2 ақпан – Қазақ баспасөзінің күні. Бұл күннің мереке ретінде таңдалуының рәміздік мәні бар. Осыдан дәл 112 жыл бұрын, яғни 1913 жылдың 2 ақпанында Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен ұлт басылымы – «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Осы айтулы мереке аясында қазіргі қазақ баспасөзінің ахуалы мен жай-күйі туралы ойымызды ортаға салғанымыз дұрыс секілді.
Қазақ баспасөзі – өтпелі кезең дәуірін басынан кешіп жатыр. Газет шығару, оқырманның көңілінен шығатын оқылымды материалдар дайындау, оны тарату секілді кедергісі көп сансыз проблема бүгін ғана пайда болып отырған жоқ.
Біздің қоғамда ақпарат құралдарына бизнес, яғни табыс көзі ретінде қарайтын көзқарас бар. Қазақ басылымдарының ғұмырын ұзақ етеміз десек, біріншіден, осы көзқарасты өзгертіп, газеттерді ақпараттың емес, идеологияның құралы ретінде танитын сана қалыптасуы керек.
Жалпы, газет шығару ісі материалдық тұрғыдан ешқандай табыс әкелмейді. Неге? Себебі қағазды шетелден сатып алатындықтан, баспалық шығын тым қымбат. Бұл – бір. Екіншіден, газет сатып, баю үшін бір газеттің құнын кемі 300–400 теңгеге сатылымға шығаруыңыз керек. Зерттеушілер қарапайым халық 300–400 теңгелік газетті айлық табысы 3–4 мың доллар болғанда ғана сатып алатынын айтады. Демек халықтың газет сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ деген сөз. Сондықтан да медиа саласының менеджерлері оқырманның қалтасымен де санасатынын ұмытпауымыз керек. Үшіншіден, мемлекеттің баспасөзді қаржылай қолдауы журналистердің айлық мәселесін шешіп берсе де, аз олжа емес.
Қазір нарық заманы болған соң, жұртшылық кез келген салаға бизнестің көзімен қарайды. «Мұндай болса, мерзімді баспасөз неге керек?» деген сұрақ та тууы мүмкін. Ондай сұрақ қоятындар ғасырдан аса уақыт тарихы бар бүгінгі қазақ баспасөзінің өткеніне көз жібергені дұрыс.
Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы шығарған «Қазақ» газетін Маман Тұрысбек секілді Алаштың меценаттары қолдап, қаржылай көмек беріп тұрды. Соның арқасында «Қазақ» газеті ұлтымыздың ғасырларға бағыт сілтер идеологиясын қалыптастырып берді. Алаштықтардан кейін кеңес одағы да басылымдарды идеологияның құралы деп таныды. Социалистік жүйеде қазақ баспасөзі идеология қалыптастыру жұмысында алғы шепте болды.
Ал қазір ше? Мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізіп отырған мерзімді басылымдардың жағдайы мәз емес. Журналистика саласы мамандарының жалақысы өте төмен. 200 мың теңгелік жалақыға қатардағы студенттер тілшілік қызметке келгісі келмейді. Олар қарапайым дәмханада даяшы болып жүріп, одан көп ақша таба алады. Демек студенттердің өзі мұрнын шүйіретін жалақыға білікті журналистерді ұстап тұру мүмкін емес. Яғни мерзімді басылымдарға бизнес ретінде қараудың салдары кадр тапшылығын туғызып жатыр.
Қысқарта айтқанда, кейінгі 30 жылдықта газет-журналдарға жеткілікті көңіл бөлінбеуі әлеуметтік желілердегі белсенділікті күшейтіп жіберді. Журналистиканың мықты мамандары блогерге, әлеуметтік белсенділерге айналды. Ал әлемде сол әлеуметтік желі арқылы идеологиялық жұмыстарды жүргізудің тәжірибесі жоқ. Себебі ұжымдық сана, ұжымдық ойлау, ұжымдық шешім болмаса, «аққу, шортан һәм шаянның» кебін киетініміз, «ары тарт, бері тартпен» жүреріміз анық. Ортақ ой болмаған жерде бұқараны бір идеяға ұйыту мүмкін емес. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, мерзімді баспасөз мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болуға тиіс.
Сондықтан да ең әуелі дәстүрлі басылымдарға деген таным түзелуі қажет. Мемлекетке экономикадан бұрын елдік мұрат, идеология қажет екенін терең түсініп, мерзімді басылымдарды қолдаудың ауқымын кеңейткені жөн.
Абай БАЛАЖАН,
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы