• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.58
  • EUR:
    480
Басты сайтқа өту
Абай 30 Сәуір, 2024

Абайдың жаңа әні табылды

319 рет
көрсетілді

Абай әндері – қазақ музыка тарихында ерекше орын алатын ақынның жаңа бағытта жазған туындылары, баға жетпес мирас. Қазақ әндері мен күйлерін жетік білген данышпан ешкімге ұқсамайтын әуен тудырып, музыка тарихында өз қолтаңбасымен биіктен көрінген композитор. Халық әндерін тыңдап өскен кемеңгер Абай өз айналасындағы халықтан шыққан өнерпаздарды, қазақтың атақты әншілерін, күйшілерін көрген, тыңдаған. Ана сүтімен дарыған халық әуендеріне терең бойлап, оның артықшылығын түсіне тұра, ешкімге ұқсамайтын өз әндерін жарыққа шығарған. Орыс романстарын естіп, оны Еуропа мәдениетімен үйлестіре отырып шығарған композитордың жаңа әуені халықтың құлағына өте жағымды болды. Ғұлама ақын дала халқына жаңа әуен, жаңа ырғақ, жаңа ән әкелді.

Абайдың әндері ел ішінде кең таралғанымен, оларды ыждағатпен қағаз бетіне түсіру жұмыстары өлеңдеріне қара­ғанда сәл кешірек, XX ғасыр­дың бас кезінен бастап нотаға түсірі­ле бастаған (А.Э.Бим­боэс, А.В.Затаевич). Осы бағытта 1935 жылдан игілікті істі ұйым­дастырған – Мұхтар Әуезов. Ал Е.Брусиловский, Л.Хами­ди, А.Жұбанов, А.Серік­баев, Б.Ерзакович, т.б. музыкант­тар­дың Абайдың ән мұрасын хаттаудағы еңбегін тарихта алтын әріппен жазуға болады.

Хакім Абай әндерінің қадір-қасиетін кетірмей, келер ұрпаққа жеткізу – асыл борышымыз. Сон­дықтан да шекарасы жоқ, шексіз Абай әндерін басқа композиторлардың әндерімен шатастырмай, ақынның өз әндерін анықтап алуымыз керек. Себебі Абайдың сөзіне жазылған немесе сөзіне шығарылған әндердің бәрін Абайдікі деу­ге болмайды. Бұндай жауапты әрі тыңғылықты зерттеуді қажет ететін жұмысты алғаш атқарған – танымал әнші, өнертанушы Еркін Шүкіман. Оның жазған «Абайдың музыкалық мұрасы» кітабы – осы бағыттағы елеулі еңбек. Абайдың өз әндері мен Абайдың сөзімен айтылып жүрген басқа әндердің ара-жігін ажыратып берген.

Бізді қатты ойландырып, толғандырған мәселе – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңіне қатысты деректер. Тарихи қолжазбадағы «Абайдың өлеңі» деп аталатын осы әнді этнограф Арыслан Балғожин 1956 жылы шілде – тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысынан жинаған әндер мен күйлер топтамасына нотасымен берген. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің сөзімен айтылған әнді Тополев мыс аулының тұрғыны Иманқұл Қазыбаевтың аузынан жазып алған. Ал ол кісі бұл әнді 1921 жылы Семей қаласында бір әуесқой музыканттан үйреніпті.

Қолжазба орысша «Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының әндері мен күйлері», «Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының әндері мен күйлері» деп аталатын екі жинақтан тұрады. «Зайсан ауданының әндері мен күйлері» 1956 жылы шілде – тамыз айларында, «Марқакөл ауданының әндері мен күйлері» 1957 шілде – тамыз айларында жазылып алынған. Нотаға толығымен түсірілген. Сонымен қатар композитор Зекен Мейірмановтың қытай қазақтарынан жазып алған әндері мен күйлеріне қатысты мол мұра да өз кезегінде жарыққа шығуды күтіп тұр. Біз мұны бір жүйеге келтіріп, ноталарын қайта теріп, дайындап отырмыз.

Ақынның әндерін ең алғаш нотаға түсіруші­лердің бірі Қазақстанның Халық әртісі, композитор, этнограф А.В.Затаевич 1920–1923 жылдары Жүсіп­бек Аймауытұлынан «Абайдың әнін», Шәріп Медетовтен «Абай» әнін нотаға түсірген. Біздегі қолжазбада әннің атауында бұлардан айырмашылығы – «әні» емес, «өлеңі» деп аталуында болса да, әннің бірінші шумағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің сөзінен еш өзгеріссіз айтылады.

Әнді нотаға түсірген этнограф А.Н.Балғожин қолжазбаларының соңындағы орысша түсініктеме мынандай: «По сообщению Казыбаева Иманкула, эту песню он перенял от одного любителя-музыканта в г. Семипалатинске /в 1921 году/. На вопрос: «Принадлежит ли мелодия песни самому Абаю или же сочинена кем-либо другим?» – Казыбаев не смог ответить. Скорее всего это мелодия народной песни, к которой позднее неизвестным певцом был приспособлен текст Абая. В самом тексте 1-ое четырехстишие несомненно принадлежит Абаю, 2-ое же либо является отрывком из неизвестной песни Абая, либо поэтической импровизацией исполнителя».

 Иманқұлдың «Абайдың өлеңі» деп айтқан әнінің мәтіні төмендегідей:

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

 

Ері жоқ, таңбасы жоқ бурылтайдың,

Сағымы үйге түсер туған айдың.

Төрт болыс тобықтыдан жалғыз қалып,

Зарлықпен салған әні Ыбырайдың.

Күмән жоқ, бірінші шумағы – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңі. Бұған дейін­гі деректерде данышпанның өлең сөздерінің өзгеріп тұруы жиі ұшырасады. Өлеңнің жарыққа шыққан басылымдарында да аздаған өзгеріс бар екені бұрыннан белгілі. Ақынның «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» – Абайдың 1889 жылы жазыл­ған өлеңі. Ақынның өлеңінде:

 Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,

 Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,

 Шыдайды риза болып жар ісіне,

 Қорлық пен мазағына табынса да,

– деген екінші шумақтың 4-жолы «Қорлық пен мазағына табынса да» болса, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбаларына сәйкес «Қорлық пен мазағына табылса да» болып берілген.

Абай өлеңдерінің көбісі әнге айналған сәтте өзгеріске ұшыраса керек. Әнді жеткізуші немесе Абайдың өлеңіне ән шығарушы өз жанынан өлең жолдарын қосып отыра беретін мысалдар көп-ақ. Ақынның өз өлеңі авторлық басқа әнімен айтылғаны да жеткілікті. Өлеңдері, әндері елге ең алғаш таралған кезден бастап-ақ өзгерістерге ұшырай бастаған. Осы жайында Е.Шүкіманның «Абайдың музыкалық мұрасы» кітабында («Абай сөзімен айтылған халық әндері» бөлімі) қазақ даласында Абай әні, жыры деп айтылған халықтық нұсқалардың түрлі жинақ пен қорлардан алынған 15-і келтірілген. Осында «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңіне қатысты дерек те бар.

Еркін Шүкіман: «Абай сөзімен айтылған әндер­дің бірнешеуін М.Төлебаев хатқа түсірген. М.Тө­лебаевтың «Мақпал» жинағында Абай сөзімен ай­­тылған үш ән жарияланған. Соның алғашқысы – «Қалқа» әні. Жинақ түсініктерінде «Қалқа» – Абай­дың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңі­нің алғашқы шумағының өзгеріске ұшыраған түрі деп түсінік берілген» деген дерек келтірілген. Нота жазбасының астында:

«Менің күнім жарқ етпес не қылса да,

Ай менен күн аспанда шағылса да.

Маған жар жоқ, қалқатай, сірә, сіздей,

Бізден артық сізге жар табылса да», –

деп, «ай» одағай сөзі көп қолданылған мәтін бар.

Әрі қарай «М.Төлебаевтан жеткен екінші ән де осы сөзбен айтылған. Жинақ соңында: «Сайра да бір сөйле – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің алғашқы шумағының өзгеріске ұшыраған түрі деген түсінік берілген» деп жазады. Нота жазбасының сөздерінде:

Жарқ етпес менің көңілім не қылса да, угай,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Сайра да бір сөйлеші-ай, құрбым-ай, угай-ай,

– деп жазылған.

Кітаптағы үшінші көрсетілген халық әндері жайында «Жарқ етпес» өлеңі халық әндерінің тағы бір сөзі болып орындалған. ...Бөкейханов жеткізген әннің 1-шумағы сөздердің орны ауысқан немесе сөздері өзгерген халықтық нұсқадағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім» өлеңінің сөзімен айтылса, 2-шумақ – Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әнінің мәтінімен айтылған» деген түсінік берілген.

Е.Шүкіман осы дерекке байланысты жүргізген зерттеулерінде респонденттердің арасынан Ғ.Бөкей­хановты да, «Қараторғай» әнін де кездестір­меген. «В.Дернова келтірген қайырма мәтіннен қара­ғанда, Ақан серінің де «Қараторғай» әні «Жарқ етпестің» сөзімен айтылған секілді» деген ой ай­тады. Байқағанымыз – халық әндері және халық композиторларының әндерімен айтылған ақын­ның өлеңдері ел ішінде көп өзгеріске ұшырап орындалғандығы.

Ал Иманқұл айтқан «Абайдың өлеңі» әнінің алғашқы шумағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің өзі екенін атап өттік. Екін­ші шумақтағы бірінші жолын Біржанның махаббат лирикасынан «Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың» деген сөзін «Ері жоқ, таңбасы жоқ бурылтайдың» деп, өзгертіп айтқаны.

Халыққа кеңінен тараған Абай мен Біржанның әндері тек өз туған мекендерінде ғана емес, қазақ даласына тегіс жайылған. Жалпы, мұндай «Бурыл­тайдың» өзгеріске түскен түрлері де ел ішінде, атап айтсақ, Алатау өңірінде әлі күнге дейін кездеседі. Сондай бір мысалды Құрманбек Әлімжан «Қордай шамшырағы» газетінде жариялаған. Мәселе мақаланың «Абай Қордайда болған ба?» деп аталғанындай, ақынның Қордайға болғанында емес, Иманқұл айтқан «Абайдың өлеңі»деп аталған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің 2-шумағындағы 1-жолды Біржан­нан алғанында немесе басқа да әншілер секілді Иманқұлдың өз жанынан өңдеп қосып айтқанында.

Келесі 2-жолдағы «Сағымы үйге түсер туған айдың» да – жеткізушінің өз жанынан қосқаны. Әрі қарайғы «Төрт болыс Тобықтыдан жалғыз қалып, Зарлықпен салған әні Ыбырайдың» деген жолдары – Абайдың тағдыр-талайын сипаттағаны. Қысқасы, 2-шумақ Иманқұлдың қосып айтқан импровизация­сы болуы мүмкін.

Өлеңнен әнге көшейік. Иманқұл әнді 1921 жы­лы үйренген. Бұл уақыт Абай әндерінің алғаш рет нотаға түсе бастаған тарихи кезеңі болатын. А.Н.Балғожин нотаға түсірген «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің екінші шумақтағы сөзіне көңіл аудармай, әннің тағдырына бойласақ, бұл ән Абай әндерінің алғашқы ел ішіне таралған шақтағы, қаймағы бұзылмай тұрған кездегі әні болып шығады.

Осы Зайсаннан жиналған ән-күйлердің ішінде нотасымен берілген «Желдірме» күйінің екі нұсқасын да «Абайдың өлеңін» айтушы Иманқұл Қазыбаев орындаған. Біз көңіл аударатын тұс  – «Абайдың өлеңін» де, «Желдірменің» екі нұсқасын да Иманқұлдың Семейдегі әуесқой музыканттан үйренгені. Иманқұл әнді орындап берген кезде оны кімнен үйренгенін айта алмаған.

«Абайдың өлеңі» кірген қолжазбалардың тағды­ры тым ауыр десе де болады. Иманқұлдан жа­зып алған этнограф А.Н.Балғожиннің екі жи­на­ғы (нота жазылған дәптерлер) композитор Зейін Мейір­мановтың қолына тиеді. Компози­тор өзінің фор­тепиано сүйемелдеуімен 1963 жылы жазған «Қытай жас әуескерлер мен Мейірма­новтың творчестволық жинағын» және «Қытай қазақта­рының халық әндері», «Қытай қазақтарының халық күйлері» атты 7 жинағын көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың жары болған, қазақ қыздарынан бірінші өнертанушы, зерттеуші ғалым Мәриям Ахметоваға аманат етіп тапсырған екен. Ол кісі Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарса керек. Сөйтіп, қолжазбалар 60-жылдары атақты ғалымның қолына тиген. Қазақтың дәстүр­лі әндерін жетік білетін ғалым 2011 жылы бұл мұра­ны қазақ қыздарынан шыққан алғашқы кәсіби компо­зитордың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбекке тапсырады. Иманқұлдың 1921 жылы үйренген «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін арада жүз жыл өткеннен кейін, 2021 жылы ұстазым Балнұр Балғабекқызы маған тапсырды.

Менің байқағаным, «Абайдың өлеңі» әнінің тұтастығы, музыка тілінің әуендете салған әдемі иімдерінің бір-бірімен байланысы композитор Абай әндерінің табиғатына өте жақын екен. Бұл ән нақты Абайдікі деп айтуға берік байлам жасамасақ та, әннің әуен-сарынының өзі Абайдікі деп айтып тұрғандай естілді. Кеңінен құлаш тартып, көңілді бірден баурап алатын ақынның өз әндеріне тән. Композитордың кейіннен табылған «Қор болды жаным» әнін Абайдың әні деп дәлелдеген өнертану ғылымдарының докторы, профессор В.П.Дернованың тұжырымдарымен сәйкес келіп тұрған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін Абайдың ән мұрасына қосса, артық болмас.

Енді «Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өз әні болды ма?» деген заңды сұрақ туады.

Бұл сұрақтың жауабы сонау 1915 жылда көрініп тұр. Ол деректі де Абайдың музыкалық мұрасын зерттеуші Е.Шүкіман келтіреді: «Ақынның бұл өлеңінің («Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» – Ә.Қ.) жеке ән болып айтылғаны жөніндегі деректі 1915 жылғы «Айқап» журналының 5-санында М.Малдыбаевтың «Қазақша бастапқы ойын» мақаласынан кездестірдік. Онда «2-бөлімде Нәзипа Құлжанова Ыбырай Алтынсариннің жазды суреттеген сөзін сөйледі. Әнші Әлмағамбет «Ырғақты», «Татьяна», «Жарқ етпес» дейтін әндерді домбыраға қосып айтты. Екі домбыра бір мандолинаны қосып, ұлт күйін тартты» деп жазылған. Яғни «Жарқ етпес» өлеңінің өз әні болғанға ұқсайды, бірақ бүгінге жетпеген», деп жазады.

Ғұламаның «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің болғанын, бүгінге жеткенін нақты деректермен келтірейін.

Бірінші дерек. Жоғарыда келтірген М.Малды­баевтың «Қазақша бастапқы ойын» мақаласында «Жарқ етпесті» Әлмағамбет орындап, әннің болғаны жайындағы алғашқы дерек көрсетілген. Жай ғана орындау емес, домбырамен қосып айтқан. Соған қарағанда, Әлмағамбет домбырада да шебер орындаушы болуы мүмкін ғой. Олай болса, домбыра күйлерін де білгені анық.

Әнші, ғалым Е.Шүкіман Әлмағамбеттің алғашқы Абай кешіндегі өнерін айта отырып, мынандай дерек келтіреді: «Неге екені белгісіз, 1914 жылы Семейде өткен Абай кеші А.Бимбоэстің «Татьянаның хатын» жазып алған 20-жылдармен байланыстырылып, әнді А.Бимбоэске орындап берген Н.Құлжанова болып жүр. Себебі В.Дернова, Ғ.Бисенова, Б.Ерзакович еңбектерінде, АМТ, АСҚ (Б.Ерзаковичтің 1954, 1986 жылдары шыққан жинақтары) жинақтарының түсініктерінде және Н.Құлжановаға қатысты еңбектерде осылай жазылған, бірақ ешқайсысында нақты дереккөзі көрсетілмеген. Н.Құлжанованың Б.Затаевичке екі ән жаздырғаны рас. Ол туралы «1000 ән» жинағында жазылған».

Е.Шүкіман: «Кейбір ауызша деректерден есті­ге­німіз, 1919 жылы Н.Құлжанова күйеуі Кол­чак әскері­нің қолынан қаза тапқаннан кейін, көп ұзамай Сәкен Сейфулиннің шақыруымен Ақмо­лаға ауысып, сонда фольклор жинаумен айна­лысқан екен. А.Бимбоэспен «Сегізаяқ» және «Татья­наның хатын» жеткізген М.Нұрбаеваның үйінде кездесіп, А.Бимбоэс әнді («Татьянаның хаты» – Ә.Қ.) Нәзипадан сол жолы жазып алған дейді. Бірақ А.Бимбоэске ән жаздырғаны туралы негізгі дереккөзі табылмады», деп жазған.

Екінші дерек. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің 1995 жылы Алматыда жарық көрген «Абай» энциклопедиясында «Әлмағанбет Қапсалем­ұлының «өмірін ұзақ жылдары бойы Абай аулында өткізіп, ұлы ақынның «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Алыстан сермеп», т.б әндерін айтып, ха­лық арасына таратқан. 1914, 1924 жылдары Абайдың қайтыс болғанына 10, 20 жыл толуына арналған Семейде өткен әдеби-музыкалық кештерде Абай әндерін нақышына келтіре орындап, ол туралы естелік айтқан», деп екінші рет әннің жүз он жыл бұрын Әлмағамбеттің орындауында бар болғаны туралы жазылған.

Бұл тарихи деректерге немқұрайды қарауға болмайды. Композитор Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында: «Ақылбай, Әлмағамбет, Айкерім Абайдың «жай даусымен» айтып шығарып берген әндерін аузынан қағып алып, шырқата, үдете, құйқылжыта орындап кетті. Абайдың рөлі – бірінші рет «автор даусымен» орындап беру болды», деп Әлмағамбеттің әндерді Абайдың өз аузынан үйренгені туралы жазады. Сол себепті, одан үйренген Жүсіпбек Елебеков айтқан ақынның әндері түпнұсқа ретінде сақталған. Әлмағамбеттен Ж.Елебеков секілді басқа да өнерпаздар ән, күй үйренген. Жүсіпбек Аймауытұлының 1914 жылы сахнада Әлмағамбетпен бірге өнер көрсетіп жүргені – онымен жақсы таныс болған деген сөз. Осы жақын қарым-қатынасының арқасында одан Абайдың біраз әнін үйренген соң, жоғарыда айтқандай, 1920–1923 жылдары А.В.Затаевичке «Абайдың әнін» айтып берген болуы да мүмкін.

Үшінші дерек. 2022 жылы 3 наурызда «Ана тілі» газетінде Бұлбұлназ Мұратқызы «Абайдың әншісі – Әлмағанбет» атты мақаласында: «Абайдың өзі де: «Осы әнді орындаса, Әлмағанбет қана орындасын», деп жиі айтып отыратын бірнеше әндері болыпты. Соның кейбірі: «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Жігіт сөзі», «Татьяна», «Бойы бұлғаң», «Сегізаяқ», «Өзгеге көңілім тоярсың» сынды әндер екен»,  деп жазады. Композитордың өзі «Жарқ етпес қа­ра көңілім не қылса да» әнін «Әлмағанбет қана орын­дасын» деп шәкіртіне аманат еткен екен»,  дейді.

Академик Ахмет Жұбанов: «Абай әндерінің мелодикасы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі келген қазақ әндеріне ұқсамайды. Бірінші жағдай – Абай әндерінің әрқайсысының өзіне меншікті өлеңі болды», деп дөп айтқан. Сондықтан соңғы табылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнінің авторы жеткізушілер мен орындаушылар емес, Абайдың өзі деп тұжырымдауға негіз бар.

Ұлы ақын «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін орындау мен насихаттауды шәкірті Әлма­ғамбетке аманаттаса керек. 

 

Әлқуат Қазақбаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, өнертанушы-композитор