20 Сәуір, 2016

М.Әуезов театры Жетісу өңіріне гастрольдік сапармен барады

455 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
20-04-2016 afishaАЛМАТЫ. 20 сәуір. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің 90 жылдығы аясында гастрольдік сапармен 21-22 сәуірде Талдықорған және Текелі қалаларына барады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл сапарда театр ұжымы Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын сахналайды. Ал Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен махаббаты жайлы спектакльде өнер көрсететін актерлер мен қойылым тобын театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов және театр директоры, Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл бастап барады. Шәмші рөлінде – Бекжан Тұрыс, «Сыған серенадасының» дүниеге келуіне арқау болған сыған қызы Изольда бейнесінде – Шынар Жанысбекова, Барон рөлінде – Үсіпхан Сейтімбет, Баронесса рөлінде – Еңбек сіңірген артисі Ғазиза Әбдінәбиева өнер көрсетеді. Сонымен қатар, Жетісу өңірінің тұрғындары «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты Алмас Шаяхметов, Еңбек сіңірген артисі Шәмшәгүл Меңдиярова, «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ләззат Қалдыбекова, «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты Жасұлан Байсалбеков, Наз Жекенова, Бауыржан Маңжігітов, Замира Сапар, Қайрат Нәбиолла, Абзалбек Асхатұлы, Арай Өмірова, Жәнел Мақажан, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Әсем Абенова сынды өнер саңлақтарымен қауыша алады. Айнаш Есали. Дерек, фото: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз қызметі.