктерін еске алып, құрмет көрсету – парыз. Бұл со­ғыс біздің отбасын да айналып өтпеді. Ел азаматтарымен қатар әкеміз де майданға ат­­танды. Әкем Серікбай Мерзадинов 1922 жылы бұрынғы Қызылқұм (қазіргі Шардара) ауданындағы Амантүбек ауылында дүниеге келген. Ол 19 жасында Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты қазіргі Тараз қаласынан 60 ша­қырымдай жерде орналасқан Ақшолақта алғаш­қы әскери даярлықтан өтіп, өзге азаматтармен бірге тікелей Сталинградқа аттанады.

Әкеміздің замандасы, Журналистер одағының мүшесі Мұхтар Айдарбековтің бір естелігінде: «Мен Серікбай ағамызбен 1933 жылдан бастап, 1940 жылға дейін ауылда 7 жылдай бір мектепте, бір сыныпта, бір партада отырып оқыдық. Ол әсіресе математика сабағына жүйрік озат оқушы, қоғамдық ұйымдарға белсене қатысатын, тирде мылтық атудан өте мерген болатын. Енді жұмыс істей бастаған шағында соғыс басталды да, 1941 жылы желтоқсанда біздің «Ленин жолы» ұжымшарынан 11 жігіт, аудан бойынша 76 азамат Отанды қорғауға аттанды», деп баяндайды.

Соғысты өз көзімен көріп, от кешкен майдангерге көркем фильмдердегі оқиғаларды көру өте қиын. Содан болар, әкем соғыстағы оқиғаларды еске алып, көп сөз қозғай бермейтін. Соғыс туралы киноларды қа­рамауға тырысатын, ауыр күрсініп, сыртқа шығып кете­тін. Әкемнің бала-шағасына сондай зұлматты айтып, жүректеріне жара салғысы келмегенін кейіннен түсіндік.

Жыл сайын 9 мамырда бала-шағамызбен қара­ша­ңыраққа жиналып, әкемізді құттықтап, басқосу өткізетінбіз. Бұл қалыптасқан отбасылық дәстүріміз еді. Сондай кездесуде ол көңіл күйімізге қарап, бас­қо­су­дың нышаны ретінде майдан тақырыбын еске алу қиын болса да, оқтын-оқтын соғыстағы естеліктерді әңгі­мелейтін.

Бірде ауылдан Алматыға бара жатқанымызда әкем жолдан бұрылып, әскери өмірінің мектебі болған жерге тоқтауымды сұрады. Көлікті солай қарай бұрдым. Сол са­парда ол алғашқы әскери даярлықтан өткен сәт­те­рін, одан майдандағы сұрапыл соғысты еске түсіріп еді.

«Алғашында біз атты әскер полкінде дайындалдық. Кейін бәрімізді түгел қару-жарақ ісіне бейімдей бас­тады. Бізге «Соғыс құралы» аталатын әртүрлі ка­либрлі зеңбірек, зенит, миномет, пулемет сияқты қару­ларды қолдануды үйретті. Даярлық біткен соң мені механикалық атқыштар полкінің барлаушы зең­­бірекшілер-батареясының командирлігіне тағайын­дады. Содан біз Сталинград шайқасында қазақ­стан­дық 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамы­на қосылып, бірден соғыс алаңына кіріп кеттік. Сталинград түбіндегі соғыс өте ауыр және сұра­пыл болды. Таңертең келіп түскен бір эшелон адам­ның көпшілігі алғы шептен оралмайтын. Күні бойы тоқтаусыз оңды-солды бораған оқтан есеңгіреген жауын­гердің елесі мен жер құшқан қыршын жастың қанға оран­ған сүйектерінен жер басып жүре алмайтынбыз».

Сол жантүршігерлік сұрапыл күндерді еске алу, ол туралы айтып беру барлық майдангер үшін ауыр еді. Бірақ біздің соғыс туралы білгіміз, сұрағымыз келетінін көзімізден танып, жанға батса да біршама баяндайтын. Дегенмен сол естеліктер – бүгінде әкелеріміздің ерлігін көрсететін шынайы тарихи оқиғалар. Осындай естеліктер әрбір шаңырақта айтылуы керек деп санаймыз.

Сталинград, Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер ерлік көрсетті. Балтық теңізі бойындағы республикаларды, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропа елдерін азат етуге, Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақ жауынгерлерінің қатысқаны тарихтан белгілі. Әкем де фашистік Германиядан қаншама елді азат етуге қатысқан. Омырауына жиырмадан аса награда ілген. Олардың ішінде Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Даңқ» ордендері, «Ерлігі үшін», «Сталинград қорғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары және т.б. бар.

Әкемнің әскери шекпені мен әскери құтысы – бүгінгі ұрпағымыз үшін атадан қалған баға жетпес жәдігер. Аталарының ерлігін есінде мәңгі сақтасын деп үйімнің төрінен әке ерлігіне арналған естелік бұрышын жасадық. Оған соғыстағы ерлігі үшін алған құжаттарын, ескірген суреттерін, жауынгерлік ерліктері үшін командирден алған алғыс хаттарын, марапаттардың куәліктерін қойдық. Мына сурет – сол жәдігерлердің бірі.

Әкем 1947 жылы елге аман-есен оралып, өзі туып өскен өңірдің тұрмыс-тіршілігін бейбіт өмірге қайта бейімдеу, ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге белсене араласты. Соғыс жылдары тұралап қалған шаруа­шылықты қалпына келтіруге қосқан еңбегі елге аян. Сол кездегі Мырзашөл өңірінде жаңадан құрыл­ған­дардың ішінде әкем іргетасын қалаған бұрынғы Киев (қазіргі Мақтаарал) ауданына қарасты Киров атын­дағы Жүзім кеңшары да болды. Кеңшардың құры­луы­нан бастап, оның жекеленуіне дейінгі аралықта 58 жылдай партия және жұмысшылар комитетінің хат­шысы, кеңшар директорының орынбасары, тағы басқа басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Сол кез­дегі жоспарланған игі бастамаларының алдыңғы шебін­де болып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қос­қан алдыңғы қатарлы кеңшар ретінде КСРО-ның Құрмет дипломдарымен бірнеше мәрте марапатталды. Әсіресе әкемнің басшылығымен Шардара өңіріне егілген сексеуілдердің жайқалып өскенін көзімізбен көр­дік, мақтан тұттық. Өкініштісі, сол сексеуіл орма­ны­ның бей­біт заманда өртке шалдығып, отқа кеткені қынжылтады.

Отбасымыз туралы айтар болсақ, әкеміз Палзина Абса­лиевамен шаңырақ көтеріп, отау құрып, бес баланы тәр­биелеп жеткізді. Әпкем Күлімше дәрігерлікті бітіріп, талай жыл медицина саласында еңбек етіп, Алма­ты­дағы наркологиялық диспансердің жетекшісі болған, өз ісі­нің құрметті қызметкері, шебері еді. Үлкен ағам Стал­бек 40 жылдан аса хирург болып еңбек етті. Жанас­бек ағам Алматыда кәсіпкер. Одан кейінгі мен еліміз­дің құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, зейнет жасына шықсам да Қаржылық мони­торинг академиясында жұмыс істеп жүрмін. Ауыл­­дағ­ы қарашаңырақ – ата-анамыздың кенжесі Бердіғалидің еншісінде.

Соғыста талай ұлттармен иық тіресіп, жауды бірлесе жеңген әкеміз көзі тірісінде ағайын-туыс, дос-жаран, жалпы жұртшылыққа ерекше қайырымдылықпен қарайтын ел ақсақалы ретінде құрмет, беделге ие болды. Ол 2000 жылы Жеңістің 55 жылдық мерейлі тойына қатысып, сол мамыр айының аяғында дүниеден өтті. 2001 жылдан бері әкеміздің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында елде өткізетін іс-шаралар шеңберінде футболдан республикалық жарыс ұйымдастырамыз. Бұл – әулетіміздің дәстүрі. Бүгінде ауылымыздағы бір көше және стадион орналасқан жеміс саябағы – Серікбай Мерзадинов атында. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Бейбіт күнге жеткізген осы аяулы ата-анамыздан тараған үлкен әулет оларды мәңгі есінде сақтайды әрі әкеміздің ерлігін мақтанышпен еске алады.

Жеңістің 80 жылдығы – ерлікті дәріптеу, бірлікті нығайту, бейбітшіліктің қадірін түсіну мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін мәні өте зор тағылым.

 

Ерғали МЕРЗАДИНОВ,

әділет генерал-лейтенанты, заң ғылымдарының кандидаты