«Ana tili» газетіндегі сұхбатында Мемлекет басшысы білім қуып немесе жұмыс іздеп шетелге шыққысы келетін жастар туралы пікірін айтты. Бұған жаһандану заңдылығы ретінде түсіністікпен қарайтынын жеткізді. Беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, оны ел игілігіне жұмсау маңызды.
Осы тұста Президент халықаралық «Болашақ» стипендиясының рөлін атап өтті. Жас ғалымдарға жағдай жасалып отырғанын және мемлекет тарапынан барлық қолдау болатынын айтты. Жастарды шетелде оқу барысында кездесетін қиыншылықтан қорықпай, өмірге төселіп, ол жақтан жақсы нәрсе оқып-үйреніп, ел игілігіне жаратуға шақырды. Ең бастысы, шетелге білім қуып шыққан жастардың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, елге оралуы тиістігіне мән берді. Мемлекет басшысының бұл пікірі шетелге шыққан жастардың сапалы білім алып, жақсы тәжірибе жинақтап, өз Отанында табысты еңбек етулеріне үлкен рух, мотивация берері сөзсіз.
Қазір жастардың көбі «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен магистратура, докторантура оқып, ғылыми тағылымдамадан өтіп жүр. Олар жаңа мәдениеттермен танысып, әлемдік білім жүйесі мен ғылыми жетістіктерге қол жеткізе алады. Ал бұл еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, шетелден тәжірибе жинақтап келген жастар елдегі еңбек нарығын, оның ішінде ғылым мен өндірісті жаңа деңгейге көтереді. Үшіншіден, елдің халықаралық беделіне айтарлықтай үлес қосады. Өзге елде білім алып жүргендер еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін танытып, елдің имиджін жақсартуға үлес қосады. Осының нәтижесінде Қазақстан әлемдегі көптеген елде жақсы таныла бастайды. Сондай-ақ шетелде оқу жастарды жаңа идеяларды қабылдауға, креативті ойлауға және ғаламдық проблемаларды шешуге дайындайды.
Алайда эмиграцияға бейімделу қиындық туғызуы мүмкін. Жастардың шетелде білім алу мүмкіндігі көбейген сайын елге оралу мәселесі туындайды. Өйткені шетелде алған білім мен тәжірибе оларды басқа елдерде жұмыс істеуге ынталандыруы ықтимал. Түрлі себеп тауып, шетелде қалған дарынды жастар жетерлік. Әлеуметтік, мәдени және еңбек нарығындағы сәйкессіздік мәселесін де жоққа шығара алмаймыз. Жастар өзге елде ұзақ уақыт тұрып, елге оралған соң, олардың Отанға бейімделуі қиындауы мүмкін. Алған білім мен тәжірибені жұмыс орындарында қолдануға қиындықтар туғызуы, еңбек нарығында тиімді пайдалану мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Себебі отандық білім беру жүйесі кейбір жағдайларда шетелде алған білім мен тәжірибеге сәйкес келмейді. Басқаша айтқанда, шетелде алған тәп-тәуір білімін елде жарата алмай, жұмысқа орналасуда қиындық көріп жүрген жастар баршылық. Бұл жерде басымдық берілген мамандықтар тізімін қазақ нарығына сай жиі қарастырған жөн.
Президент атап өткен «Болашақ» бағдарламасында «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасы бар. Ғалымдардың шетелдегі әріптестерімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға жасалған жақсы мүмкіндік. Ғалым деген – киелі ұғым. Ал осы «Болашақпен» ғалымдарымызды қалай іріктеп жүрміз? Іріктеу кезінде ашықтық болып жүр ме? Тағылымдамаға ие болғандар босқа «қыдырып» келмес үшін іріктеудің қандай тетігі тиімді? Осындай тұстар әлі де жетілдіруді қажет етіп тұр. Өйткені шетелдің бай тәжірибесімен алмасып, елге жаңалық әкелемін деп жүрген тәп-тәуір ғалымдардың іріктеуден өте алмай қалғанын көріп жүрміз. Ғалымдарға шетелге шығу үшін шет тілін білу маңызды ма? Ол ғалым тіл білмейтін, бірақ мықты математик болса ше? Мысалы, ағылшын тілін білмейтін фольклорист ғалым бір жыл тағылымдама ішінде өз қаражатына аудармашы жалдап, қазақ әдебиетін әлемге ғылыми негізде паш етсе, бізге зиян ба? Осы сұрақтарды зерттеп, өзгеріс енгізген дұрыс болар еді.
Бұндай бағдарлама Қытай, Оңтүстік Корея, Индия, Сингапур және басқа да елдерде бар. Бұл елдердің жақсы жолда дамуына шетелде білім алған жастардың ықпалы зор болған. «Болашақ» стипендиясы да білімді жұмыс күшін қалыптастыруға, экономиканы дамытуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және әлеуметтік даму мен теңдікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Яғни халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға және әлемдік прогреске ықпал етуге мүмкіндік береді.
Досым БАЙДРАХМАНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты