Тәуелсіздік жылдары елімізде қоғамдық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасып, этностық негізде туындайтын келеңсіз жағдаяттардың дамуына жол бермеді. Бәрімізге белгілі, бұл жетістік мемлекетіміздің этносаралық қатынастар саласында көпұлттылыққа басымдық берген салмақты да байсалды саясат жүргізуінің нәтижесі еді.
Қазақстан халқы Ассамблеясын құру қоғамдық тұрақтылықты, бірлік пен келісімді нығайтуға, мемлекет құраушы қазақ ұлтының айналасына біріккен 120-дан аса этнос өкілдерінің мәдениетін сақтауға бағытталған саясатының көңілге қонымды жалғасы болды.
1995 жылы 1 мамырды «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылуы этносаралық келісімді сақтау басымдығына негізделген елдің стратегиялық даму бағытын растады. Бұдан әрі әзірленген Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң, Қазақстан халқының ұлттық бірлігі доктринасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереже оның заңдық ресімделуін және одан әрі серпінді дамуын қамтамасыз етті. Бұл құжаттар бостандық, теңдік пен келісім, қоғамның барлық мүшесін өзара құрметтеу және қолдау идеалдарына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығына, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасы мен нанымына байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол бермеуге негізделген этносаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын бекітті.
2007 жылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ҚХА-ға өз өкілдерінен 9 адамды Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліске депутат ретінде сайлау құқығы берілді. Осылайша, Ассамблея конституциялық мәртебеге ие болды. 2008 жылы оның материалдық базасын нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры құрылды.
Жалпыұлттық бірлік пен келісімнің маңыздылығы айрықша назарда тұратынын 2015 жылды Ассамблеяға 20 жыл толуына орай «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялау тағы бір растады. Мұндай шаралар халықты одан әрі біріктіріп, этносаралық қатынасты үйлестірудің отандық тәжірибесіне халықаралық жұртшылықтың назарын аударды және «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы», «Үлкен ел – Үлкен отбасы», т.с.с. бірқатар жобаның табысты іске асырылуын қамтамасыз етті.
Ортақ тарих негізінде қазақтар мен басқа этностардың көмегімен ортақ қиыншылықты еңсеру барысында полиэтностық Отанымыздың бірлігін сақтау мен нығайтудағы маңызды қадам – 2016 жылдың 1 наурызында Алғыс айту күнін мереке ретінде атап өту болды. Бұл мереке қалың бұқара халықтың арасынан қолдау тауып, нәтижесінде тұрақты түрде тойланып, Ассамблеяның қайырымдылық іс-шарасы оның ажырамас бір бөлігіне айналды.
ҚХА қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, отандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік тілді және басқа да этнос тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесті. Ол этносаяси мәселелер бойынша заң жобаларының қоғамдық-саяси сараптамасына, елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің елімізге тән моделін насихаттауға, ағартушылық және баспа қызметін жүзеге асыруға, этносаралық қатынастар аясында мониторинг жүргізуге қатысып отырды. Ассамблея қазақ диаспорасы мен ирредентасына ана тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау мен дамыту бойынша қолдау көрсетіп, оның тарихи Отанымен байланысын нығайтуға, келіспеушіліктер мен даулы мәселелерді реттеуге, этносаралық қатынастар саласындағы жанжалды жағдайлардың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеуге және практикалық шараларды іске асыруға ықпал етті.
Былтыр көктемдегі су тасқыны кезінде Ассамблея еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық жұмысының көшбасшысына айналды. Президент өз мәлімдемесінде: «Ассамблея кейбір адамдардың айтып жүрген тек қағаз жүзіндегі декорациялық ұйым емес екенін, керісінше ұлтымыздың бірлігі мен ынтымақтастығы құндылықтарының бастаушысы екенін тағы да көрсетті. Менің Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының су басқан аудандарының тұрғындарымен кездесулерімде олар ҚХА мүшелеріне өздерінің жанаршырлығы мен уақтылы көрсеткен көмегі үшін ризашылықтарын білдірді», деуі – соның айқын айғағы.
ҚХА мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам жүйесіне біріктірілген институт болып саналады. Мемлекеттік салаға қатысу өңірлік деңгейді қоса алғанда, Президентпен, әкімдермен және салалық атқарушы органдармен байланыс арқылы көрінеді.
Әлемдік қоғамдастық ҚХА қызметін ерекше көзқараспен зерттеп келеді. Біздің тәжірибемізбен танысу үшін Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Болгария, Армения, Канада, Оңтүстік Корея, Польша, Мажарстан, Финляндия және әлемнің басқа да елдерінен өкілдіктер өтініш білдірді. Қазақ елінің үлгісі бойынша осындай қоғамдық құрылымдар ТМД-ның бірқатар елінде, атап айтқанда, Қырғызстан, Молдова, Ресей және оның субъектілерінде (Шешенстан, Саха, Башқұртстан, Татарстан т.б.) құрыла бастады. Сондай-ақ еліміздің ҚХА тәжірибесі халықаралық сарапшылардың да жоғары бағасына ие болып келеді.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
ҰҒА академигі