• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 04 Қыркүйек, 2024

Салық саясатына сабырлылық керек

111 рет
көрсетілді

Салық кодексінің жаңа редак­ция­сы өте қысқа мерзімде дайын­­далғандықтан, шикі тұс­тары көп болды. Оған бизнес те, тәуелсіз сарап­шылар да риза­шылық таныт­пады. Са­лық­ты көтеріп, ж­еңіл­дік­тер мен артық­шы­лықтарды шектеп, салық қызметкерлерінің заң­сыз әре­­кеті үшін жауап­кер­­­шілікті алып тас­тау және олар­­ға шағым­дануға тыйым салу кә­сіп­керлерді алаңдатып қой­ды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Жолдауда  салықтық әкімшілендіру ісінің жаңа жүйесін қалыптастыру керек екенін, Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді аза­мат­тың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды екенін айтты.

Жолдаудағы көп күткен ең басты жаңалық – Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсыруы. Бұл орайда Президент қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет екенін мәлімдеді. Ең бастысы асығыстыққа жол беруге болмайтыны айтылды. Жалпы, жаңа жоба салық саясатындағы кемшін тұстарды реттеп, жүйелеу үшін әзірленген болатын. Бірақ Үкімет салық реформасы салық-бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейтінін түсінуге тиіс.

Жаңа салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың бірінші кезекте шағын және орта кәсіпке байланысты тұстарына тоқталған дұрыс деп санаймыз. Кез келген мем­лекет­тің шайқалмауына әсер ететін – орта тап. Мемлекетте дәулеті орташа отбасы қаншалықты көп болса, мемлекет соншалықты мықты болады. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласынан бас тарту ірі салық төлеушілердің көлеңкеге түсуіне әкеп соғады. Макроэкономистер салық жинаудың қаржылық әдістерін қарастырған кезде бюджетке қаражат түсу жолын ғана назарға алады. Ал кәсіпкерлер салықтың кәсіпорынға әсеріне басымдық береді. Қазір жалақыға салынатын салық жылдан-жылға өсіп жатыр. Қазіргі көрсеткіш – 32%. Жалақы бо­йынша деректерге қарағанда, елдегі 26,8 мың адам айына 3 млн теңге алады, ал олардан 157,9 млрд теңге салық түседі. Өткен жылы 2 млн-ға жуық азаматтың жалақысы 50 мың теңге екені айтылды. Олар бюджетке небәрі 7,2 млрд теңге салық төлеген. Мемлекеттің салық саясатының беталысын айқындайтын құжатты асығыс дайындауға болмайды.

Мемлекет басшысы Салық кодексінің жаңа редакциясын дайындауға бір жыл уақыт беріп отыр. Салық кодексінің ендігі тағдыры: Мәжіліс Кодекстің жобасын қайта қарап, Сенатқа өткізе ме, әлде оны дайындауға қатысқан жұмыс тобына қайта тапсыра ма? Президент Салық кодексінің ендігі беталысын жеке бақылауына алатынын айтты. Бұл мені үміттендіреді.

 

Андрей ЧЕБОТАРЕВ,

тәуелсіз қаржыгер