Таяуда белгілі тарихшы-ғалым Күлпаш Ілиясованың Екінші дүниежүзілік соғыстың азабын көрген өнер тұлғасы, ғұмырының елеулі бөлігін амалсыз туған елден жырақта өткізіп, сүйегі де қиырда қалған Әлім Алмат яки Ғалымжан Әбсәламов (1917–2018) туралы «Тағдыр – тарих: скрипкашы Әлім Алматтың күнделікті өмірі» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Кітап Алматыдағы «Дарын» баспасынан шыққан.
Монографияда саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі жылдары Ташкент, Алматы, Берлин, Вена, Париж консерваториясында білім алған бекзат скрипка өнерінің майталманы Әлім Алматтың тар жол, тайғақ кешуі, күрделі өмірі, соның қапталындағы түрлі саяси, тарихи оқиғалар қамтылған. Мың өліп, мың тірілген тұлғаның тек-тамыры, қалыптасқан ортасы, соғыс жылдарындағы азабы, тұтқын, босқын мәртебесіндегі халі, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы түркістандықтардың тағдыр-талайы, Францияда М. Шоқайдың жұбайы Мария ханыммен ұшырасулары мен хат-хабар жауаптасулары, Еуропадан Түркияға қоныс аударуының себеп-салдары, жаңа мекендегі кәсіби, тұлғалық соқпағы зерделенген. Сондай-ақ әскери тұтқындарға қатысты кеңес одағындағы, Еуропадағы, Түркиядағы түсінік байыпталады. Музыкант-легионер Әлім Алматтың ақталу үрдерісіндегі субъективті-объективті кедергілер, өзге де қиындықтар оқырманды ойландырады. Соғыстың жүректегі жазылмас жарасы хақындағы естеліктер көңілді босатады.
Кітапты ықыласпен оқып, түйгеніміз: «Ататек немесе Алмат әулеті (1917–1931)» атты 1-бөлімде әулетінің тарихы, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауы сөз етілсе, «Әлім Алмат – талантты музыкант (1931–1939)» атты 2-бөлімде кәсіби білімге ұмтылуы мен қалыптасып даму кезеңдері сараланады. «Әлім Алмат және Түркістан легионы (1941–1945)» атты 3-бөлімде түркістандық әскери тұтқындар мен музыкант-легионерлер тағдыры зерттелінсе, «Әлім Алмат және Мария Шоқай (1946–1969)» атты 4-бөлімде сол кездегі туыстық, таныстық, әріптестік хаттардағы тарихи шындық баяндалады. «Анадолым – атажұртым (1969–2018)» атты 5-бөлімде Әлім Алматтың туысқан Түркия Республикасындағы тарихи орны және Тәуелсіздіктен кейін туған елі – Қазақстанмен арадағы шынайы перзенттік қарым-қатынасы зерделенген. Кітап соңында берілген Мәрия Шоқайдың Ә.Алматқа жазған хаттары (мұны алғаш мұстафатанушы Б.Сыдықова жариялап, К.Ілиясова қазақ тіліне аударған), Ғ. Әбсәламовтың естелігі, түрлі тарихи фотосуреттер оқырманға терең ой салады.
Жалпы бүгінгі ұлт киногерлері тұтқында болған скрипкашылар Әлім Алмат пен Әйткеш Толғанбай туралы көркем фильм түсірсе деген ұсынысымыз бар. Шүкір, Әйтекеңнің соңында көлемді естелік кітабы қалды. Мұны өнердің бар саласы пайдаланып, салаландыра алады. Ал мына зерттеу және скрипкашының өзі 1999 жылы құнттап жариялаған «Yoldas Alimin defteri» мұрасы – Ә.Алмат жөніндегі фильмге нағыз ізашар.
Сондай-ақ еліміздің музыка колледждері мен консерватория залдарында, дәлізінде соғыс пен тұтқындағы азаптау рухын сындыра алмаған осы тұлғалардың үлкен кәсіби портреттері ілініп тұрғаны абзал.
Алаш заманы мен саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі тұлғатану мәселесін жүйелі қарастырып жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Күлпаш Мырзамұратқызының жаңа кітабы өз оқырманын табады деп сенеміз.
Сабыр ШӘРІП,
PhD