Фашизмге қарсы соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек аталарымызды еске алып, өнегесін жас ұрпаққа түсіндіру, насихаттау бүгінгі еңбек ардагерлерінің, аға буынның міндеті деп есептеймін. Өйткені соғыстан кейін туған біз әкелеріміздің анда-санда ғана айтатын әңгімелерін естіп өстік. Ақын Жарасқан Әбдіраш «Соғыс көрген әкелерден жаралып, соғыс көрген аналарды емгенбіз» деп жазғандай, мен де ардақты әкем туралы естелік жазуды жөн көрдім.
Әкеміз Шәпен (Шарафидден) Ауғанов 1906 жылы Омбы облысы Шарбақкөл ауданы Дүйсенбай ауылында дүниеге келіпті. 1942 жылы сол кездегі Көкшетау обылысы, Қызылту ауданына қарайтын Ұялы ауылынан соғысқа аттанған. Жаратқанның сәтін салуымен 1946 жылы майданнан оралып, соғыста күйзелген шаруашылықты қалпына келтіруге белсене қатысты. Үлкен қызметі болмаса да сол кезде экспедитор, құрылыс, шөпшілер бригадасының бригадирі, қарапайым жұмысшы ретінде Ұялы ұжымшарын, кейін ХХІІ партсъезд атындағы кеңшардың шаруашылығын дамытуға атсалысып, аянбай еңбек етті.
Жеңістің 20 жылдығына жете алмай, 1965 жылы 59 жасында дүниеден өтті. Өмір жасы қысқа болса да бүкіл ғұмырын адал еңбекпен өткеріп, қиын кездің өзінде дінді қастерлей біліп, бес уақыт намазын қаза жібермеді. Абзал әкенің жақсы қасиеттері бізге, артындағы ұрпағына әрқашан үлгі-өнеге болып қала береді.
Жеңістің 80 жылдығына орай «Egemen Qazaqstan» газетінен майдан ардагерлері туралы жазылғандарды оқып, әкемнің ерліктері жиі ойыма түсе бастады. Өйткені қолымызда ол кісінің 1943 жылдан 1945 жыл аралығындағы соғыста көрсеткен қаһармандығын дәлелдейтін КСРО Қорғаныс халық комиссариаты берген анықтама бар. Осы сарғайған, 80 жылдан бері алтын қазынадай сақталып келе жатқан анықтама – әулетіміздің ең құнды жәдігері. Онда 163-атқыштар дивизиясының құрамында әскери борышын өтеген қызыләскер Шәпен Ауғановқа мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы И.В.Сталиннің Белград, Харьков, Ромна, Киев және басқа қалаларды жаудан азат етуге белсене қатысқаны үшін 17 рет алғыс жарияланғаны көрсетілген. Сондай-ақ Днепр өзенінен өтіп, Дунай өзеніндегі маңызды плацдармды ұстап қалуға қатысқаны үшін Воронеж майданының қолбасшысы генерал Ватуниннен, Кеңес одағының маршалы Толбухиннен алғыс алғаны осы анықтамада жазылған.
Әкемнің қонақ келгенде немесе жұмыстан қолы бос кезінде соғыстағы кейбір жағдайды айтқаны есімде. «Майданға келісімен байланысшы болдым, содан кейін соғыстың аяғына дейін барлаушы болдым» деп бастайтын әңгімесін. «Барлауға барғанда арамызда ұзын бойлы барлаушы жүретін. Сол азамат оққа ұшып, берген тапсырманы орындап келген соң, әлгі жолдастың денесін алып келуге қайтадан еңбектеп бардық. Не керек, біріміз сүйреп, біріміз итеріп отырып жауып тұрған оқтың астынан жолдасымыздың денесін алып шықтық», дей отырып, сондағы өздерінің жанкештілігіне қайран қалатын.
Тағы бірде айтқаны көп жыл өтсе де жадымда. Қалың орман. Қасында қазақ жолдасы бар, қарауылда тұрады. Түннің бір уағында сытыр-сытыр дыбыс естіледі. Сөйтсе жаудың барлаушылары екен. Бірақ қанша адам келе жатқанын болжай алмайды. Дыбыс әне-міне жақындады-ау деген кезде автоматпен ата бастайды. Жау жағынан да оқ борап, түнгі атыс басталады. Атыс көпке созылып, бір кезде тым-тырыс бола қалады. Таңертең болған жағдайды басшыларына айтады. Жау жағынан шығын аз болмаған секілді, өлгендерін жинап алып кетіпті. Осы ерлігі үшін әкем мемлекеттік марапатқа ұсынылып, Қызыл жұлдыз орденін алады.
Қан майданның бел ортасында жүрсе де, Алланың сақтауымен әкем соғыста ауыр жарақат алмапты. Бірақ оң жақ жауырында кішкентай ғана тесік болатын. Біздің бала кезіміз. Әкем жұмыстан келгенде көйлегін шешіп, «ал, сығыңдар!» дейтін. Әлгі жауырындағы кішкентай тесіктен бір-екі тамшы су шыққасын әкем тынышталатын. Тесікте соғыстан қалған снаряд жарықшағы бар екен.
Әкем әділ, кеңпейіл, қамқоршы болумен қатар өте еңбекқор еді. Басқа жақсылықтарын былай қойғанда, тың игеру жылдары Украинадан келген азаматтарға екі бөлмелі кішкентай үйінің бір бөлмесін берді. 1937 жылы ұсталып кеткен ағаларының балаларына қамқорлық жасап, оқытып-тоқытып, әрқайсысын үйлендіріп, отау қылып шығарды. Ауылдағы кемтар, жетім-жесірге де қол ұшын беріп көмектесіп отыратын. Әкеден ерте қалсақ та, оның көзі тірісінде берген тәрбиесін, адалдығы мен азаматтығын, еңбекқорлығын өнеге тұтып өстік. Қазір бауырларымыз әр салада қызмет етіп, зейнетке шықты. Біз майдангер әкеміздің ұрпағын ата өнегесіне сай тәрбиелеуге тырысып келеміз.
Әкеміздің үш ұл, екі қызынан тараған немере, жиен, шөберелері еліміздің әр саласында адал қызмет етіп жүр. Бірі шаруа қожалығын басқарса, енді бірі – заңгер, қаржыгер, құрылысшы, кәсіпкер, дәрігер, ұстаз. Ұрпағы аталарының сарғайған қағазда тайға таңба басылғандай жазылған жанкешті ерлік деректерін ұмытпайды.
Қайырбек ШӘПЕНОВ,
еңбек ардагері, Ақжар ауданының құрметті азаматы
Солтүстік Қазақстан облысы