• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Тағзым 25 Ақпан, 2025

Дарқан дарын

74 рет
көрсетілді

Біз Әуезовтей алыпты көр­ген жоқпыз, бірақ оның тағылы­мын алып, қазақ әдебиетіне алпы­сыншы жылдары қосылған те­геу­рінді топтың шығармалары­мен жетілдік. Бұлар университет тауысып, әлем әдебиеті­нің алуан бұлақтарынан мейірі қанғанша сусындаған өте бі­лім­ді, оқымысты буын еді. Сол қатардың топжарғаны Дулат аға Исабеков дүниеден озыпты.

Оның жетпісінші жылдары жазылған «Гауһартас», «Сүйек­ші», «Дермене», «Тіршілік» сияқ­ты повестері әлемдік прозаның классикасына еркін қосылған тізгінүзді туындылар еді.

Д.Исабековтің повес­те­рін­де өзіне дейінгі қазақ жа­зушыла­­ры жиі қолданған нар­ративті ­баяндаулар мүлде аз. Ол оқиға қуып, өткен тарихты қа­зымырламай, басты нысан ре­тінде жеке адамның өзін, оның тағдырын, ішкі жан-дү­ние­­сін алып, кейіпкерін дра­ма­тур­гиялық тәсілдермен өмір­­дің сан алуан коллизияларынан өт­кізеді.

Ол үнемі таңдап, талғап жаз­ды. Әңгіме жанры айтулы ше­берінің қаламынан шыққан «Ақыра­маштан наурызға дейін», «Ай-Петри ақиқаты», «Ескерт­кіш», «Бонопарттың үйленуі», «Социа­лизм зәулімі», т.б. әңгі­мелері осы жанрдың үздік үл­гілері ретінде ұлт әдебиеті төрі­нен орын алды.

Әлеуметтік жүгі батпан­дай ауыр болып келетін Исабеков әң­гімелері күлдіріп отырып ойлантады. Жұрт білетін оқиғаларға құрылған әңгімелердегі аллю­зиялық тәсіл оқырманын алуан түрлі ассоциацияларға жетелеп отырады.

Жазушы қаламынан шыққан жалғыз роман «Қарғын» қазақ прозасына өзгеше реңк, жаңа леп әкеліп, ұлттық прозадағы постмодернистік бағыттың ізашары болды. «Қарғында» оқиға шарықтау шегіне жеткенде кілт үзіліп, жазушы кейіп­кердің кейінгі тағдырын оқыр­манның өзіне қалдырады. Батыс әде­биеті метапрозасында жиі қол­данылатын бұл тәсілді қазақ әде­биетіне тұңғыш енгізген жа­ңашыл қаламгер Д.Исабеков еді.

Қазақ жазушыларының басым көпшілігі драма­тур­гияға проза арқылы келді. Бірақ олар­дың ішінде Д.Иса­беков­тей әлемдік биікке көт­е­рілген­дері сирек. Оның «Әпке», «Актриса», «Ты­ныш­тық күзетшісі», «Өк­пек жолаушы» атты пьесалары қазақ, орыс, т.б. ел театрларында кеңінен сахналанды.

Д.Исабеков «Әпке» арқылы қазақ драматургиясына әр адам тағдырынан табылатын от­ба­сылық драма жанрын алып келді. Соның нәти­жесін­де көрер­мен сахна­дағы оқи­ғаларға дәл өз басы­нан өткен жағ­даяттардай қа­рап, кейіпкермен бірге күр­сі­ніп, бірге толғанатын болды.

«Актриса» пьесасында Еуро­па театрларындағы кейіп­кер­ді – көрерменге, ал көрер­мен­­ді кейіпкерге айналдыратын «театрдағы театр» тәсілін ше­берлікпен пайдаланып, өмір мен өнерді жымдастырып жіберді. Бұл да қазақ сахнасына Д.Иса­бе­ков әкелген жаңалық еді.

«Өкпек жолаушыдағы» ­өмір­дің өзегінен алынған вер­ба­тим үлгісіндегі монологтер де күр­­делі әлеуметтік тақы­рып­тар­дың түйінін оп-оңай тарқа­­тып, ке­йіпкер мен сахна арасын­дағы шымылдықты айқара ашып ­тастайды.

Тарихи тақырыпқа көп қа­лам тарта бермеген драматург өмірінің соңына қарай жазылған «Бөрте» оның драма жанрындағы шоқтығы биік туындысы ретінде танылып, қаламгердің көзі тірі­сінде-ақ әлем сахналарындағы шеруін бастап кетті.

Жазушы алға қойған мақ­саттарын түгел орындап, кеу­десіне Алтын жұлдызын жар­қырата тағып, қалың елінің құр­метіне бөленген абыз жасында бақиға аттанды.

Соңынан бірінен бірі асып түсетін саф туындылар қал­дыр­ған жазушы туралы айтқанда ойыңа данышпан Абайдың «өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы?» деген сөзі оралады.

Дулат ағадай дарқан дарын­ның енді әде­биет әлеміндегі екінші ғұмы­ры басталды. Сол ғұ­мыры ұзақ болғай!

 

Мұхтар Құл-Мұхаммед,

мемлекет және қоғам қайраткері, академик

Соңғы жаңалықтар