• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2018

Ана тіліміз – бірінші байлығымыз

737 рет
көрсетілді

Әбділда Тәжібаев Қазақ радиосына берген сұхбатын осы өзекжарды сөзбен бас­тайды. Бұл – кеңестік кезеңде айтылған сөз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады» деп кеңестік биліктің ұлт ретінде жойып жіберуді көздегенін ашық жазады.

Ауыр соққы ана тілімізге де төнді. Қауіптің қара бұлты әлі толық сейілген жоқ. Философ Амангелді Айталы: «Жаһандану заманында ұлттың рухани коды жойыла бастады деушілер көбейді. Әсіресе ресейлік ғалымдар арасында ұлттардың жаназасын шығар­ғысы келетіндер бар. Мысалы, қазақтар­ды орыс әлемінің ықпалынан шығарғысы келмейтіндер ұлттың жай ғана топ екендігін көрсету үшін қазақтарды мысалға алады» деп жазады. Адамзат тарихынан ойып орын алған ұлтымыздың басына төнген қауіпті қоюлата түсуді көздейтін ниетке жол бермеудің амалы – ана тілін ардақтап, мемлекеттік мәртебе биігіне көтеру. Туған тілін ешуақытта өзгенің табанына салмайтын отандастарымыз­дың барлығы бұл тілекте бірлік көрсететіні­не күмән жоқ. Мәселе өзімізде – қазағымыз­да. Мемлекеттік тіл саласындағы жұмыс­тың өрге басуына тілдік негізде екіге бөлініп бара жатқан қазақтың, өз ішіміздегі ойдың бірік­пеуі басты кедергі. Ана тілінен алыстаған жас пен жасамыстар саны бірнеше миллион. Бір замандас немересінің қазақшаны түсін­бейтінін, қызы мен күйеу баласы да орысша сөйлесетінін айтып қынжылғанда не дері­мізді білмедік. Ана көңілін жықпай, қызы баласын қазақ мектебіне апарыпты.

Бірінші сабақтан келген немересінің алдынан шығып, құшағын жайған әжесіне ботақаны орысша «не пойду в школу, там одни иностранцы» деп бұртиыпты. Бір замандас университет бітірген немересі шымкенттік жігітке тұр­мысқа шығатынын, қазақшасы ауыз-екі сөй­леуден аспайтынын айтып, «қалай болар екен» деп қорқасоқтайтынын жасырмады. Құдаларының келін түсіру тойына қатысып қайтқан соң «көңілім орнына түсті, күйеу баланың отбасы орыс тілді екен» деп мәз-мейрам болды. Иә, қазақтың өзара орысшасына құлақ үйреніп, көндігіп те кеткендейміз. Бұрын өзбек ағайындардың «орыс болу үшін әуелі қазақ болу керек» деген қағытпасын естігенде намыстанатын едік. Сол намысты жоғалтып барамыз ба, қалай? Елбасының Ұлытау төрінен «қазақ қазақпен қазақша сөйлес, кімнен қорқасың?!» деуінде терең мән бар. Бұл – ана тіліміз бен салт-дәстүріміздің берік қазығы болып келген қазақ халқына «бірінші байлығыңа, басыңдағы бағыңа ие бол» деген сөз. Әр отбасына бас болатын әулеттің үлкендері. Неміс ойшылы Хайдеггер «тіл – адамның үйі» дейді. Отбасылық «Ана мектебі» – ұлттық рухани құндылықтар қай­нары, туған тілдің мөлдір бастауы. 

Педагогика ғылымының атасы Ян Комен­скийдің «Ұлы дидактика» еңбегі бойынша балаға тәрбие, білім берудің екінші сатысы «Ана тілі мектебі» – тілімізді дамудың телегей теңізіне алып шығатын қазақ мектептерінің бас­тауыш буыны. Тәуелсіздіктің шарапаты­мен ата-ана зәру болып келген қазақ мек­теп­тері мен балабақшалар қаулап өсіп келеді. Оқу­шылар саны да жыл сайын артуда.

Дегенмен қазіргі қазақ мектептері шәкірт­терінің тілі шұбар­ланып тұрады. Қазақ мек­тептерінің қасіретіне айналған аралас тіл­ділік жойылмай, ана тілі­міз адым жаза ал­майды. Оқыту ісін орыс тілі­мен қосар­лап қойыртпақтау сүргіні өткен ғасыр­дың 70-жылдарының басында басталды, оқу министрінің орынбасары Щербаковтың аралас тілді мектептерді әспеттеген ғылыми диссертация қорғауынан кейін кең қанат жайды. Сол кезде-ақ Сәбит Мұқанов аралас тілділік қазақ тілі тамырына балта көтеру екенін қат­ты айтты. Амал нешік, аралас тілділік белең алып, орыс тілі басымдыққа жетті. Енді, міне, ХХІ ғасырда отаршылдық жымысқы сая­сат­тың жемісі пісіп, жасы бар, жасамысы бар миллиондаған қазағымыз ана тілін жиып орыс­шаға көшті. Қазақ мектептерін аралас тіл­діліктен құтқару қолға алынғанымен, діт­теген мақсатқа жеткен жоқпыз. Елбасы нұс­қауымен мемлекеттік тілді қорғауға бағыт­талған күрделі іс-шаралар қолға алынды. Парламент, Үкімет қазақша сөйлей бастады. Енді үлкенді-кішілі басшы атаулының қазақ­шасының жетік болуын талап ететін заң қажет. 

Ана тілінің тағдыршешті тұғыры болатын латын әрпіне көшу басталды. Тек бұрынғы ғадетпен қазақ тіліне қатысты көп мәселені созбұйдаға салып жіберуден сақ болсақ игі. Елбасы Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасау жөнінде тапсырма берді. Бұл кесте Үкімет кеңсесі ішінде қалып қоймай, жария болуын күтудеміз.

Білім және ғылым министрі 2020 жылы бірінші сынып латын әрпіне көшетінін хабардар етті. Елбасы «жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шартына» айналған ағылшын тілін оқытуды жаппай және жедел жүргізуді тапсырды. Ендігі мәселе – бұл міндетті жүзеге асыратын орындаушыларда. Басшылыққа алатын бағдар айқын. Елбасы Үндеуінде айтып отырғанындай, туған тілі­мен қатар балаға екінші және үшін­ші тіл­дер­­ді үйретуде жалпы педагогика ғылы­мын сүйе­ніш еткен озат елдердің озық тәжіри­бесіне ден қойсақ, ана тіліміз дамудың жаңа биігіне шы­ға­тынына сенім мол. 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері