Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Биыл байқауға облыс бойынша 31 отбасы қатысып, олардың ішінен 5 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. «Отбасы – шағын мемлекет» дегендей, байқауға қатысушылардың қатары көбейіп, қызығушылығы арта түскен.
«Мерейлі отбасы» байқауының басты мақсаты – үлгілі әулеттердің өнегелі тұрмысын паш ету, отбасылық құндылықты, отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеу, мәртебесін арттыру, сол арқылы қоғамның іргетасын нығайту.
Байқауда бас жүлде – бір миллион теңге ақшалай сыйлықты Жаңаарқа ауданынан Қапбасовтар әулеті олжалады.
«Белсенді отбасы» аталымын Жезқазған қаласынан Таевтар отбасы, «Үлгілі отбасы» аталымын Қаражал қаласынан Оспановтар әулеті, «Өнерлі отбасы» аталымын Ұлытау ауданының Есімсейітовтер отбасы, «Берекелі шаңырақ» аталымын Сәтбаев қаласынан Бекешевтер отбасы иеленді.
Барлық жеңімпаздар арнайы диплом, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Шара барысында өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, мерекенің шырайын кіргізді.
Облыстық байқаудың жеңімпазы Қапбасовтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде сынға түседі.
Ұлытау облысы