Қостанай облысы Федоров ауданында тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақтың төл өнеріне деген қызығушылығы ерекше. Әсіресе олардың домбыра үйренуге ынтасы жоғары.
Аудандық мәдениет үйінің шығармашылық жетекшісі Наталья Ермак алғаш қолына домбыра алғанда «Тепеңкөк» күйін үйреніпті.
«Оған шамамен екі апта уақыт жұмсадым. Әуелде «қолымнан келмейді-ау» деп ойладым. Бірақ мені домбыра қатты баурап алды. Қоңыр үні құлағымнан кетпей қойды. Содан ба, тез үйреніп алдым», деді ол.
Қазір аталған ауданда қызмет істейтін түрлі мамандық иелері арасында домбыра үйреніп жүргендер аз емес. Солардың дені – өзге ұлт өкілдері.
«Жаркөл» этно-мәдени ансамблінің жетекшісі Жандос Мырзахметовтің айтуынша, былтыр «Домбыра» күні мерекесінде 140 домбырашы өнер көрсетіпті. Солардың арасында 70–80 адам өзге ұлт өкілдері болған. Осы өнерпаздардың ішінде 20-дан аса азамат домбыраны жақсы меңгеріп алған. Күмбірлете тартады.
«Бүгінде олар халық күйі «Тепеңкөк» пен Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасын» еркін ойнайды. Қазір домбырашылардың репертуарында 3-4 күй бар. Біздің ауданда домбыра үйренуге өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығы күшті. Соған қарап, олардың қатары әлі де көбейе түседі деп ойлаймын», дейді ансамбль жетекшісі.
Мәселен, аудан әкімдігінің жетекші маманы Дарья Тимченко домбыраны аз уақыт ішінде үйреніп алған. Бір ғажабы, ол сол қолымен тартады.
«Жеті жыл музыка мектебінде оқыдым. Гитара тартып, ән айттым. Ал домбыраны «Жастар» үйінде ашылған үйірмеге барып үйрендім. Музыкалық білімім болғандықтан, аса қиналған жоқпын. Жылдам меңгердім. Енді домбыраны кәсібіи деңгейде үйреніп алсам деймін», деді ол.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
журналист
Қостанай облысы,
Федоров ауданы