• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 11 Желтоқсан, 2024

Жол азабынан құтқарған – «Egemen Qazaqstan»

65 рет
көрсетілді

Биыл Орал қаласын Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарымен жалғайтын жол толық асфальттанып, қос ауданның халқы талай жылғы жол азабынан құтылды.

Өзім Бөкей ордасы ауданында туып-өсіп, осы жерде қызмет еткендіктен жақсы білемін ғой. Өткен ғасырларда Оралдан Ордаға баратын жолаушылар ат көлікпен айға жуық уақыт жүріпті. Кейінгі жылдары астында желмен жарысқан автокөлік болса да Бөкей ордасы мен Жәнібек ауда­ны тұрғындары көктем мен күзде, ауа райының қолайсыз кезінде екі араға 10-12 сағат жүрді. Көктем мен күздегі жауын-ша­шын, лайсаң кезде апталап жүрдік, жол­да қалып, далада қондық. Қазір соның бәрі көрген түстей болды.

Бірақ бұл қуанышты күнге оңай жетпедік. 2019 жылы «Қазталов – Жәнібек – Ресей Федерациясы» шекарасына дейін 145 шақырым және «Бисен – Өнеге – Сайхын» жолы – 103 шақырым, барлығы 248 шақырым жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін 4 мердігер компания анықталды. Жоспар бойынша үш жылдың ішінде жол құрылысы жүріп, 2021 жылдың соңында аяқталуға тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Түрлі сылтаумен жұмыс созыла берді. Уағдалы уақыт та өтті. Халық алаңдай бастады. Осы кезде, 2022 жылдың 20 сәуірі күні «Egemen Qazaqstan» газетінде «Күре жолдағы күрсініс» атты мақала шықты. Ол мақалаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырды. Президент тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілердің жазаланатынын да ескертті. Сол күндері Премьер-министр Әлихан Смайылов Батыс Қазақстан облысына жедел ұшып келгені, кейбір жауапты тұлғалардың қызметінен алынғаны да есімізде. Ең қуаныштысы, жол құрылысына қайтадан жан бітті. Жергілікті тұрғындардың талай жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткілі – Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына баратын қатқыл табанды жол салынып, халықтың игілігіне берілді.

Тақтайдай тегіс жол талай тағдырды өзгертті. Оның пайдасын санап тауысу қиын. Ең алдымен, біз қазір уақыт үнем­­дейміз. Бұрын екі-үш күн жүру қалыпты жағдай болса, қазір қауіпсіздік ережелерін сақтап, асықпай жүргеннің өзінде Оралдан Бөкей ордасына 5-6 сағатта барамыз.

Екінші мәселе – денсаулығымыз сақталады. «Жол азабы – көр азабы» деген сөзді бұрын шын мәнінде басымыздан өткердік. Көп азап шектік, осы жолда денсаулығымыздан айрылдық.

Үшіншіден, елдің материалдық жағдайы түзеле бастады. Өйткені көлік­тің бұзылуы, істен шығуы азайды. Жанар-жа­ғармай шығыны азайды. Халықтың тал­­­ғамы өсті. Бұрын екі араға «УАЗ» жүретін. Қазір комфортты жайлы көліктер жүйт­китін болды. Ауыл мен қаланың ара­сын­дағы әлеуметтік арасалмақ азайып келеді.

Жоғарыда да айттым, бұрын ауылға бару үлкен жоспар, күрделі операция болатын. Әзірленетінбіз. Жаңбыр жауып кете ме деп қорқатынбыз. Қазір еш уайымсыз, кез келген уақытта шыға беретін болдық.

Одан бөлек, осы жолдың пайдасынан Орданың өзінде кәсіпкерлік дамып жатыр: Хан ордасы ауылында жаңадан кафе салынды. Олжас Жүсіпқалиев деген азамат жеке хостел ашты. Хан ордасы музей қорығында «Vizit-Center» салынды. Ауылдың ішінде жол төселіп жатыр. Енді ауылға кіретін 21 шақырымдық жол салынса, туризм де қарыштап дамиды. Осы ауылдағы әйгілі Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығына жол жоқ кезде жылына 12-18 мыңдай адам баратын. Енді мұнда келуші туристердің саны бірнеше есе өседі деп ойлаймын.

Бірнеше жылдан бері Орал қаласынан осы Хан ордасы музей-қорығына туристік саяхат ұйым­­дас­­­ты­рып келемін. Биыл Ордаға бар­­­ғы­сы келетіндер көбейді. Өзімде автобус бол­­­ма­ғандықтан, көлікті жалға аламыз. Жаңа жол салынғалы автобус жалдау баға­­­сы түсті. Сөйтіп, саяхат бағасы да арзандады. Бұл халыққа да тиімді.

Осы жерде айта кететін бір мәселе – шалғай ауданда халықты тұрақтандыру үшін тағы да шаралар керек. Өйткені урбанизация мәселесі бар ғой. Қазір Бөкей ордасы ауданында жол, газ, су бар. Аудан Ресейдің Астрахань облысымен шекарада жатыр. Аудан орталығы Сайхыннан әрі қарай Астрахань облысына шығатын Молодость атты шекаралық бекет бар. Қазір ол шекаралық өткел жеңілдетілген режімде, яғни көршілес екі аудан тұрғындары ғана жаяу өте алады. Осы өткелді «екіжақты» деп ауыстырса, екі ел азаматтары кедергісіз өтер еді. Сайхын, Бөкей ордасы ауданы қазіргідей түкпірдегі елді мекен емес, тоғыз жолдың торабына айналар еді. Үлкен жүк көліктері жүрер еді, жол бойындағы коммуникация дамып, жергілікті қосымша табыс көзі болар еді.

Әрине, мұның бәрі болашақтың еншісіндегі шаруа ғой. Жалпы, осы жолдың салынуының өзі халыққа үлкен көмек болды. Оның пайдасын санап тауысу мүмкін емес. Кеше ғана ауылға барып келдім. Елдегі жол салып жатқан жігіттер өз күшімен Сайхын мен Шоңай стансаларының арасындағы жолды жөндеуге кірісіпті. Өйткені бөкейордалықтар жолдың қадірін жақсы біледі.

 

Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,

«TourWestKaz» туристік-ақпараттық орталығының жетекшісі

 

Батыс Қазақстан облысы