• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Пікір 09 Қаңтар, 2025

Басты борышымыз – Тәуелсіздікті қорғау

55 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» ұлт басылымында жарық көрген астары қалың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатының жолы да, салмағы да бөлек.

Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның «Осы сұхбатты сіздер­дің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналис­тиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді» дегені де түй­сігі бар жанға көп жайттан хабар берсе керек.

Жалпы, «Жұдырық бетке тигенге дейін» демократия сақталатын сәтте тұрмыз ғой... Кез келген ұлт қиын-қыстау күн­дерде ғана емес, өзінің бүкіл жүріп өтетін жолында пассионар, мемлекетшіл тұлғалардың соңынан ереді.

Бүгін әлем өзгерген. Қалай болғанда да жаһанданудың кө­шінен қалып, есік-тереземізді тас бүркеп, қымтап, шекарамызды шегендеп, қақпамызға сом темір іліп қоятын дәуір емес, әлбетте. Бармасақ, келме­сек – ел жарылады, алмасақ, бер­месек – дем тарылады. Әлем­­дік саяси көштің мозаи­ка­сына өз бояу-болмысы­мыз­ды, жаратылыс пен табиға­ты­мыз­ды көшіріп апарғың келеді.

Әлемнің саяси картасында батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік қақпақылда­сып, қапсыра құшақтап қабырғаң­ды бір-бірден санап жатқан осынау алмағайып шақта қазақ қоғамындағы әрбір жұ­мыр басты, сергек саналы пен­денің бірінші борышы – Тәуелсіздікті қорғау. Ерсілі-қар­сылы ағыстарға, меңзеу мен емеурінге, елдік мұраттарға құрылған бүгінгі сұхбаттың негізгі лейтмотиві – осы. Ай­налдырған төрт-бес жылдың бедерінде Қазақ елі алағай да бұлағай сәттерді бастан өт­кер­ді. Жүйелі реформаларға құ­рыл­ған оң өзгерістер аз емес.

Қоғамда көп мәселерді «Қаңтарға дейін және кейін» деп қарастыратын жағдай қалыптасып қалды. Қоғам тек сол Қаңтар оқиғасынан кейін ғана тірілген секілді әсер қал­дырады. Оған дейін ешкім ит аузына ағаш тығып отырған жоқ қой... Әрине, қасіретті «Қаңтар оқиғасы» биліктің ұшар басынан ауылдық бөлімшеге дейін, алтын сандықтың үстінде отырған олигархтан күркеде күнелтіп жүрген жанға дейін, қарттарымыздың әмиянынан сәбидің жөргегіне дейін, Дубайдағы сән-салтанаттың ортасында кофе ішіп отырған алпауыттан 5 мың метр тереңде кен қазып жүрген кеншіге дейін жағдайды қайта қарап, «корректировка» енгізуді күн тәртібіне қойды. Алайда 2019 жылғы Президент сайлауынан кейінгі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған кезең-кезеңімен (үш кезеңнен тұ­ра­тын) жүзеге асырылуға тиіс реформалық пакеттер түр­лі ахуалдарға қара­мастан жүйе­лі түрде жүзеге асырылып жат­қанын ерекше атап айтқым келеді.

Көрер көз, түйсінер сезім болса, Президенттің қоғамның, Парламент пен Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің алдына қойған міндеттері бойынша аз жұмыс істелген жоқ. Парламент төріндегі Жолдаулар, Ұлттық құрылтай мінберіндегі тұжырымдама­лар, кәсіби форумдардағы сала­лық тапсырмалар, партиялық платформалардағы міндеттер – бәрі-бәрі бір жіпке байланған жүйелі жобалар.

Әрине, кейбір мәселелерде жекелеген уәкілетті органдар сыр берді. Жауырды жаба тоқитын емес, Үкіметтің бір­тұтас қарқынды жұмысына үйлесе алмай, нәтижесінде зардабы халыққа тиген жағ­дай­лар болды. Ең бастысы — мем­­лекеттік құрылымды құ­рап отырған негізгі жүйенің ыр­ғақ­ты жұмысы сыр берген жоқ. Президент Үкіметке қатысты бағасында бұл мәсе­лені жасырып-жаппай, барын бар, жоғын жоқ деп атап көрсетіпті. Емеуріннен түсін­генім, алдағы күндері өте­тін Үкіметтің қоры­тынды жиы­нында нақты диагнозы қойы­латын да секілді.

Президент халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан Парламенттің кәсіби қызметін, қоғамның тамырын тап басатын сапалы заңдарды шығару­дағы еселі еңбегін өте жоғары бағалағанына дән риза болдым. Бәрін көзіммен көріп, жаныммен сезініп, бойымыздан өткізіп, жүрекке жеткізіп, бел ортасында жүрміз ғой. Түрлі қаржылық топтар мен көзге көрінбейтін лоббистердің қарсылықтарына қарамастан әрбір тағдыршешті норма үшін жан аямай күресіп жатқан, сын сағатта от пен су­дың ортасында жүрген әріп­тестерімнің жанкешті еңбегі ерлікке пара-пар дер едім.

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты