• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Пікір 31 Қаңтар, 2025

Жаңа инвестициялық кезең

60 рет
көрсетілді

Инвестициялардың ел экономикасының негізгі драйвері ретінде жаңа кәсіпорындар, озық технологиялар және жұмыс орындарын құруда маңызы аса зор. Бүгінде еліміздің әлеуеті тиімді және ауқымды инвестицияларды қабылдай алатын деңгейде. Оған кейінгі жылдары жүзеге асып жатқан саяси-экономикалық реформалар мүмкіндік беріп отыр. Еліміздің географиялық ерекшелігі де инвестициялық жобалардың стратегиялық маңызын арттыра түседі.

Мемлекет басшысының Үкі­меттің кеңейтілген отырысында инвестиция тартуға баса назар аударуы да әлемдік көштен қалмай, ширақ қи­мыл­дайтын кезең келгенін тағы бір айқындап отыр. Ұлт­тық инвестициялық стратегия шеңберінде инвестициялар тарту жөніндегі қызмет экономиканың басым секторларына бағытталған. Оларға тамақ өнеркәсібі, пайдалы қазбаларды терең өңдеу, металлургия, химия және мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, туризм, тағы басқа салалар кіреді. Айта кету керек, экономикаға шетел­дік инвестицияларды тарту мәселесі әлемнің кез келген елінде өзекті. Дамушы елдер ғана емес, дамыған мемлекеттер де шетелдік инвестициялар үшін жарысқа түседі. Елдер инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті жүргізу үшін неғұрлым бәсе­келі жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдап, салық сая­­сатын тиімді жүргізіп, көп­­теген жеңілдетілген инфра­құ­рылымдық шешім ұсы­нады. Өз кезегінде инвесторлар ка­пи­талдың сақ­талуына, заң үс­темдігіне, ашық және жайлы бизнес-ортаға кепілдік беретін елдерге оң көзбен қарайды. Та­быс­ты іске асырылған бір­қатар реформаның, инвестиция тарту және инвесторлармен жұмыс істеу­дің жаңа тәсілдерін енгізу­дің арқасында Қазақстан осын­дай елдердің санатына енеді.

Инвесторлардың мәсе­лесін шұғыл шешу үшін Ин­вес­­тициялық штаб құ­рылды. Соның арқа­сында бюрократиялық кедер­гілер мен құқықтық қара­ма-қай­шылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жү­зеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуал­ды жақсарту екенін Мем­лекет басшысы шегелеп айтты. Жасыратыны жоқ, елі­мізде инвестициялық жоба­лар­­ды әзірлеу барысында ведомст­во­ара­­лық үйлестіру әлі де көп уақыт алады. Мол қар­жысы бар мықты инвесторлар үшін уақыт жоғалту ақша жоғалтумен бірдей. Сондықтан Президент тағы да Үкіметке басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуді тапсырды.

Экономикаға келетін инвес­тицияның жолын бөгейтін ке­дер­­гілер де аз емес. Түрлі дең­­гейдегі мемлекеттік орган қыз­меткерлерінің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан қаш­қақтауы да шешім қабыл­дау­дың тым ұзаққа созылуы­на себеп. Есесіне, бюджет қар­жысына телміріп отыру әдетке айналды.

«Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сон­дық­­тан сапалы инвестиция әке­летін жауапкершілігі жоға­ры инвесторларға қосымша же­ңіл­діктер беру мәселесін қарас­тырған жөн. Мұндай сая­сат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегия­ма толық сай келеді. Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін бір­тұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие бол­ған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орын­дауға міндетті», деді Президент.

Технологиялық оң өзге­рістер еліміздің мұнайдан басқа да байлықтарына сұранысты арттырып отыр. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Отандық литий сапасы жоғары екенін әлемдік ғалымдар айтып жүр. Яғни оның «жаңа мұнайға» айналуы ғажап емес. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн деді Мемлекет басшысы. Елімізде бүгінде жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылған. Бұрын «аса құпия» саналатын сала бойынша ақпарат ашықтығы артты. Бұл – Президенттің жер қойнауын пайдалану саласындағы рефор­масының іс жүзінде жалғасып жат­қанының көрінісі. Ал біз­дің міндетіміз – Парламент сес­­сия­сының соңына дейін бұл жұ­мыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты