Бұл дата – қоғам мен экономиканы дамытудағы жас ұрпақтың рөлін айқындауға арналған күн. Мереке елімізде 2000 жылы, 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Жастар ісі жөніндегі дүниежүзілік министрлер конференциясының ұсынымдарын қолдап, осы күнді ресми жариялағаннан кейін бекітілді, деп жазады Egemen.kz.
Қоғамның қозғаушы күші
Ел халқының үштен бірін құрайтын жастар – жаңа идеялар мен жаңашылдықтың, шығармашылық пен дамудың қайнар көзі. Олар заманауи технологияларды игеріп, инновациялық стартаптар құрып, халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетіп, экологияны қорғау мен ерікті қозғалыстарға белсене араласып жатыр. Үкімет жастар саясатын ел дамуының басым бағыты ретінде белгілеп, олардың білім алуына, кәсіби өсуіне, мәдени және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін кешенді бағдарламаларды іске асырып келеді.
Жасампаз жас маман
Қазіргі жаһандану дәуірінде сапалы білім жас адамның ертеңгі күнінің жарқын кепілі. Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңартылып, оқу мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын қосарлы бағдарламалар енгізіліп жатыр. Цифрлық платформалар арқылы заманауи дағдыларды игеру мүмкіндігі кеңейіп, халықаралық білім алмасу бағдарламалары мен ғылыми жобаларға қатысатын жастар қатары артып келеді. «Жас маман» жобасы, гранттар, оқуға жеңілдікпен берілетін кредиттер және 2029 жылға дейінгі жаңартылған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы – жас буынның кәсіби және жеке дамуына жол ашатын маңызды қадамдар.
Табысты еңбекке талпыныс
Мемлекет жастардың еңбек нарығында орнығуына бағытталған бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде «Дипломмен – ауылға» жобасы ауылдық аймақтарды білікті мамандармен қамтамасыз етсе, «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары тәжірибесі жоқ түлектерге алғашқы ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігін беріп отыр. Президенттік жастар кадрлық резерві – ел басқару ісіне жаңа буынды тартуға және олардың мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтерге жетуіне жол ашатын ерекше бастама.
Тұрмысқа тиімді тұрғын үй
Баспана – жас отбасылар мен жас мамандардың негізгі қажеттілігінің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асып жатыр. Бұл бастамалар арқылы мыңдаған жас азамат төмен пайыздық мөлшерлемемен және қолайлы өтеу шарттарымен баспанаға қол жеткізіп, өмір сапасын жақсартты. Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірінде іске қосылған жеңілдетілген ипотекалық жобалар аймақ жастарына да тең мүмкіндік беріп отыр.
Игілікке бастайтын инновация
Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет гранттық байқаулар, бизнес-инкубаторлар, акселерациялық бағдарламалар және «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын ұсынып отыр. Жастардың белсенділігі IT, агротехнология, «жасыл» энергетика, креативті индустрия және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында айқын көрініп келеді. Олар халықаралық нарыққа шығып, шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, ел экономикасына жаңа серпін беріп жатыр.
Еріктілер еңбегі ерен
Ел жастары экологиялық, мәдени және әлеуметтік жобаларға белсенді араласып, өз еркімен қоғамға қызмет ету дәстүрін қалыптастырып жатыр. Мысалы, «Жасыл ел» еңбек жасақтары жыл сайын мыңдаған жасқа уақытша жұмыс пен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Бұл тек кәсіби дағдыларды дамыту ғана емес, сонымен бірге отансүйгіштік пен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған қадам.
Жаһандық аренадағы жастар
Халықаралық форумдар, мәдени алмасу бағдарламалары және білім жобалары арқылы қазақстандық жастар жаһандық тәжірибе жинап, шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып жатыр. Алматының 2025 жылғы ТМҰ жастар астанасы атануы – еліміздің жастар саясатын дамытудағы жетістігінің халықаралық деңгейде мойындалуы.
Жұмысшы мамандықтар жылы – жаңа мүмкіндік
2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл – өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік және IT салаларында білікті кадрларды даярлауды күшейтуге бағытталған қадам. Дуалды оқыту жүйесі, заманауи оқу-өндірістік орталықтар және кәсіптік бағдар беру іс-шаралары жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға ынталандырып жатыр.
Институционалдық тетіктер
Елімізде 234 жастар ресурстық орталығы жұмыс істеп, аймақтарда жастар бастамаларын қолдап келеді. Әкімдіктер жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестер кеңесші орган ретінде белсенді жұмыс істейді. Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы саладағы зерттеу мен талдау жұмыстарын үйлестіріп, жыл сайын «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын жариялайды.
Сонымен, Халықаралық жастар күні – бұл өткенді бағамдап, келешекті бағдарлайтын танымдық мереке. Білімді, белсенді және бастамашыл жастар – еліміздің ең үлкен байлығы. Олар жаңа Қазақстанды қалыптастыруда алдыңғы қатарда болып, ел дамуына жаңа тыныс береді.