• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Білім 11 Ақпан, 2025

Аттестаттау автоматтандырылады

80 рет
көрсетілді

Елордада Оқу-ағарту министр­лігінің дәстүрлі алқа отырысы өтті. Ауқымды жиынға педа­го­гикалық және ата-аналар қа­уым­дастығының, өңірлік білім бас­қармаларының, ведомство­лық бағынысты ұйымдардың өкіл­­дері мен сала сарапшылары қатыс­ты. Іс-шарада былтырғы нәти­же­лер қорытындыланып, биылға жос­пар­ланған жұмыстар айтылды.

Отырыста сөз алған Оқу-ағар­ту ми­нистрі Ғани Бейсембаев өткен жылды қорытындылап, бі­лім жүйесінің сапасын одан әрі арт­­тырудың басым бағыттарына тоқ­талды. «Білім беру тәрбиемен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық білім бе­ру ұйымында өскелең ұрпақ­тың бойына құндылықтар жүйесін қалыптасты­руға және нығайтуға бағытталған алты негізгі жобаны қамтитын «Біртұтас тәрбие» бағ­дарламасы енгізілді. Бұл жұ­мыс­тың тиімділігі көп жағдайда сынып жетекшілеріне байланысты. Сон­­дық­тан оны мол тәжірибесі бар білікті ұстаздардың орындауы маңызды. Тәрбие бағ­дарламасы­ның тұжырымдамалық негіз­дерін ескере отырып, педагогтер­дің сы­нып жетекшілігіне деген көзқара­сын түбегейлі қайта қарау керек. Еліміз­де білім сапасын бағалаудың өзіндік ұлттық жүйесі қалыптасты. Білім алу­шылардың білім жетістіктеріне мониторинг жасаудың отандық бағалау құралы RCEC сараптама және сертификаттау ғылыми зерттеу орталығында халықаралық дең­гейде танылды, осылайша Қазақстан Орталық Азиядағы білім беру сапасын бағалау жүйесі бо­йынша аккредиттеуден өткен жалғыз елге айналды», деді ол.

Спикердің сөзіне қарағанда, ми­нистр­лік педагогтің үздіксіз кәсіби даму үдерісі ретінде біліктілікті арттыру парадигмасын қайта қарады. Барлық рәсім «Ұстаз» ұлттық платформасында жүзеге асырылады, жүйе автоматтандырылған. Биыл алғаш рет платформада 88 мыңнан аса модератор мен сарапшыны аттестаттаудан өткізу жоспарланып отыр.

«Былтыр бірден екі педагог «Қазақ­станның Еңбек ері» атағына ие болды. Бұл – педагогтеріміздің еңбегіне Президент тарапынан берілген жоғары баға мен құрмет, артылған зор сенім. Десе де алаң­датарлық ахуал да жоқ емес, «Педа­гог мәртебесі туралы» заңын бұзу фактілері анықталды. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер заң бұзушылықтардың 120 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, Семей қаласында мұғалімдерді тиесілі емес функцияларға тарту соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтырды. Өңірлердің басшылығын заңды қатаң сақтау үшін барлық қажетті шараны қабылдауға шақы­рамын», деді Ғ.Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, елімізде 7 мың­­нан аса мемлекеттік мектеп жұмыс іс­тейді. 2023 жылдан бастап жаңа фор­мат­тағы басқарушылар­ды даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көш­­басшысы» жобасы іске асырылып жатыр. Қазірдің өзінде республикалық кадр резервіне 583 кандидат алынған. Балалардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету министрліктің басты мін­деті болып қала береді. 2024 жылы заңға кәмелетке толмағандарға қа­тысты зор­лық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін және отбасын қолдауға бағытталған түзету­лер енгізілді. Сондай-ақ Балалардың құқық­тарын қорғау комитетінің өкілеттіктері кеңейтіл­ді. Биылғы қаңтар айында БҰҰ-да Қазақстанның осы саладағы реформалары жоғары бағаға ие болды.

«Біз инклюзивті және ар­найы білім беруді дамыту­ды жалғастырамыз. Биыл психоло­гиялық-педа­гоги­ка­лық қолдау­ға 100% қолжетім­ділік­ті қам­тама­сыз етуді жоспарлап отыр­мыз. «Бө­бек» ұлттық ғылыми прак­ти­ка­­лық орталығы мен Ұлт­тық ин­к­лю­зив­ті білім беру орталы­ғын транс­фор­ма­циялау басталды. Қа­зан айын­да Қазақ­стан алғаш рет Инклюзия бо­йынша дүниежүзілік конгресті қабыл­дай­ды. Білім беру сапасындағы алшақ­тық­ты азайту үшін қалалық және ауыл­дық мектептер арасында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске асырылады. Бұл материалдық-техникалық базаны ­жаң­­ғыртуға, жоғары жылдамдық­ты ин­тер­­нетті қамтамасыз етуге және оқыту сапасын арттыруға бағытталған. 2024 жыл білім беру инфрақұрылымы үшін ма­ңызды кезең болды. Тәуелсіздік тарихында алғаш рет мектептердің рекорд­тық саны салынды. 2023 жылы 165 мек­теп қолданысқа берілді. Өткен жылы 257 мектеп бой көтерді, оның 105-і «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясында с­а­лын­ды. Оларды тиімді басқару үшін министрлік бірыңғай жүйе әзірледі», деді министр.

Ғ.Бейсембаевтың баяндауынша, үде­рістерді цифрландыру және автоматтандыру қазіргі білім беру ортасының маңызды бөлігі саналады. Министрлік «Smart оқу ағарту» жобасын іске қосты. Бұл цифрлық білім берудің бірыңғай экожүйесін құрып, оқытудың сапасын арттырады, оқыту үдерістерінің барлық қатысушысына білім беру ресурстары мен қызметтеріне жеңіл қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Starlink» терминалдарын енгізу есебінен сапалы интернет тартылған мектептердің үлесі 2022 жылғы 19%-дан 2024 жылы 95%-ға дейін, яғни 3 есеге ұлғайды.

Сондай-ақ алқа отырысында ға­лым­дар, педагогтер, ата-аналар, сарапта­ма­лық және бизнес-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында педагогика ғылымдарының докторы, профес­сор Жауымбай Қарамбаев, Ұлттық құрыл­тай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай, ЮНИСЕФ-тің Қазақстан­дағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар ­және т.б. бар.

 

Айдана КЕМЕЛБЕК