• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:33

Ахмет Байтұрсынұлы Астраханға барған ба?

10 рет
көрсетілді

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы­ның қазақ қала­ла­рын қоспағанда қазіргі Ресей жеріндегі Орынбор, Омбы, Архангельск, Уфа, Қазан, сонымен қатар бүгінгі Өзбекстан астанасы Ташкент, Әзербайжан астанасы Баку қалаларында болғаны белгілі. Кейбірінде қыз­мет істеген, енді біріне жұмыс сапа­рымен барған. Сонымен қа­тар Ахмет Байтұрсынұлы Ресей­де­гі Астрахан қаласына да аялдаған. Зерттеушілердің көзіне түсе қой­маған ұлт ұстазының Астрахан сапары туралы аз-кем айта кетсек.

1920 және 1926 жылдары Баку қаласында екі ауқымды съез өткені белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы соның екеуіне де қатысқан. Оның бірі 1920 жылғы 1-8 қыркүйек аралығындағы Шығыс халықтарының І съезі болса, екіншісі – 1926 жылғы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында өткен Бүкілодақтық І түркітанушылар съезі.

Бакудегі Шығыс халықтарының жиынына аттанар алдында Ахмет Орынбор­дан алдымен Астраханға барған. Себебі 1920 жылғы 1 қыркүйек күні Астра­­хан қаласында Еділ-Каспий бойын жайлаған халықтардың ІІ съезі өткен. Мәскеу қаласынан жарыққа шыққан «Коммунистический труд» газетінің 1920 жылғы №139 санында жарияланған «Съезд делегатов Волжско-Каспийской Киргизии» деген хабардағы мәліметтерге қарағанда осы алқалы жиынға Ахмет Байтұрсынұлы да қатысқан.

Бұл жайында газетте: «Астрахан, 2-ІХ. Кеше Еділ-Каспий қырғыздары (қазақтары) делегаттарының II съезі ашылды. Съездің құрметті төрағалары ретінде Ленин, Троцкий, Сталин, сондай-ақ Зиновьев, Нариманов, Сұлтанғалиев және Ахмет Байтұрсынов жолдас­тар сайланды. Съезд Бакудегі Шығыс халықтарының I конференциясының төралқасына жеделхат жолдап, конференция шешімдерін іс жүзінде жүзеге асыруға көмек көрсететінін мәлімдеді. Осы мақсатта съезд жер-жердегі барлық қырғыз (қазақ) халқын Баку конфе­ренциясының Шығыс халықтарын империалистік Еуропаның тағылық езгісінен тезірек азат ету үдерісіндегі маңызы жөнінде хабардар ету туралы қаулы қабылдады.

Шығыстағы азаттық қозғалысының табысы оңтүстікте Врангельге және ақ Польшаға қарсы кеңестік Ресейдің толық жеңісімен тығыз байланысты екенін мойындай отырып, съезд Врангель мен Польша майдандарын толық жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыруға барынша белсенді қатысуға уәде берді. Съезде қырғыз (қазақ) халқына арнап ана тілінде үндеу жарияланып, онда қазіргі болып жатқан оқиғалардың жай-жапсары түсіндірілді», деп жазылған. Осы қысқа ғана хабардан бірнеше мәлімет алуға болады.

Біріншіден, Астрахан қаласында қазақтар да қатысқан Еділ-Каспий ха­лық­тарының II съезі болғанын біліп отырмыз. Демек бұған дейін өңір жұртының I съезі өткен. Ол уақытта «киргиз» атауы қазақтарға қатысты қолданыл­ға­ны айтпаса да түсінікті. Съезд саяси сипат алған, яғни кеңестік билікке адал аймақ­тық элитаны ұйымдастыру мақсаты көз­дел­ген.

Екіншіден, съездің құрметті төраға­лары ретінде Ленин, Троцкий, Сталин сайланғаны туралы мәлімет алдық. Ол уақытта мұндай съездердің құрметті төрағалары рәміздік түрде сайланатын. Құрметті төрағалар жиынға арнаулы қатысып, жұмысына жетекшілік етпесе де, оларға осындай ерекше сый-құрмет көрсетілетін.

Үшіншіден, хабарда съезд мәжіліс­терінің төраға­сы болып Зиновьев, Нариманов, Сұлтанғалиев, Байтұрсынұлы сайланғаны жазылған. Яғни төртеуі аталған съезге жетекшілік еткен. Мәлімет ретінде айта кетейік, бұл кезде Григорий Зиновьев – Коминтерн Атқару комитетінің төрағасы, Мирсаид Сұлтанғалиев Шығыс халықтары коммунистік ұйымдары Орталық бюросының төрағасы қызметін атқаратын. Ал Нариман Нариманов – Әзербайжан КСР-і Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ АКСР-інің Халық ағарту комиссары еді.

Төртіншіден, Астрахандағы съезде Бакуде өтетін Шығыс халықтарының І съезі төралқасына жеделхат жолданып, Шығыс халықтарын «империалистік Еуропаның тағылығынан» азат ету идея­сы көтерілген. Бұл уақытта Ресейде азаматтық соғыс әлі де өршіп тұрған болатын. Ресейдің өз ішінде Врангель бас көтеріп билікке таласса, екінші жағынан Польшамен текетірес тоқтай қоймады. Міне, осындай қиын шақта большевиктер билігі Шығыс халықтарының соларды қолдап кетуінен қатты қауіптенді.

Астрахандағы съезден кейін Григорий Зиновьев, Нариман Нари­манов, Мирсаид Сұлтанғалиев, Ахмет Байтұрсынұлы Бакудегі Шығыс халықтарының съезіне аттанды. Онда Шығыс халықтарының съезінде бас көтеріп жатқан буржуазиялық топтардың бұғауына түспеу, сондай-ақ Ислам дінін коммунистік идеямен қабыстыру мәселелері көтерілді. Соған қарағанда Астрахандағы жиын Баку құрылтайының бастауы болғанға ұқсайды.

Соңғы жаңалықтар