• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Ақпан, 2025

Қаламгердің Қарқара сапары

395 рет
көрсетілді

1996 жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз қарсаңында Мұхтар Мағауин «Ал Ораз, «Жұлдызға» жұмысқа қабылдандың» деп, менің өтінішіме қол қойды. 90-жылдардың соңы. Алматының қоңыр күзі. Бірде бас редакторымыз Мұхаң кабинетіме кірді. «Ораз, сенің еліңде қырғыз шекарасында Сантас атты асу бар. Есім хан жоңғарларды тас-талқан етіп, жеңіс туын көтерген. Сол тарихи орынды көруім керек» деді. Көп өтпей жолға шықтық. Кегенге тарттық. Райымбек батырдың қалмақтармен соғысатын Көкпекті жазығынан өткен соң кішкене төбеге шығып, жайғастық. Мұхаң жеңгеміз қоржынға салған қазы-қарта, жал-жаяны шығарды.

Әулие Түменбай

Кеш бата аудан әкімдігіне келдік. Мұндағылар Мұхаңды құшақ жая қарсы алды. Бүгін әулие Түменбай бұлағындағы осы аттас ауылда демалатынымызды айтты. Аудан басшысы Нұрбатыр Орынбаев бізбен бірге жүрді.

Қой сойылыпты, қадірлі қонаққа бас тартылды. Түскен үйімізде әр жылдары шыққан Мұхаңның біраз кітаптары бар екен. Қолтаңба жаздырып алып жатты. Қазақтың әр үйінде тарихи кітаптары тізіліп тұратын Мұхаң – халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер.

Отырыс барысында Саурық батырдың атасы Түменбайдың әулиелік қасиеті жөнінде, атақты Алпар, Тұлпар туралы әңгіме өрбіді. Мұхаң ынта қоя тыңдады. «Мені мұнда әулие аруағы айдап келген екен ғой», деді бір кезде. Әулиелер ғана емес, мені қазақтың күллі хандары мен батырларының аруағы жетелеп жүреді және жаздырады деді соңында. Күй талғамай малшы үйіне қонған Мұхаңның қарапайымдылығы мен сабырлылығы тәнті етті.

 

Үйсінтау – Қарқара – Шырғанақ

Табиғаты тамылжыған Кеген өңірі таң­ғажайып тау тізбектерінен тұра­ды. Мұхаң қонған жер Үйсінтау сілем­дерінің бірі – Сарытаудың бөктері. Қарқара өңіріне келген жиһангез Шоқан Уәлиханов Үйсін­тауды Кеусентау деп жаңылыс жазады. Басы Сарытаудан басталып, соңы сонау Құлжаға дейін созылып жатқан тау Қы­тай мен Қа­зақстаның ортасында жатыр. Ежелгі Үйсін мемлекетінің атын күні бү­гін­­ге жаңғыртып тұрған бір ғажап тарихи тау.

Оңтүстігінде Сарытау, шығысында Мыңжылқы, батысында Қулық тауы қоршап жатқан кең жазық ежелден Қарқара аталады. Бұл Шоқан сызған картада айна қатесіз тұр. Ұлы жазық кейін қоныстануға байланысты жайлау, қыстау болып әртүрлі аталып кетті. Мыңжылқы етегіндегі жазықтың атауы қазір де Қарқара. Қырғыздың екі мыңжылдық тарихы бар Манас жырында Қарқара жиі айтылады. Аңыз бойынша Қарқара жер бетінен жойылып кеткен қасиетті құстың аты.

Осындай таңғажайып табиғат, қарлы шың, көк жайлау, мөлдір сулы өлкеге алғаш келген Мұхаң қатты әсерленді. Ұланғайыр қазақ жерін түгін қалдырмай аралаған Абылай хан Қарқара өңіріне де келіп, Көктөбенің басына шығып, батырлармен кеңескен екен. Бұл деректі тұңғыш естіген мен Мұхаңның қазақ тарихында теңдесі жоқ сұңғыла екеніне көзім жетті. Абылай ханнан кейін атақ­тылардың арасында Көктөбеге көзі тірі Мұхаңның өзі шықты бұдан ширек ғасыр бұрын. Шырғанақ ауылындағы кездесуден кейін Мұхаң сол маңайдағы тарихи өңір Көктөбеге келді. Биік төбенің басына шықты. Көкке қарап, тауларға тәнті болып, күбірлеп бір тыл­сым әлем­де жүрді. Абылай хан туралы тол­ғанды. Бұхар жыраудың Абылай хан туралы жырын жатқа айтты. Әсіресе, Үш Қарқара, Көктөбеден қалмақ­тар­дың қалай қуылғаны жөніндегі жыр шу­мақтарын табан астында жаттап алдым. Мұхаңда аруақтармен ой арқылы үнсіз тілдесетін қасиет болды. Көктөбеде Көк Тәңір нұрын жұтып, Құдай қуат берген жазушы ерекше күйге шомды. Есім хан жөнінде біз бұрын-соңды естімеген түпсіз тарихты қозғады.

Көктөбеге көлбеу қарсы жатқан биік қырқаның аржағында Есім хан қалмақ­тарды қынадай қырған Сантас асуы бар. Қырғыздың Түп ауданына қарайды. Мұхаңның о бастағы жоспары ерекше қанды шайқас болған Сантасты көру еді. Сол кездегі жол қатынасы үзілгендіктен онда бара алмадық. Көктөбенің басында тұрып Сантас жақтың тау қырқаларын көзбен шолды. Тарих оқиғалары өткен жерлерді көзбен көріп, топырағын басып, ақылымен зерделегендей еді.

 

Шоқан – Тоқан – Шырғанақ

Қарқара қазір Кеген өңірі аталады. Емдік қасиеті әлемге әйгілі шырғанақ өсімдігі өседі. Сондықтан бұрын өңір Шырғанақты атанған. Шоқанның 1856 жылғы Ыстықкөл сапары күнделігінде табиғаты, жер-су ерекшелігі айтылады. Шырғанақ өзені бойында түнедік деген жолдар бар жазбасында.

Шырғанақ, Талды, Үш Меркіде Шо­қан­ның табан ізі сайрап жатыр. Әлме­рекұлы Тоқан ата ұрпақтарының ежелгі атажұрты. Ұлы ғалым 1865 жылы осы өңірде бірер күн демалады, аң атады. Ең ғажайыбы сол Үш Меркінің айнытпай суретін салады. Таңдамалы жинағында бар. Тоқан ата ұрпақтарымен кездес­кен де болар. Өйткені Шоқанға жол көрсеткен Абайдың әкесі Құнанбаймен 1846 жылы Жетісуда билер кеңесінде кездескен Қашаған би Тоқандарға туыс болып келеді. Екеуі де Әлмеректің ұрпағы.

Шырғанақ ауылындағы мектеп ұстаз­дары жазушы Мұхтар Мағауин келеді деп дайындалған екен. Мектепте кездесу өтті. Баспасөзге жазылу науқаны болатын. Мұхаң «Жұлдыз» журналы жөнінде сөйледі. Мектептегі тың деректерге толы музейді аралап, ел мен жер тарихымен танысты. Бұл өңірге он алтыншы жылғы Албан көтерілісін жазу үшін 1927 жылдары М.Әуезов, содан соң Ілияс Жансүгіров, тағы да басқа жақсы-жайсаңдар келген. Музейде осы тарих жөнінде деректер жеткілікті еді. Қаламгер бұған қуанды.

 

Қарқара және Сақ обалары

1988 жылы Қулық тауының етегін­дегі Жалаулы ауылынан Сақ дәуірінде жасалған алтын әшекей, аң-құс мүсіндері кездейсоқ табылып, тарихи олжа жөнін­де хабар әлемге тарады. Мұхаң бұл тарихи құнды жәдігерлер жөнінде есті­ген. Уақыттың тығыздығына байланысты Жалаулыға бара алмады. Сақтардың нағыз патшалары жатқан Қарқарадағы оба тізбектерін көрді. Көктүріктер дәуіріндегі ойма жазуы бар балбал тас­ты ұстап, тізерлеп отырып тағзым етті. О баста Айттөбе, кейін Ереуілтөбе атанған оба-қорғанды айналып, төңірегін түгел көріп, тұңғиық ойға кетті. 1916 жылғы Албан көтерілісі басталып, халық алдымен ереуілге шыққан жер кейін Ереуілтөбе аталып кеткен еді. Айтпақшы, әйгілі Қарқара жәрмеңкесі де осы маңда болған. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабын оқыған Мұхаң осынау Ұлт-азаттық көтерілісі туралы терең біледі екен. Сөз арасында мұны айтып жүрді.

Қарқараға келіп, ел мен жерді көрген, шежіре шертіп, батырлар мен хандардың аруағын аунатқан абыз ғұламаны ел-жұрт ерекше сыйлады. Қарқара жазығындағы бір үйде қонақасы дәмін татты. Үйде «Жұлдыз» журналы бар екен. Кітаптары да тұр. Сары қымызын қанғанша ішті. Балбырап піскен қойдың етін жақсы жеді. Бас ұстап, бата берді.

 

Жуантөбедегі Тәңір тылсымы

Мұхаң еңбектерінде ежелгі тәңірілік танымның қасиеттері жөнінде жиі айтылады. Атам қазақ ежелден «Көкте Құдай, Тәңір жарылқасын, Жаратқан ие жар болсын» деп қатар айтады. Құранда да, Інжілде де бір Құдайға мінажат ету парыз етіледі.

Қарқара өңірінде ежелгі Тәңірге табынудың белгілері мен нышандары күні бүгінге дейін көзге ұрып тұр. Әлемге әйгілі Хантәңірі осы өлкеде. Қазақ жерінің тау-тасының, өзен-көлінің қасиетіне қанық қаламгердің бір тылсым тебіреністе табиғат аясында қыдырғаны ғажап болды.

«Күннен туған, ғұннан туған пай­ғам­бар» деп Мұхаң сүйетін Мағжан айтқан­дай, күн еңкей­ген бесін кезінде «Манас» жырында аты басқаша айтылатын, жергілікті халық Жуантөбе дейтін дөңге көтерілдік. Жазушы мөлдір көк аспанға қарап тебірене сөйледі. Бұл оба-қорған атақты Сақ патшаларының бірі жерленген жер екенін айтты. «Кезінде бұдан да биік болған. Уақыт өте шөккен. Отаршылар моланы тонап, алтын-күмістерін алып кеткен. Өздерін саяхатшымыз деп алдап, алтын іздейтін арнайы топтар болған Ресейдің кезінде» деп Мұхаң мұңайғандай болды. Төбенің төменгі жағындағы бір ойықты нұсқап, «міне, мынау соның белгісі» деді.

Төбе басында Мұхаң тәңір иемен бір тылсым байланысқа түскендей болды. Әлмерек абызша өткеннің шындығын айтқаны өз алдына, шашылып жатқан майда тастарды теріп, алақанына салып, күбірлеп сөйлеп, бізден оңаша кетті.

Кеш бата Кегенге келдік. Кеген деген сөз – түркі-моңғол тілінде әулие мағынасын береді. Мұнда да оба, қорғандар болған. Құрылыс жүруіне байланысты жермен-жексен болып кеткен. Ертеректе бір обаны қазғанда біраз алтын-күміс шыққан. Өкініштісі, қазынаның табыл­ғаны жөнінде тиісті орындарға айтылмай қолды болған. Мұхаңа жол-жөнекей мұны да айттым. «Асты алтын, үсті күміс, қазақ даласындай мекен жер бетінде жоқ қой», деді ол.

Кешкі ас-дәм Кегендегі бір ұстаздың үйінде жалғасты. Мұхаңның алдынан шығармалары шықты. «Аласапыран», «Қобыз сарыны», «Көк мұнар» атты кітап­тарын сөреден алған үй иесіне автор қолтаңба жазып беріп жатты. Берген батасы өз алдына.

 

Алты сағат ақтарылды

Кеш қарая Кегеннен Алматыға қарай беталдық. Мұхаң тоқтаусыз шежіре шертіп, қазақ тарихын түп қопарып, тоқтау­­сыз айтып келеді. Кеген мен Алма­ты­­­ның арасы бес-алты сағаттық жол. Бір тын­бай сөйлеп, алты сағат аңыз-әңгіме, хикая, өнеге-өсиет, ақыл-кеңес айт­қан мұндай ғұлама қазір жоқ шығар. Қар­­қара-Сантас-Көктөбе сапары қалам­гер­дің есінде ерекше сақталып қалған екен. Мұны бір көңілді отырыста айтты.

Пәлен мың жыл бұрын адамзаттың шық­қан жері Алтайдан ауып Американы ата­жұрт еткен үндіс-түркілердің тарихын Мұ­хаң жақсы білді. Теңдесі жоқ Тәңіртау-Хан­тәңірі, Үйсінтау өңірінде болған жа­зу­шы араға біраз жыл салып, алғаш үндіс­тер қо­ныс тепкен Америкаға ат басын бұр­­ды. Осында әйгілі Шыңғысхан туралы ең­бегі жазылды. Топырақ та сол жерден бұйырды.

 

Ораз ҚАУҒАБАЙ

Соңғы жаңалықтар