• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ 06 Мамыр, 2025

Сынаққа сынбаған соғыс балалары

50 рет
көрсетілді

Адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыстағы Жеңісті атап өту – тарихи күнді еске алу ғана емес, бейбітшіліктің қадірін түсіну. Жылдар өткен сайын бұл сұрапыл соғыстың оқиғалары алыстап барады. Алайда сол дәуірде өмір сүрген адамдардың жадынан естеліктер ешқашан өшпейді.

Бұл соғыстың адам шығы­ны да, материалдық зардабы да орасан зор болды. Кеңес одағы 26 миллионнан аса адамынан айырылып, өзі­нің ұлттық табысының 30%-ын­ жоғалтты. ­18 мил­лионнан аса бей­біт тұрғын басқыншылардың қолынан, конц­лагерьлерде және­ мәж­бүрлі жұмыста қаза тапты. Біз фашизмге қарсы шай­қаста табандылық танытып, же­ңіске жеткендерді ешқашан ұмыт­пай­мыз. Олар өз елінің ғана емес, бүкіл адамзаттың жарқын болашағын қорғап қалды.

Бұл мақалада соғыс жылдары ту­ған адамдардың өміріне назар аударғым келеді. Өзім де соғыс кезінде дүниеге келгендіктен, сол уақыттың ауыртпалықтарын бас­тан өткердім. Біз сияқты ауыл­да тұрған буын пешпен жылыты­ла­тын үйде тұрдық, керосин шамын пайдаландық, байланыс құ­ралдарынсыз күн кештік. Соғыс­қа қатысқандармен қатар соғыс­ты бастан кешкен ұрпақ та «Ор­ле­нок» сияқты патриоттық әндерді тыңдап, батырлар ерлігін жырлап­ өстік. Кітап пен оқулық, нан мен май алу үшін ұзын-сонар ке­зекке тұру, ата-аналарына ша­руа­шылықта көмектесу – бәрі де сол ұрпақтың басынан өтті. Бұл қиыншылық оларды төзім­ді, еңбекқор әрі қайсар етіп тәрбиеледі.

Иә, еліміз бұл кезеңде ауыр сынға төтеп берді. Соғыстың ал­ғашқы күндерінен бастап өнер­кәсіптің конверсиясы бастал­ды.­ Ал ауыл шаруашылығы мен азық-түлік сол арқылы майдан­ның қуатты арсеналына айналды. Қазақ­стан тұрғындары госпитальдар мен жараланған сарбаздарды қам­қор­лыққа алып, көмек көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері майданды қажетті өнімдермен, азық-түлікпен қам­тамасыз ету үшін бар күш-қуа­тын, қайрат-жігерін жұмсады. Бұдан жұмыс істеп тұрған кәсіп­орын­дардың жұмысшылары да шет қалмады. Қолда бар өнді­ріс­тік кәсіпорындардың қуатын ас­қан жылдамдықпен арттырды. Экономиканың бұрын болмаған жаңа салаларының кәсіпорындары құрыла бастады. Қолда бар деректер бойынша осынау кезеңде елімізде 460 түрлі зауыт пен кәсіп­орын, оның ішінде басқа рес­пуб­ликалардың аумақтарынан эва­куа­цияланған 107 кәсіпорын салынды. Ғылым мен білім сала­лары бұрын-соңды болмаған қарқын­мен дамыды. 12 ғылыми-зерттеу инс­титуты, 4 жаңа жоғары оқу орны құрылды. Тиісінше, ғылыми қыз­меткерлер мен сту­дент­тер саны өсті.

Жеңістің 80 жылдығын бұрын­ғы Кеңес одағының халқы ғана емес, бүкіл әлем атап өтеді. Осы соғыста батырларымыз ұрпағы­ның ғана емес, бүкіл адамзаттың болашақ құқығын қорғады.

 

Ұзан ЫСҚАҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері