Кейінгі жылдары елімізде есірткі қылмысы ушығып барады. Статистикалық дерекке сәйкес наркоқылмыстардың жалпы деңгейі 16,7%-ға (7 165-тен 8 363-ке дейін) өсті. Өңірлердегі жағдай ерекше мазасыздық тудырады: Ұлытау облысында өсім – 2,7 есеге (43-тен 116-ға дейін), Ақтөбе облысында – 66,4%-ға (217-ден 361-ге дейін), Атырау облысында – 60%-ға (130-дан 208-ге дейін), Түркістан облысында 50,5%-ға (368-ден 554-ке дейін) жетті. Бұл дерек наркобизнеске қарсы күресті күшейту қажеттігін көрсетеді.
Былтыр Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда есірткі айналымына қарсы күресті, оның ішінде есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма берді. Нәтижесінде, 2025 жылдың басында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, есірткі қылмысының жазасы ауырлады. Атап айтсақ, наркозертханалар құрғаны үшін 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ерекше назар қызметтік мәртебесін пайдаланып, қылмыстық әрекетке қатысқан лауазымды тұлғаларға аударылды. Олар үшін жаза мерзімі 20 жылға дейін ұзартылды, бұл бұрынғыдан 5 жылға артық. Бұл шаралар ірі наркосиндикаттардың қызметін тоқтатуға, олардың қылмыстық әрекетін жалғастыру мүмкіндігін жоюға бағытталған.
Жасөспірімдер мен жастардың көбі «закладчик» болғанымен, өз әрекетінің ауыр салдарын түсіне бермейді. Алғаш рет мұндай қылмыс жасағандарға жаза жеңілдетілді: бас бостандығынан айыру мерзімі 5–10 жылдан 5–8 жылға дейін қысқартылды. Дегенмен қайталанған қылмысқа қатаң шаралар қарастырылған: 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу. Мұндай тәсіл жауапкершілікті дифференциациялауға, наркобизнеске тартылған жасөспірімдерді түзетуге және қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке тартылуын болдырмас үшін профилактикалық жұмыс жүргізудің қажеттілігін жоққа шығармайды.
Мектептерде, университеттерде және жасөспірімдер арасында есірткі заттарын таратқаны үшін 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған. Бұл – білім ортасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жас ұрпақты есірткі қаупінен қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Есірткі қылмысына қарсы күрес – қатаң жазалау шаралары мен профилактикалық жұмысты қамтитын күрделі әрі аспектісі көп міндет. Есірткі сатуды кәсіп еткендерге жазаны қатаңдату, жас «закладчиктерге» жауапкершілікті жеңілдету – наркоқылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған теңдестірілген тәсіл.
Мұндай қауіпті жағдайларды азайтуда қатаң заң жеткіліксіз екенін түсіну керек. Бұл күресте қоғамның белсенді араласуымен ғана жеңіске жетуге болады. Бұған ата-аналар, педагогтер мен жасөспірімдер де кіреді. Ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізуге білім бағдарламалары, саламатты өмір салтын насихаттау және әлеуметтік бастамаларды қолдау сияқты кешенді профилактикалық жұмыс қажет. Мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың бірлескен күш-жігері арқылы қауіпсіз болашақ құруға болады.
Қуантай САҒЫНАЕВ,
Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының аға оқытушысы