Халық даналығында «Шебердің қолы ортақ» деген тәмсіл бар. Атыраулық дәнекерлеуші Александр Речкин металдан түрлі мүсін жасайды. Оның бұйымдарына шетелдіктер де тапсырыс береді.
Өзінің айтуынша, колледж бітірген соң балық қорғау инспекциясында инспектор болған. Бірақ шебер атануды ойламаған екен. Кейінгі үш-төрт жылда осы кәсіпке бет бұрды. Қазір қолынан шыққан мүсіндер тек жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдіктер арасында да танымал бола бастады. Өйткені темірден түйін түйетін шебердің мүсіндері ерекшелігімен тамсандырады.
«Осыдан 12 жыл бұрын жер телімін алған едім. Сол кезде үй аумағын абаттандыруды ойластырдым. Сөйтіп, дәнекерлеу аппаратын сатып алып, түрлі мүсін жасауды қолға алдым. Бұл – менің хоббиім. Дегенмен, тоқсан тараулы тағдыр не ұсынарын кім білген? Төрт жыл бұрын денсаулығым сыр беріп, бастапқыда жүрек талмасы, кейін бауыр циррозы деген диагноз қойылды. Дәрігерлер жұмыс істеуге, ауыр зат көтеруге тыйым салды», дейді А.Речкин.
Алайда қол қусырып, бос отыруды жаны сүймейді. Сөйтіп, темірден түрлі мүсін жасауды қайта қолға алған. Сол кезде оған өзінің отбасы, досы Бағдат пен оның жары Салтанат көп қолдау көрсетіпті. Дәнекерлеушінің қолға алған ісінің атауы мүсін болғанымен, күнделікті өмірде, тіпті сауда орындарында жиі кездесетін бұйымдарға мүлдем ұқсамайды. Өйткені Александр Речкиннің мүсіні – полигональды фигура.
«Темірден түрлі мүсін жасау жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ бұл оңай іс емес. Бастапқыда интернет желісінен полигональды фигура жасаудың қыр-сырын іздедім. Кейбір шеберлерге де хабарластым. Алайда ешкім бұл істің құпиясымен бөліскісі келмеді. Сондықтан шеберлігімді өзім жетілдіруге тырыстым. Қателіктен сабақ алдым», дейді ол.
Қазір оның қолынан шыққан мүсіндерге тапсырыс беруші көбейді. Әсіресе жеке иеліктегі үйлердің ауласына қоятын түрлі аңның мүсініне тапсырыс көп түседі. Тапсырыс берушілер еліміздің әр өңірінде тұрады. Тіпті Германия, Ресей, Беларусь, Литва мен Бельгиядан тапсырыс берушілер бар.
«Менің таңдаған стилім – көп қырлы фигура. Мұндай фигураларды жасау үшін түрлі есептеу, дәлдік пен шыдамдылық қажет. Алдымен металдан бүйірлі қиындылар дайындаймын. Оларды бір-біріне дәнекерлеу кезінде мұқият болған жөн. Болмашы қателік фигураның сәнін бұзады», дейді дәнекерлеуші.
Атырау облысы