Қазір әлемнің бірнеше тілін жетік меңгерген жастар көбейіп келеді. Бұған, әрине, қуанамыз. Бірақ елімізде тұрып ана тілін қарапайым деңгейден төмен біліп, шет тілін жоғары дәрежеде білу осы салада ойланатын, талқылайтын мәселе бар екенін көрсетеді.
Тәуелсіз сарапшылар қазақ тіліне деген қажеттілік пен орыс тілі және әлем тілдеріне деген қажеттілікті тең ұстау керектігін жиі айтады.
Қазақ тіл білімі тарихында шет тілін меңгеруге қатысты сындарлы ой айтқан тұлға – көрнекті дәрігер, жаратылыстану оқулықтарының авторы, Алаш тұлғасы Халел Досмұхамедұлы. Ол: «Ана тілін жақсы біліп тұрып орысша жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деп жазады. Бұл пайым осы күні де көкейкесті. Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, еларалық әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тарихи, ғылыми-ағартушылық алтын көпір. Осы туралы заманымыздың тіл білімі классиктері – Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбай, Ө.Айтбайұлы сынды академиктердің пайымдары – біз үшін темірқазық.
Қазақстанның білім жүйесін әлемдік деңгейге көтеруді ойласақ, қазірден бастап әлем тілдерін меңгерген мамандар үшін біліктілік талабына елеулі өзгеріс енгізгеніміз жөн. Сондай-ақ кәсіби саладағы түрлі этнос өкілдерімен қатар, орыстілді мектептердегі балаларға мемлекеттік тілді меңгертіп жүрген ұстазға қойылатын талаптарды да сапаландыра түсуге тиіспіз. Мұны халық ассамблеясы мүшелері де көтеріп жүр.
Бұл ретте жаңа тұрпаттағы оқулықтың алар орны ерекше. Рас, бүгінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау жүйесі бір қалыпқа түсіп келеді. Білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертудің түпкі мақсаты – оқушыға білімді алуды ғана емес, өз пайдасына жарата білуді үйрету.
Қазақстанда «Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасының» мақсат-міндетінде елімізде тұратын барлық этностың тілдерін сақтай отырып, мемлекеттік тіл аясында бірегейлікті нығайту аса маңызды фактор ретінде көрсетілген. Сондай-ақ кең ауқымды, үйлесімді тіл саясаты шеңберінде ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену, оқытудың моделін дамыту көзделген. Бүгінде егемен еліміз әлемдік қауымдастық қатарында өзге елдермен саяси, экономикалық, мәдени, достық қарым-қатынас орнатып, әлемде лайықты орнын алып отырғаны белгілі. Осы орайда қазіргі өмір талабына сай бәсекеге қабілетті, көптілді тұлға қалыптастыру, кәсіби маман даярлау жолында шет тілін оқытуды жаңа сатыға көтеру – білім жүйесіндегі іргелі міндеттің бірі. Бастауыш мектептен кейін балалардың ана тілін де, әлемдік тілдерді де оқып үйренуге мүмкіндігі мол екені ғылым тұрғысынан жан-жақты дәлелденген.
Ғылыми-әдістемелік тұжырымдарға сүйенсек, мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілін түсініп, ана тілінде қарапайым сөйлей алса да, сөйлеу әрекеті ішінде оқылым және жазылымды 1-сыныпта ғана меңгереді. Яғни сөйлеу үдерісін дамытуда ең маңыздысы әрі қиыны – оқылым және жазылым. Ендеше, осы кезеңде бірнеше тілді қатар меңгерту «көптілді» тұлға қалыптастыруға емес, дүбәралыққа алып келеді. Сондықтан әлі ана тілін меңгермеген, өз тілінде ойын еркін, ашық жеткізуді үйренбеген балаға орыс тілі мен ағылшын тілін бір мезгілде үйрету үлкен жетістікке әкеле қоймайды.
Соның салдарынан ана тілін толыққанды меңгермеген бала шет тілі тұрмақ, басқа оқу пәндерін де дұрыс түсінбей, қандай да білімді меңгеріп, пікірін айтудың орнына жаттандылыққа ұрынатынын ғалымдар жиі айтады.
Бірнеше шет (түрік, ағылшын, неміс) тілдерін еркін меңгерген, Түркия университеттерінде «Салыстырмалы грамматика», «Шетелдіктер үшін түрік тілі», т.б. пәнді жүргізген, өзімізбен бірлесіп оқу құралын жазған профессор Алтыншаш Арыстанбекқызы: «Қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын ашық, еркін жеткізе алатын дәрежеге көтерілгеннен кейін ғана балаға шет тілін үйрету керек. Жалпы тілдерді оқытуда мәселені терең зерттеп кіріскен жөн» дейді. Бұл – жұртшылыққа тосындау көрінгенімен, әлемнің тәжірибесі.
Біз ана тілі мен шет тілін салыстыра, байланыстыра оқытудың рөлі ерекше деп ойлаймыз. Бұл ретте түрлі озық технологияларды қолдану маңызы. Шет тілін үйрету қиын да қызық қызмет екенін жақсы білеміз. Ана тілі мен шет тілін оқыту үдерісінде тілді дұрыс үйрету, ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқу үшін лингофон кабинеттері, электрон оқулықтар, ата-аналарға арналған нұсқаулықтар аса қажет. Мұндай инновациялық технологиялар оқыту барысында айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым дағдыларын біртіндеп дамытады. Өзіндік жұмыстарды тез орындау машығы да жетіледі.
Шет тілі маманы Бәкиза Пазылованың: «Мультимедиялық инновациялық технологиялар, Алма палубасы (Pear Deck), Padlet виртуалды тақтасы, «Google» презентациясы мен сайты, Jamboard онлайн тақтасы, студенттердің білімін тексеруге арналған «Socrative», «Quizizz», «Google» формасы – бүгінгі әдіскердің маңызды құралы» деген пікірі ескеруге тұрарлық.
Тағы бір маңызды мәселе – орыстілді аудиторияларда қазақ тілін оқыту жайы. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары студенттерді күнделікті жиі қолданатын сөздерге, ауызекі сөйлеуге дағдыланадыратын «Кәсіби қазақ тілі» пәні енгізілгені мәлім. Алайда соңғы біліктілік стандарттарынан «кәсіби» деген сөз алынып тасталып, «Қазақ тілі» болып қалғаны әдіскер-ғалымдарды ойлантып тастады. Бұрын «Кәсіби қазақ тілінде» оқу-әдістемелік жұмыстар экономикалық, гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық мамандықтарға бағытталып, сала терминдерін меңгеруге, болашақ қызметіне қажетті сөз қорын молайтуға мүмкіндік туғызылып, лексикалық минимумдарға да көп көңіл бөлінетін.
Өз ұлтының тарихы мен дәстүрін өнеге етіп үйренген білім алушыға ана тілі арқылы шет тілдерін меңгерту де қиыншылық тудырмайды. Мұны да кешіктірмей қолға алсақ, қисынды болмақ.
Мемлекеттік тілді терең түсініп, қыр-сырын жіті білу үшін салыстырмалы зерттеулерді одан әрі дамыту керек. Еліміздің жетекші оқу орындарында «Салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы-типологиялық тіл білімі, аударма теориясы» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестерде соңғы уақытта қызық жұмыстар қорғала бастады. Ендігі міндет – осы ғылым алаңы мен мінберіне қоғамға қажетті, сапалы зерттеулерді үздіксіз шығару.
Ақын, қайраткер Гёте: «Шет тілін білмеген адам өз тілінде де ешнәрсе біліп жарытпайды» деген екен. Біз коммуникация құралы әрі даналық мәйегі ретінде тілдер құндылығын жоғары қойғанымыз жөн. Сонымен бірге ана тілі мен шет тілдерін байланыстыра оқыту мәдени коммуникациядан айрықша икемділікті талап етеді. Өйткені қазіргі әлем, түрлі саяси, т.б. қақтығыстар тілді оқыту мен меңгертуде түрлі субъективті факторлардан жоғары тұруы шарт. Сонымен бірге жаңарған елімізде Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен түрлі университеттердің шетел тілі факультеті (немесе кафедралары) тілдік коммуникацияның үйлесімділік қуаты туралы ортақ ғылыми жобаны бірлесіп орындаса, серпінді бастама болар еді.
Қазір әлем пәндік оқудан (немесе оқытудан) құзыреттілік оқуға яғни таңдалған тілде сөйлейтін елдер мен қауымдастықтардың мәдениетін, өркениеттік әлеуетін меңгертуге жұмылып отыр. Біз де осы өреден табылуға тиіспіз.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы балалар әдебиетін қолдау туралы бірнеше рет келелі бастама көтерді. Біз осы мәселеде де әлемдік балалар әдебиеті классикасын түпнұсқа тілден аударуға қол жеткізуге мүдделіміз. Ол мәтіндерді оқу үдерісіне бірте-бірте енгізуге де мүмкіндік бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім бағытындағы көптілділікті сұраным мен жүйені ескеріп енгізудің маңызын айта келіп, былай деп тұжырымдады: «Үш тілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2–3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау алуы орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарай жүргізу қажет».
Жоғары оқу орындары саласына келсек, бұл буында да шет тілдерін меңгерту – мемлекеттік тілді сапалы оқытудан бастау алып, ғылыммен ұштастырылуы маңызды.
P.S. 21 сәуір күні Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Мемлекеттік тіл мен әлем тілдерін меңгертудің тиімді жолдары» атты республикалық ғылыми жиын өтеді. Шарада ҰҒА академиктері, шет тілі пәні ғалымдары мен оқытушылары, мектеп мұғалімдері баяндама жасап, маңызды ой-пікірін ортаға салады.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик