• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп 29 Сәуір, 2025

Сот төрелігі академиясының іргелі бағыттары

100 рет
көрсетілді

Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы 2016 жылы Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі институтының базасында құрылды. Мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінген институт негізіндегі академия оқыту мен сот тәжірибесінің өзара байланысын күшейту мақсатында жүзеге асырылған еді. Сот жүйесін әрі қарай реформалау үдерісі аясында 2024 жылдың 15 шілде­сінен бастап Сот төрелігі академиясы Жоғарғы соттан Жоғары сот кеңесінің қарамағына берілді.

Осы кезеңнен бастап Жоғары сот кеңесі Сот төрелігі академиясының қызметін жетілдіруге ерекше назар ауда­ра бастады. Бүгінде сот білімінің сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында жаңа басымдықтарды әзірлеу және енгізу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл бастамалар академиядағы білім бағдарламалары мен курстарының жоғары білікті мамандарды даярлау қажеттігін толық ескере отырып, сот төрелігінің заманауи талаптарына сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Академияны одан әрі дамыту заңна­мадағы және сот практикасын­дағы өзгеріс­терге жедел ден қоя алатын неғұрлым икемді әрі заманауи бағдарланған білім  құрылымын қалыптастыруға бағытталуы керек. Бұл ретте сот жүйесінің кадрларын даярлау бағдарламалары еліміздің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып қана қоймай, халықаралық сот төрелігі стандарттарына да толық сәйкес келуі қажет.

Кеңес 2025 жылдың 11 ақпанын­да Сот төрелігі академиясын дамы­ту­дың 2025–2027 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасын бекітті. Бұл тұжырымдама Академияны дамы­тудың негізгі бағыттарын айқын­дайтын жаңа стратегиялық құжат ретінде оның қызметін жақсарту жөніндегі ұзақмерзімді жоспарлар мен шараларды қалыптастыру үшін негіз құрайды. Жаңа тұжырым­дама­ның мақсаты – білім, ғылы­ми, кадрлық әрі материалдық-техни­калық әлеуетті нығайту. Бұл сот төре­лігінің заманауи талаптары мен міндеттеріне сәйкес келетін жоға­ры білікті судья кадрларын тиімді даярлауға ықпал етеді. Аталған мақсатқа бірқатар стратегиялық міндетті іске асыру арқылы қол жеткізе аламыз: жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламаларын жетілдіру, қосымша білім жүйесін дамыту, академия қызметінің ғылыми құраушысын жандандыру, академияның кадр саясатында жаңа тәсілдерді іске асыру, академияның материалдық-техникалық инфрақұ­рылымын жақсарту, оң имидж қалыптастыру.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламаларын одан әрі жетілдіру судьялардың кәсіби даяр­лығын жақсарту, сот төрелігін жүзеге асырудың жоғары сапасын қам­тамасыз ету, сондай-ақ сот жүйе­сін шапшаң өзгеретін қоғамдық үдерістерге бейімдеу үшін қажет. Бұл бағыт аясында бейіндік магистратура бағдарламасының теориялық құрау­шысын күшейту, ғылыми-педаго­гикалық бағыттағы магистрату­раны ашу, сот төрелігін іске асыру мә­селелері бо­йынша өзекті оқу пәндерін әзірлеу, Жоғарғы сот, жергілікті және басқа да соттардың судьяларын сабақ өткізуге тарту практикасын жалғас­тыру қарастырылған. Сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің екі сатылы моделін толыққанды іске асыру мақсатында PhD және бейінді докторантураны жуық арада ашу да жоспарланған.

Бүгінгі таңда судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курс­тары соттардың заңна­масы мен құқық қолдану практика­сын­дағы өзгерістерге бейімделудің жоға­ры дәрежесіне ие болуға тиіс. Осыған байланысты қосымша білім жүйесін дамыту мақсатында сот­тар­дың мамандануы бойынша жалпы­ланған оқу бағдарламаларынан судья­лардың біліктілігін арттырудың жеке бағдарламаларына кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру қолға алынған. Сондай-ақ сот төрағаларының лауа­­зым­дарына тағайындалған, соттың маман­дануын ауыстырған судьяларды қайта даярлау курстарын өткізу практикасын жаңғырту көзделген.

Мәселен, биыл сәуір айында қыл­­мыстық соттардың судьяларын же­ке­лендірілген даярлаудың жаңа жобасы сәтті іске асырылды. Мұн­дай міндеттерді орындау оқыту бағдар­ламаларын әрбір судьяның біліміндегі «олқылықтарға» нақты бағдарлауға мүмкіндік береді, тиісінше судьялар мен сот жүйесі қыз­меткерлерін қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырудың сапалы деңгейін көрсетеді.

Кеңестің бастамасымен Сот төре­лігі академиясының тарихында алғаш рет референдиат арқылы судья лауазы­мына үміткерлердің теориялық даяр­лық деңгейін арттыру курстары енгі­­зіліп, қазіргі таңда екінші ағымына тың­дау­шы­лар­ды қабылдау басталды.

Академияның ғылыми қыз­ме­тін күшей­ту бағытында жұмыс­керлердің ғы­лыми ортадағы белсенділігі мен та­нымал­дылы­ғын арттыру, академия шығаратын «Сот төрелігі акаде­миясының хабаршысы» жур­на­­лының сұранысын күшейту жоспар­ланған. Сонымен қатар академия өткі­зетін халықаралық ғылыми іс-ша­р­а­лар­дың, оның ішінде сот-құқық­тық дайын­дықтың Түркі желісі шең­берінде өкілдігін кеңейту және басқа елдердегі судьяларды даярлаумен айналысатын оқыту мекемелерімен серіктестік құру қарастырылып отыр.

Академияның жетекші ғылыми орта­лық ретіндегі рөлін күшейту сот жүйесіне инновациялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге ықпал етеді. Алдағы уақытта жос­парланып отыр­ған іс-шаралар академияны жоғары деңгейдегі ғылыми кадр­лармен нығайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде академияны дамыту тұжы­рымдамасының ғылыми бағы­ты алғашқы нәтижесін көрсетіп отыр. Сәуірде академия ғылыми қыз­мет субъектісі ретінде аккредиттеу рә­сімінен сәтті өтті. Аккредиттеу куәлігін алу – академияның ғылыми және білім әлеуетін дамытудағы маңызды жетіс­тіктердің бірі.

Сондай-ақ академияның материал­дық-техникалық базасын жақсарту – маңызды әрі шұғыл қажеттілік. Өйткені академия­ның сапалы білім мен ғылыми дамуы заманауи жаб­дықтардың, технологиялардың және инфрақұрылымның болуына ті­келей байланысты. Тиімді мате­риал­дық-техникалық базаны құру және қолдау сот кадрларын даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, ғылы­ми жұмысты дамытуға сот білімінде инновацияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Оқу үдерісін толығымен цифрландыру, криминалистикалық поли­го­нын құру, компьютерлік және өзге де офистік техника паркін жаңарту сияқты ауқымды іс-шаралар оқыту сапасын арттыруға, ғылыми іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, ака­демияның жоғары тех­но­логиялық хаб ретіндегі имид­жін арттыруға ықпал етеді. Мұн­дағы мақсат – академияның негізгі құндылықтарын, жетістіктері мен бірегей ерекшеліктерін көрсететін оқу орнының оң әрі кәсіби имиджін қалыптастыру. Сот білімі саласындағы жетекші ғылыми және білім беру меке­месі ретінде академияға деген сенімді одан әрі күшейту қажет. Сонымен қатар академия халық­тың құқықтық сауатын арттыру және азаматтардың құқықтық-әлеу­­меттік белсенді мінез-құлқын қалып­­тастыру ісіне өз үлесін қосады. Осылайша, тұжырымдама аясында қарас­тырылған іс-шаралардың орындалуы алдағы уақытта Сот төре­лігі акаде­миясының беделін көтеріп, заңна­мадағы және сот практи­касындағы өзгерістерге тез жауап бере алатын икемді әрі заманауи оқу орнына айналатынына кәміл сенемін.

 

Дмитрий МАЛАХОВ,

Жоғары сот кеңесінің төрағасы