• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Ақпан, 2025

Отбасыны қолдау орталықтары көбейіп келеді

63 рет
көрсетілді

Заң үстемдігі қағидатын нығайту және әйелдер мен балаларды заңнама­лық қорғау – реформаның әрі мемле­кет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы осы бағытқа, яғни бала құқықтарына барынша назар аударып келеді.

Осылайша, бірнеше жылдың ішінде Президент бастамасымен балаларға арналған бірқатар реформалық өзгеріс­тер, заңдар, бағдарламалар қабылданды. Мысал ретінде «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасын, «Жайлы мектеп» жобасын, «Қазақстан халқына» қорының 67 әлеу­меттік маңызы бар жобаларын айта аламыз. Бірнеше жылдың ішінде «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына­ның» қамқорлық қорлары 52 оңалту ор­талығын ашты. Сонымен қатар әйелдер мен балалар құқықтарына қатысты заң қабылданды. Заңдағы түзетулердің 60 пайызы балаларға бағытталған.

Екіншіден, қамқоршылық қызмет­теріне қатысты заңға да өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Егер әйелдер мен балалар құқықтарын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңның беріп жатқан нәтижесіне көз жүгіртсек, заңның қабылданғанына да көп бола қоймағанына қарамастан, бірқатар оң өзгерісті атап өтуге болады. Мәселен, ел аумағында қазірдің өзінде 87 отбасын қолдау орталығы ашылды. Оларға балалар құқықтарының бұзы­луының алдын алуда, отбасыларға әлеу­меттік, заңдық, психологиялық қол­дау көрсетуде өте маңызды міндеттер жүк­телген. Жалпы, тағы да осындай 125 орта­лық ашу бағы­тында жұмыстар қолға алын­ды. Мұның түпкі мақсаты – қысымға ұшы­раған, көмекке мұқтаж барлық отбасыны қолдау шараларымен толық қамту. Яғни қолдауға зәру отбасылардың ешқайсысы мемлекет ұсынып жатқан жобалардан, бағдарламалардан тыс қалмауы керек.

Проблемалық отбасыларды бақы­лау мақсатында 45 мың рейд ұйым­дас­тырылды. Барлық облыста психо­логиялық қолдау орталықтары ашылды. Жақында балалардың құқықтарын қорғау бөлімдері де ашылмақ.

Сондай-ақ ЮНИСЕФ-те Қазақ­станның балаларды қорғау жөніндегі жұмыстарын жоғары бағалап отыр.

 

Динара ЗӘКИЕВА,

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл 

Соңғы жаңалықтар