Президент атап өткендей, қазіргі кезде Ассамблея жаңа тұрпаттағы өзгеріске ұшырады. Өмірде болып жатқан жаңа үрдістерді алып, қоғамдағы өзекті күшке айналды. Себебі ол жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халыққа өз пайдасын тигізетін игі істерге мұрындық болып жүр.
Ассамблеяның құрылымында ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, жастар орталықтары бар. Ақсақалдар биылғы Жұмысшы мамандықтары жылын дәріптеп, жастардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Аналар кеңесі өз кезегінде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге күш салады. Қазір әсіресе отбасындағы зорлық-зомбылық проблемасы өзекті болып тұрғаны белгілі. Жастар жағы да қол қусырып отырмай, өз мүмкіндіктеріне қарай еліміздің дамуына септігін тигізіп жатыр. Олар әсіресе қазақ тілін үйрену мен үйрету жағын біржола қолға алғанын айтты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына арналған жиында «Таза Қазақстан» акциясына айрықша тоқталды. Бұның идеологиялық мәні зор бастама екенін көріп отырмыз. Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» әркімнің өз отбасынан бастау алады. Үйде таза болған адам кейін өскенде ары да таза болады. Отанын сүйетін, халқын құрметтейтін, елі мен жерін ұшпаққа шығаратын азамат осылай қалыптасады.
Сонымен қатар жиында елдегі идеологиялық жұмыстарға баса назар аударылды. ҚХА-ның этномәдени орталықтары, Достық үйлері бар. Олар бұрын жай ғана декоративті музей ретінде жұмыс істеп, әр этнос өзінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытатын болса, қазір жаңаша түрленіп, тек өз тілі мен мәдениетін үйретпей, жалпықазақстандық құндылықтар мен бірегейлікті де үйретіп жатқанын білеміз.
Осы орайда тіл мәселесіне тоқтала кетсем. Президент өз сөзінде қазақ тілінің этносаралық тілге айналатынын айтты. Қазіргі таңда біз бұл үрдіс еліміздің оңтүстік өңірінде сәтті жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Өзбектер, тәжіктер, ұйғырлар қазақ тілін еркін меңгеріп, өзара мемлекеттік тілде сөйлеседі. Бұл елімізде тілдік интеграция жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар мәдени, салт-дәстүр тұрғысынан да диаспоралар арасында жақындасу болып жатыр. Мысалы, Президент айтқандай, Наурыз – тек қазақтың мерекесі емес. Оны қазір барлық ұлт өкілдері тойлайды. Діни мерекелер кезінде де ұстанған сенімі мен дүниетанымына қарамастан барлық тұрғын бір-бірін құттықтап, өзара жылы лебіз білдіріп жатады. Мұның бәрі елімізде ұлтаралық татулық жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетеді.
Ғали Дінмұхаммед,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты орталығының директоры