Жетісу облысы Кербұлақ ауданының орталығы – Сарыөзекте самбо күресінен еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, оқу ісінің үздігі, белгілі бапкер Бақыт Қоқысбековтің құрметіне дзюдодан жасөспірімдер арасында республикалық турнир ұйымдастырылды. Оған еліміздің бірқатар өңірінен келген балғын балуандар қатысты.
Бақыт Жәкетұлы 1981 жылдан күні бүгінге дейін туған ауылында самбо, дзюдодан мықты шәкірттер тәрбиелеп келеді. Осы уақыт ішінде 1 КСРО спорт шеберін, Қазақстанның 24 спорт шеберін, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 4 елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы даярлады. Шәкірттері халықаралық жарыстарды айтпағанда, әлем мен Азия чемпионаты, Азия ойындары мен әлем кубогінің өзінде 22 рет әнұранымызды шырқатып, 45 мәрте көк туымызды желбіретті.
Б.Қоқысбеков – талантты балаларды тұрған тұрысынан тани білетін бапкер. Бақыт ағамыз секілді қажырлы бапкерлердің арқасында Кербұлақ ауданы спорт саңлақтарының алтын ұясына айналды. Оның спорт жолындағы жеңісті дәстүрін бүгінде шәкірттерінің шәкірттері табысты жалғастырып келеді.
«Бәрінен тәртібі мықты бала озады. Мен мұны өмірлік тәжірибемнен жақсы білемін. Дарынды балалардың көбісі алғашқы жеңісінен кейін «мен мықтымын» деп тайраңдап кетеді. Содан жаттығуға біресе келіп, біресе келмей, дайындығын әлсіретеді. Тәртібі бар бала жаттығудан қалмай, бапкердің айтқанын тыңдап, тынымсыз еңбегінің арқасында көздеген мақсатына жетеді. Спортпен шындап айналысқан адамға керек ең басты бес нәрсе: жылдамдық, ептілік, төзімділік, еңбекқорлық, тәртіп. Залдағы жаттығу дегеніміз тек темір көтеріп, белтемірге тартылып, әрі-бері жүгіріп, дене қимылдарын жасаудан ғана тұрмайды. Спортта күш пен жылдамдық қана емес, ақыл мен парасат та керек. Біз баланы ең алдымен адамгершілік қағидаттарына үйретеміз. Барлық берекелі іс үлкедерге құрмет, кішілерге ізет көрсетуден басталады. Соны қаперлеріне мықтап түйеміз», дейді Бақыт Жәкетұлы.
Бүгінде жұрттың бәрі перзентінің прокурор, сот немесе қаржыгер болғанын қалайды. Мықты спортшы болып та тарихта қалуға болатынын көп ата-ана жіті түсіне бермейді, спортшы деген мамандық емес деп ойлайды. «Балам міндетті түрде жоғары оқу орнында оқып, диплом алуы керек» деген ниетпен нағыз піскен шағына қарамай, спорттан жұлып алады. Ақырында солардың дені дипломның пайдасын да көрмейді. Не тұрақты жұмысы жоқ, не спортта жоқ, өмірден өз жолын таба алмай көп қиналады.
«Менің де Олимпия ойындарына қатысып, жүлдеге таласуға күш-жігері жететін қарымды әрі арынды шәкірттерім көп болды, – деп жалғастырды әңгімесін білікті бапкер. – Бірақ өмірдің ағысы оларды мүлде басқа арнаға түсірді. Кейбірі мал табудың қамымен кетті, кейбірі қиындыққа шыдамады. Ата-аналардың қарсылығына тап болған кездеріміз де жоқ емес. «Спорт – еріккеннің ермегі. Одан да бір мамандықты таңдап, диплом алғаның әлдеқайда тиімді», деп мектеп бітірер кезде жаттығуға жібермейді. Өкінішке қарай, спортта бәсекелестікпен бірге бақталастық та қатар жүреді. Өсіп келе жатқан баланы көре алмай, аяқтан шалушылар көбейеді. Соның салдарынан дарынды жастар тез сынады. Соған қалай күйінбейсің? Біздің бала кезімізде ауылды жерлерде өзіміз қалаған спорт түрімен айналысуға мүмкіндік болмады. Кербұлақ ауданының Қоянкөз ауылындағы орта мектепте футбол, волейбол, баскетбол ойнаумен ғана шектелдік. Әскерден кейін Алматыға барып, Қазақ дене тәрбиесі институтына оқуға түстім. 1981 жылы Қоянкөзге көшіп келдім де, күрес үйірмесін ашып, жаттықтырушы болып еңбек еттім. Содан кейінгі тіршілігім осы ауылда өрбіп келеді. 12 жыл аудан орталығындағы спорт мектебінің директоры қызметін атқардым. Сөйтіп, саналы ғұмырымды толықтай бапкерлік кәсіпке бағыштадым».
«Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген дана Абайдың айтқанын іс жүзінде дәлелдеп отырған Б.Қоқысбековтің спортпен өрілген өмірі – әрбір қазақ баласына үлгі. Шағын ғана ауылда жүріп-ақ кейіпкеріміз жастар арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Берік Жетпісбаев, құрлықтың үш дүркін чемпионы Мейіржан Қапшағанов секілді майталмандарды тәрбиеледі. Бүгінде екеуі де – елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушылар.
Сарыөзекке ауысқаннан кейін де бір шоғыр талантты жастардың томағасын сыпырды. Солардың арасынан Ділдәш Құрышбаеваны бөле-жара атап өтуге болады. 68, 72 кг салмақ дәрежесінде күрескен қазақтың қайсар қызы 2013–2022 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында 3 күміс, 3 қола медаль олжалады, Азияның 7 дүркін чемпионы атанды. Жазғы Азия ойындары мен жабық ғимараттағы Азия ойындарында алтыннан алқа тақты.
«Бақытты 1983 жылдан бері танимын, – дейді самбо мен қазақ күресінен спорт шебері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрбай Жармұхамедов. – Ол – өте еңбекқор бапкер. Балаларға қатал, бірақ әділ. Оның тәрбиелеген шәкірттері елішілік додаларда дараланып, халықаралық аренада да ел намысын абыроймен қорғады. Осындай баталы істі Қоқысбеков ауылда жүріп-ақ тындырды. Қазіргі кезде балаларды спортта ұстап тұру өте қиын. Біздің кезімізде үкіметтің өзі талантты спортшыларды институтқа сырттай оқуға түсіретін. Сөйтіп, бес жыл бойы сынайтын. Мықтысы қалады, әлсіздері кетеді. Қазіргі кезде де осы салаға осындай бір үрдіс керек сияқты.
Бақыт Қоқысбековтің үзеңгілес әріптесі, досы да балуандық өнерде біраз белесті бағындырған. Н.Жармұхамедов қазақ самбошыларының арасынан алғашқы болып одақ көлемінде атой салды. 1976 жылы КСРО кубогі жарысында қола медальды мойнына ілді. Ел чемпионатында 8 мәрте топ жарды. 1975–1983 жылдар аралығында бозкілемде ешкімнен ұтылған емес.
«Мен Бақыт ағаның тұңғыш шәкірттерінің бірімін, – дейді Дәулет Айтбаев. – 1982 жылы, алғаш жаттығуды бастаған кезде ауылда спортпен айналысуға жағдай болмады. Ұстазымыздың мамандығына шын берілгені соншалық, мал бордақылап, етін Алматыға апарып сатып, соның ақшасына балаларды жарысқа апаратын. Әлі есімде, таңғы сағат бесте әр баланы үйіне келіп оятатын. Бізге «көше жаққа қараған терезенің түбіне жатыңдар, маған сендерді оятуға оңай болады», дейтін. Таңертең сағат бесте ағайдың таяғы терезеге тық еткенде, орныңнан атып тұрып, соңынан еруің керек. Осындай жанкешті еңбектің арқасында көптеген шәкірті биік белестерді бағындырды. Сондай-ақ Сарыөзекте спорт ғимаратының салынуына да Бақыт Жәкетұлы көп күш салды.
Сарыөзек ауылының төрінде өткен дүбірлі додаға Жамбыл, Алматы, Семей, Жетісу облыстары, Алматы, Қонаев, Текелі, Талдықорған қалаларынан 310 балуан қатысты. Солардың арасынан С.Бақыт, М.Қуанышбай, И.Батырбек, Н.Бағдат, А.Нұрмұхамед, С.Бауыржанұлы, А.Қуат, А.Шоқанұлы, А.Бектұрсын, тағы басқа балғын балуандар айшықты өнерлерімен көзге түсіп, бас жүлдені олжалады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»,
Оралхан ДӘУІТ,
журналист