Алдымен айтқанда, ауылдастары атынан бірнеше адам қол қойған мұндай шағым түскенге дейін де аталған өңірді жылдан-жылға өкпеден қысқан жағдайға таныс болатынбыз. Кезінде 60 мыңға тарта қой, 10 мыңнан астам жылқы өргеннің өзінде жайқалған жайылымы жапырылып көрмеген Арқаның ең бір шүйгін жерінің аяқ астынан азып-тозуы көз алдымыздағы оқиға болып отыр. Үсті ғана емес, астының да бай болуы жергілікті тұрғындарға ойламаған тұстан сорға айналды.
Алдымен айтқанда, ауылдастары атынан бірнеше адам қол қойған мұндай шағым түскенге дейін де аталған өңірді жылдан-жылға өкпеден қысқан жағдайға таныс болатынбыз. Кезінде 60 мыңға тарта қой, 10 мыңнан астам жылқы өргеннің өзінде жайқалған жайылымы жапырылып көрмеген Арқаның ең бір шүйгін жерінің аяқ астынан азып-тозуы көз алдымыздағы оқиға болып отыр. Үсті ғана емес, астының да бай болуы жергілікті тұрғындарға ойламаған тұстан сорға айналды. Қоры аз-көбіне қарамастан, әйтеуір, жол беріліп тұрғанда асап қалуға асығып анталаған, аты да, заты да белгісіз ұсақ өндірісшілердің жан-жақтан кеніштер ашып, топырағын қопарып тастауы тыйылар орнына өршіп бара жатуы жазылған хатта енді ауылдың дәл іргесінен «Арап», «Сөрті 1», «Сөрті 2», «Сөрті 3» деген карьерлер ентелеп, қоршауында қалуы айтылады. Олардың айналасында үйілген тау-тау кен қалдықтары төбелерінен көтерілген шаң-тозаң онсыз да табиғаты жұтаң аймаққа одан сайын зардабын тигізе түсуі күйіндіреді екен. Бұған да көнбістік танытушы жұртқа бар тірек, тірліктің негізгі көзі мал болғандықтан, оны өргізетін жайылымның күннен-күнге тарылып, тіпті, алдағы аз уақытта мүлдем жойылып кету қаупі басқа да орындарға жеткізіліп бағыпты.
Біз бұл мәселені бұдан үш жыл бұрын көтерген едік. Амал не, үйреншікті үнсіздіктен құлаққа ілінуін-ілінбеуін біле алмадық. Енді білсек, ілінбепті. Талай жыл ел іші ырысы мен игілігінің құт-берекесі болған жер бүгін бар, ертең жоқ компаниялар қанжығасына байлануы ақырында оның асты-үсті астан-кестеңін шығарған еркінсуге тыйым салар дәрмен де шамалы жағдайға жеткізіпті.
Бұл күнде бұрынғы бейнесі елеске айналған Түгіскеннің төңірегі «Жомарт», «Жәйрем», «Шығыс қамыс», «Арман-100», «Қартабай», «Түйебай», «Қарабидайық», «Қылжыр» деген байырғы жер атауларын жамылған кеніштерден аяқ алып жүргісіз десек, артық айтқандық емес. Жергілікті жұрттың наразылығына қарамастан, ашылған бұлардың кейбірінде кеннің алынуы екі-үш жылға да жетпей түгесіліп, жабылып қалған. «Қартабай» мен «Түйебайдың» орны қазір жал-жал үйінді. «Шығыс қамыстың» да қоры таусылғалы тұр. Осылар аз болғандай, бүгінде «Арап» деген тағы бір кеніш пайда болып, оның қожайындары, тіпті, ауылдағылардың орын босатуына дігір сала бастауда көрінеді. 2 мыңнан астам тұрғыны бар, ежелгі нәсіп – малдың арқасында тұрмыстары өсудегі ауылдың келешегі тосыннан қыл үстінде тұрғандай жағдайға ұшырапты қазір.
Ал түгіскендіктердің бұған дейін ертеңгі күндеріне үміттері үлкен еді. «Жаңаарқа жылқысының қымызы мен еті-ай», деп тамсандыратын өңірдің бұдан былайғы тағдыры не болары белгісіз. Қымыз дайындау, қой етін қалбырлау цехтары, мал бордақылау алаңы, басқа да шағын өндірістер құрылмақ болған жобалар қайтерсіз, енді түске айналатын сыңайлы.
Жалпы, бұл бір Түгіскен басындағы ғана жай емес. Малы қоралас, жаны аралас, іргелес Ералиев ауылы да жанындағы «Жалын» кенішінің залалын тартып келеді. Ашық далада үйілген көмір күл-тозаңы түлекке шұрайлы жайылымдарға бұрқырап шөгіп айналадағы табиғаттың берекесін кетіруде. Мұның да жұмысы ұзаққа бармай, отыны өтімсіз жатыр. Таяқ тастам тұста бір өзі жылына 8 миллион тонна көмір өндіруге қолы жеткен «Шұбаркөл» кеніші тұрғанда қосақтап екіншісін ашудың соншалықты не қажеттігі болды екен деп ойлайсыз.
Хат түйінінде айтылғандай, ауылға керектіге қолдау көрсету, еңбеккерлері ұмтылысына еркіндік беру, шаруашылықтарын көтеру орнына, керісінше, мал жайылымын тарылтып, ой мен қырды қопартып, кеніштерді қаптату түсініксіз жай.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.