20 Сәуір, 2016

Әлемнің үздік балуандары Балуан Шолақ спорт сарайына жиналады

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
20.04.2016 AST-5 АСТАНА. 20 сәуір. 13-15 мамыр аралығында Алматы қаласында «Grand Prix» жарысы өтеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Оған әлемнің 70-тен астам елдің балуандары қатысады. Бүгінгі таңда 76 мемлекеттің спортшылары жарысқа қатысуға өтініш білдірді. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, алаң иелері әр салмақ дәрежесі бойынша төрт спортшыға дейін қатыстыра алады. Сонымен қатар, «Grand Prix» жарысы аясында Дзюдо академиясы ресми түрде ашылады. Дзюдо академиясының салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер және Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысады. Дзюдо академиясы төрт татамиге арналған зал, жаттығу залы, 100 орындық жатақхана мен асханасы орналасады. Онда Қазақстан ұлттық құрамасымен қатар, жас дзюдошылар да жаттығатын болады. Академияда халықаралық жаттығу жиыны, семинарлар мен шет елдік мамандармен бірлесе әр-түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. «Grand Prix» Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 13 мамырда сағат 10.00 басталып, финалдық кездесу сағат 17.00-де өтеді. 13 мамыр күні сағат 16.30-де турнирдің ресми ашылуы болады. Ал оған дейін сағат 15.00-де Дзюдо академиясының ашылу салтанаты жоспарланған. Жеребе тарту рәсімі 12 мамыр күні сағат 14.00-ге өткізіледі. Жеребе тарту рәсімі аяқталғаннан соң Rahat Palace қонақ үйінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәжілісі өтеді. Турнирді ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен ҚР дзюдо федерациясы Журналистерді тіркеу халықаралық дзюдо федерациясының ресми сайтында жүргізіліп жатыр (http://media.ijf.org) Тіркеуден өткен тілшілер тіркелгендерін растайтын қағаздарын 11 мамыр күні сағат 14.00 - 18.00 аралығында Байтұрсынов көшесі, 113 үйде орналасқан «Астана» халықаралық қонақ үйінен ала алады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 100 000 АҚШ доллары. Турнир жеңімпазына 2 400 АҚШ доллары, жаттықтырушысына 600 доллар берілсе, екінші орын алған балуанға 1 600 АҚШ долалры, оның жаттықтырушысына 400 АҚШ доллары тапсырылады.  Ал қола медаль иегері 800 доллармен марапатталады. Жаттықтырушысына 200 доллар  табыс етіледі. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі. 20.04.2016 AST-4