Бауыржан Иманғалиев нарыққа бет бұрған кезде тұрмыс тауқыметі бағытын басқа арнаға бұрған көштің соңынан ілескен жоқ. Бұл – білімнің бағы тайған, руханият сәулесінің көмескіленген шағы еді. Сананы тұрмыс билеп, жұрттың көбі күнкөрістің қамымен кетті. Дегенмен Бауыржан алға қойған мақсатынан айнымай, ғылым жолына нық қадам басты.
Ғұламалардың ізі қалған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білім алып, еңбек жолын бастады. Т.Кәкішев, С.Ордалиев, А.Қыраубаева, Ә.Бисебаев, Ж.Дәдебаев, Қ.Алпысбаев, т.б. өз ұстаздарымен қанаттаса жүріп, ғылымға қадам басты. Академик З.Қабдоловқа шәкірт болды. Ұлы ұстаздың бекзат болмысынан үлгі алды. Зерек шәкіртінің қабілетін байқаған ұстаз оған қазақтың біртуар перзенті Темірбек Жүргеновтің мұрасын зерттеуді ұсынды. Міне, тақырыбын бекіткен сол күннен бері Бауыржан Жүргеновті жан-тәнімен зерттеп келеді. Ізденісінің нәтижесінде «Темірбек Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы» атты тақырыпта диссертация қорғады.
Ол – ғылыми дәрежеге ие болғаннан кейін қаламы суып қалғандардың қатарынан емес. Қай қызметте жүрсе де өз тақырыбымен бірге өмір сүріп, бірге тыныстап келеді. Үнемі ізденіс үстінде. Сирек қолжазбалар мен мұрағат құжаттарындағы құнды деректерді жүйелеп, талмай ізденді. «Темір Нарком» атанған тұлғаға қатысты тарих қатпарында жатқан деректерді іздеп Тәжікстан, Ресей, Өзбекстанның мұрағаттарында да көз майын тауысып отырғаны бар. Бұл іссапарларынан олжалы оралып, бұрын-соңды көпшілікке беймәлім болып келген деректерді, сирек фотосуреттерді ғылыми айналымға түсірді. Осы бір жанкештілікпен жасаған еңбегі зая кетпей, ұлт кәдесіне жарады.
Бауыржан Сәбитұлының бұл саладағы зерттеулерінің басты ерекшелігі – Т.Жүргеновтің ұлттық идеологияны қалыптастырудағы орасан зор үлесін оның саяси-қайраткерлік қызметімен біртұтас, өзара сабақтастықта қарастыруында. Оның жазу стилі де ерекше, айтар ойын ғылыми терминдермен тұмшалап тастамайды, кез келген оқырманға түсінікті. Жүргеновтің ұлттық өнерді дамытуға қосқан еңбегін нақты деректермен айшықтай көрсеткен зерттеушінің ізденістері тарих түкпірінен жарық іздеген ізденушілерге бағдар болды. Ұлы тұлғаның қазақ халқының дәстүрлі музыкалық мұраларын насихаттаудағы еңбегін, осы саладағы қабылдаған шешімдерін сол уақыттың тынысымен таразылаған Бауыржанның пайым-түйіндері Жүргеновтің ұлттық кадрлар қалыптастырудағы саяси рөлін айқындай түседі.
Халық оқу-ағарту комиссарының театр және кино өнерін дамытудағы рөлі де Бауыржан Сәбитұлының зерттеулерінде көрініс тапты. Зерттеуші Т.Жүргеновтің Қазақ академиялық драма театрының қалыптасуына ықпал етіп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин сынды ұлы қаламгерлер шығармаларының сахналануына жол ашқанына да ерекше назар аударған. Темірбек Жүргеновтің 1934 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің алғашқы онкүндігінде қазақ өнерін үлкен сахнаға алып шығуы да – тұтас ұлттық кодтың жаңғыртқан саяси стратегиялық қадам болғаны да оның еңбектерінде тиянақты зерделенген.
Бауыржан Темірбек Жүргеновтің 7 кітабын, көптеген еңбегін тауып, ғылыми айналымға қосты. Ұлттың біртуар перзенті туралы түсірілген 2 деректі фильмге кеңесші болып, бағдар берді.
Қазақ руханиятында өшпес із қалдырған, мәдени-ағартушылық майданның темірқазығы болған нар тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында «Нарком Темірбек Жүргенов» атты жинағы жарыққа шықты. Берері көп бұл еңбекте Темірбек Жүргеновтің ұлт болашағын бағдарлап жазған ғылыми-публицистикалық мақалалары мен очерктері, әр жылдардағы еңбектерінен үзінділер берілген. Ғалым әр мақаланың қоғамдық-саяси өмірдегі маңызына мән беріп, тың тұжырым жасады. Ұлт мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлес қосқан Т.Жүргенов туралы деректерді де ықтиярмен жинап, саралады. Осылайша, жүргеновтану ғылымының негізін қалаған алғашқы ғалымдардың біріне айналды.
Бауыржан Сәбитұлы еліміздің қоғамдық-әлеуметтік дамуына да зор үлес қосып келеді. Бір ерекшелігі, ол қай жерде еңбек етсе де, қандай қызметте жүрсе де ғылымнан, өз тақырыбынан, ғылымға адалдығынан, жүрегіне жақын тақырыбынан айныған жоқ. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы, Бостандық ауданы әкімінің аппарат басшысы қызметтерін атқарып жүрген шағында да, оған Темірбек Жүргеновтің тұғырлы ойлары темірқазық болды. Кейін Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі-баспасөз хатшысы ретінде абырой биігінен түскен жоқ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде баспасөз орталығының директоры, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, Ауыл шаруашылығы министрлігінде бас сарапшы қызметтерін атқарған шағында да өзі зерттеген ұлт зиялыларының рухани аманатына адалдығынан айнымады. Кейінгі жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде доцент, «Өрлеу» педагогтердің біліктілігін арттыру институтында кафедра меңгерушісі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында департамент директоры қызметін де абыроймен атқарды.
Ол қандай ортада, қызметтің қай саласында жүрсе де Т.Жүргеновтің мұрасын ел жадында жаңғыртуды өмірлік мұратына айналдырды. «Жүргеновтану» пәнінің бағдарламасын, оқу-әдістемелік кешенін жасап, жоғары оқу орындарында оқытылуына мұрындық болды. Баспасаөз беттерінде жарияланатын ғылыми-публицистикалық мақалалары да оқырманға ой салатын тағылымды туындылар. Темірбектей текті тұлғаға қатысты қай іс-шараның да ұйымдастырушысы ретінде Бауыржан Сәбитұлының жүруі – оның ұлт тарихына деген шынайы жанашырлығын айқын аңғартса керек.
Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиевтің өмірі – саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған, әр шәкіртінің жүрегінде із қалдырған шынайы ұстаздықтың үлгісі. Қазіргі таңда өзі түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары қызметін атқарады. Өзі де ұстаздар отбасында тәрбиеленіп, қасиетті Сыр топырағынан рухани нәр алған Бауыржан Иманғалиевтің әр сабағын студенттер қауымы асыға күтеді.
Бауыржан Иманғалиев – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Үздік ұстаз» конкурсының жеңімпазы. Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. Бұл – ғалымның, азаматтың көп жыл көз майын тауысқан қажырлы еңбегіне берілген лайықты марапат. Қоғам белсендісі ретінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары қауымдастығының Алматы қаласы бойынша төрағасы болып сайланды.
Тәжірибелі ұстаз, белгілі ғалым, жалынды жастық шақтың қызығын бірге кешкен әріптес дос Бауыржан Иманғалиев туралы жүрекжарды сөзді осылай сабақтадық. Өмірлік ұстанымымен аға буынның аманатын жеткізіп, жас ұрпаққа жан азығын беріп келе жатқан жаны жайсаң азаматқа ұлт руханияты, ұрпақ тәрбиесі жолында атқарар істерің баянды болсын дейміз.
Самал ДӘРІБАЙҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты