20 Сәуір, 2016

КҮЛКІ КЕРУЕНІ №24

290 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

satira-24

Әзіл-оспақ, сын-сықақ бұрышы   Бөлімді жазушы-сатирик Берік Садыр жүргізеді Бірде... Америкада «Чарли Чаплинге еліктеушілер» конкурсы жиі-жиі ұйымдастырылып тұрыпты. Бірде Голливудта өтетін конкурсқа аты-жөнін жасырып Чаплиннің өзі қатысыпты. Сөйтіп, бұған комиссия Чарли Чаплинге еліктегені үшін - үшінші сыйлықты беріпті. *** Бірде ресторанға келген Бальзакты таныған музыкант қасына жетіп келіп: – Қандай әуен тыңдағыңыз келеді? – деп сұрайды. Сонда Бальзак өтінішті жүзбен: – Тылсым тыныштықты ғана, – деп жауап беріпті. *** Бірде түрікмен әдебиетінің классигі Кеминенің құлағы ауырып, ісіп кетеді. Бұны көрген Эр-Әли: – Кемине, сенің құлағыңа қарап отырсам, есектен қарызға алған екен деп ойлаймын, – депті. – Дұрыс айтасыз, ұстаз, – дейді Кемине. – Бөлісіп жатыр екен, менің үлесіме тек құлағы ғана тиді. Ол жерде де сіз менің алдыма шығып кеттіңіз, есектің басы сіздің үлесіңізге тиді. *** Бірде Кеминенің балалары әкесінен: – Кедейшілік, жоқшылықтан қашан құтыламыз, былай қарағанда біз жақсы адамдармыз ғой, – депті. Сонда Кемине: – Егер біз жақсы адамдар болсақ, жоқшылық бізді неге ескерусіз қалдырады, жоқшылық та жақсыдан жаманға кеткісі келмейді, – деп жауап беріпті. *** Бір американдық атақты ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнен: – Қалай баюға болады? – деп сұрапты. Сонда оған Моэм: – Бес актілі трагедия жазыңыз да оны үш ай бойы шкафтан шығармаңыз. Содан соң одан бір актілі комедия құрастырыңыз... Сөйтіңіз де, бір бай американдықтың қызына үйленіңіз, – деп жауап беріпті.    Күллі әлемнің күлкісі Дәрігердің  қабылдауына келген адамның қолы қалтырап тоқтайтын емес. – Сіз көп ішесіз-ау, шамасы? – деп сұрайды дәрігер. – Жоқ, ішкенімнен төккенім көп. *** Француздың бір журналы еркектердің ертеңгілік іс-әрекетін айтып жазған қысқа да нұсқа  шығармаға бәйге жариялайды. Сонда былай деп жазған автор жеңімпаз болыпты. «Тұрамын. Тамақтанамын. Киінемін де үйіме кетемін». *** Жас маманды колхоз бастығы бас инженерлік қызметке тағайындамақ болып егіс даласын аралап жүреді. – Мынау соңғы шыққан картоп техникасы, – дейді бастық. – Ойпыр-ой, қандай ғажап, – деп таңырқайды бас маман. – Мұндай тракторды бірінші көруім... – Мынау әмбебап комбайн. – Пах, комбайн деген осы ма? – Сен не,  дипломды сатып алғаннан саумысың?! – Жоқ-а, сатып алып бірдеңке көрінген бе, маған оны туған күніме сыйлаған... *** Израильдің бір кездері арабтарға шабуыл жасап жатқан кездері болса керек. Мәскеулік біреу метрода қарсы кезіккен екі еврейді әй-шәй жоқ ұрып жығыпты. Оны милиция ұстап, ұру себебін сұрайды. – Азанда радиодан Израильдің арабтарға шабуыл жасағанын естігенмін. Түсте теледидар: «Израиль Суэц каналын басып алды» – деді. Жаңа метроға түссем, бұлар тіпті осында да жетіп алған екен... – депті айыпкер. *** Старшина сап түзей қалған солдаттарына: – Музыканы жаныңдай жақсы көретіндер екі адым алға, – деп бұйырады. Саптан алға бірнеше солдат шығады. Старшина: – Алға шыққандар, мәшине үстіндегі рояльді түсіріп, екінші қабаттағы клубқа кіргізіңдер. Ал қалғандарың жұп жазбай, киноға кіріңдер, – депті.   *Шетел әзілі Өтпейтін ата-тек – Міне, Павликті орналастыратын жер табылды, – деді әйелім сенімді үнмен. Әңгіме мамандандырылған мектеп туралы еді, бірақ оның не нәрсеге мамандандыратыны белгісіз, әйтеуір бір керемет болмақ. Көп қешікпей әйелім директордың секретарына көмектесуді өтінген біреуден сәлемдеме тапты да келіссөз жүргізуге мені жіберді. – Орын жоқ, – деді секретарь сәлемдеменің бетін де ашпастан. Балаңызды тіркеп қояйын, соңынан белгілі болады, – деді де қалың дәптер шығарды. – Фамилиясы? – Сидоров, аты – Павлик. – Ештеңе де шықпайтын болды, жолдас, – деді де ол дәптерді жаба салды. – Егер балаңыз Иванов немесе Петров болса бір сәрі. Сидоров екен ғой. – Онда не тұр? – Сәлемдемемен келіп тұрғандықтан құпиялап айтайын, бұндай фамилиямен мамандандырылған мектепке бүгін таңда ұлды да, қызды да алмаймыз. Неге бұлай? – Бұл солай. Егер балаңыздың фамилиясы басқаша болса қол ұшын берер едім, ал мынаған тіпті көмектесе алмаймын. Сұрамаңыз – өтпейтін фамилия. – Сидоров деген фамилия өтпей ме? – Иә. – Ештеңе түсінсем бұйырмасын. Үзіліске қоңырау соғылды, секретарь: – Қазір түсінесіз, сәлемдемемен келіп тұрсыз ғой, түсіндіріп көрейін. Біз коридорға шықтық. Ол балаларға: – Ивановтар бар ма? – деді. – Бар. – Фамилиясы Ивановтар қолдарыңды көтеріңдер. Тез, тез! Екі қол көтерілді. – Ал, араларыңда Петров бар ма? Тағы да бір қол көтерілді. – Мен Петровамын, – деді бір қыз бала. – Сидоровтар қайсысың? Бірден бес қол көтерілді. – Енді шешесі жағынан Сидоров болып жүргендер, қолдарыңды көтеріңдер. Кімнің нағашысы, жеңгесі, ағасы, апасы, әжесі, атасы немересі, шөбересі Сидоров... Қолдардың көп көтерілгендігі сонша, Сидоровтың бірі «Ура» деп айқайлап жіберді. Ивановтың бірі: – Дәл анықтау үшін есептейтін адам шығару керек, мен оған Петрованы ұсынам, – деді. Бірақ хатшы: – Жарайды, балалар, рахмет, – деді. Балалар тарап кетті. – Жағдай сізге енді түсінікті болды ғой деймін, – деді ол маған. – Сондықтан директор әзірге Сидоровтарды қабылдамау керек деді. – Неге олар бұнда сонша көп? Хатшы дермантинмен қапталған есікті нұсқады, мен одан: «Директор М. А. Сидоров» деген жазуды оқыдым. – Михаил Андреевич, – деп ол қосып қойды. – Кешіріңіз, – дедім мен. – Біздің Павликтің директорға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл қалада ешқандай туысымыз жоқ, тексеруіңізге болады. Михаил Андреевичке осы жолы тек фамилияласы бөтен біреуді тіркеу керектігін айтыңызшы, айналайын. Айтуға кеткен секретарь тез оралды. – Орын жоқ, жолдас Сидоров. – Ашығын айтқанда қалай? – Сіз сәлемдемемен келіп тұрсыз ғой, сондықтан ашық айтуға да болады. Директор: «Бөтен біреуден гөрі, бұндай фамилиямен тағы да бір туысымызды қабылдағанымыз дұрыс», – деді.

С. Комиссаренко.

  *Әзіл әңгіме

Қанденнен төбетке дейін

Байлықтың атасы – кітап екенін көкейіме түйіп өскен басым, кәзір кітапқа деген талғам өсіп – кей-кейлерде бедел-қасиет үйіңдегі кітап атаулының сый-сапасына қарай таразыланатын болып жүр емес пе! Әйел жарықтықтар да кітап жинауды бәсекенің үлкені деп білген болу керек, оған деген ілтипаттары өзгеше. Бір күні үйдегі Ұлбике бір қабырғамызға қақырап орнай қалған кітап сөремізге сүзіле қарап тұрып: «Енді бізге жарым шаршы метр қызыл түсті, бір шаршы метр аспан көк бояулы қалың кітаптар қажет...» деп бүйірін таяна сөйлегені бар. Көзі ашық азамат болғандықтан бұның мұнысына сәл кейіп, ал мына бір «игілікті ісіне» сүйсініп, ішімнен «керемет!...» деп күбірлеп риза болғаным тағы бар. Ондағысы не дейсіз ғой. Керемет! Керемет болғанда қарапайым ғана нәрсе. Қалтаға салып жүруге боларлық тобылғыдай торы кәнденді Бозым асырай бастағанда жақтырмай танау көтеріп торсылдап едім. Сөйтсем, ондағым артық кеткендігім екен. Тобылғы торы кәнден ақылды боп өсіпті. Оның «керемет ойынын» үйімізге пышыр құрдас кеп қонғанда байқадық емес пе. Ертеңінде Пышыр кетейін деп киім ілгіштегі сырт киіміне қол соза беріп еді, қарсы алдына қасқайып тұрып алған кәнденіміз үріп-шәуілдеп болар емес. Пышекеңнің қол ұшы киіміне жете берді – кәнден азар да безер шәңкілдеп, тісін ақсита арс етіп, шамасына қарамай балағына жармасқаны. Қарап тұрмай ілгіштегі киімін әпере беріп едім, кәнденім оны тастай сала менің қолымдағы қоңыр тонды жұлмалай жөнелгені бар. Сол мезет қоңыр тонның іш қалтасынан бір пәле жерге топ ете қалғандай болды. Қарап едім, кәнденім топ ете қалған Хэмингуэйдің топтамасының жиегінен сүйрелеп түпкі үйге қарай зымырап барады екен... Онысымен қоймай, қайта қайырылып Пышекеңе айбат шеге шәуілдеп, алдыңғы аяғын көтеріп алыстан тепсіне шауып болмаған соң, Пышекең де «ер жігіт емес пе, төс қалтасына «түсіп кеткен» Мұқағалидың «Өмір-өзенін» суырып лақтырып, тұтығып-түнеріп қоштаспай шығып кетті. Тек есікті серпи жабарында «итіңнің иттігін өмірі ұмытпаспын...» деп қалды. Менде кәнденнің «кәкір-шүкірлігіне» сәл-пәл кейіп, одан оның бұл әрекетін ойға салып саралап көрген соң, бұның бұл әрекетінің керемет екеніне көз жетіп, оны бұл іске баулыған кербез келіншегімді алғаш рет тапа-тал түсте кеудеме қысып, бетінен сүйдім. Осы күннен бастап кәнденге деген пиғылым түбірінен өзгеріп, ол менің алдымда әркез еркелейтін халге жетті... Мұнан кейін, үйімізге емін-еркін қонақ шақыра беретін болдық... Мұнан кейін, келіп-кеткен ел-жұрттан еш қауіп-қатерсіз-ақ отыра беретін болдық... Кәнденнің Пышырдан кейінгі екі әрекеті ойымнан кетер емес... Бірі, сол Пышырдың масқара болатын күнінен кейін іле-шала шақырған қонақтар болған күнгі әрекеті. Той домалағамыз тәп-тәуір өтіп, ел-жұрт тарар шақта кәнденім «концертін» бастап берсін... «Тілін білетін» Пышыр пысықтығын жасап, ішкен ішімдіктің қызуымен әркімнің қалта-қалтасын ақтарып, ұрлаған «дүниелерімен» менің құшағымды толтырғаны бар... Сол күні кәнденімнің әрекеті мен Пышыр құрдасымның оқыс қимылына қатты қысылдым. Екіншісі, күндердің бір күнінде үйге ғылыми жетекшім – Ілдебай Құлықовичті жеңгеймен шақыра қалдым. Басекеңді барымызды салып күттік. Ілдекең үйдегі келінінің іскерлігіне риза боп тос көтерді. Ал жеңгей мына менің қабілет-қасиетімді асыра мақтап әупірім етті. Бәрі де ойдағыдай болып, ол кісілер отырған орнынан көтеріле берген еді, түпте тым-тырыс жатқан кәнден атып тұрып аласапыран жасағаны... Оның бұл әрекетінен сасып жеңгей ыршып-шоршып, басекең кейін шегініп көңіліне кірбің алғаны бар. Қарап тұрмай, әбүйір төгіп масқараламай тұрғанда деп, алғаш рет табалдырықта ызғар шаша талтайып тұрған кәнденнің мойынынан бүре ұстап түпкі үйге атып жібердік... Біз басекең мен асыл жеңгейді шығарып сап келгенше, одан түннің бір уағына дейін кәнденімізде бір мезет тоқтау болмай зар еңірегені... Күндердің бір күнінде, ғылыми атағым жоғарылаған шақта – осы Ілдекең бізді үйіне шақыра қалды. Басекеңдікіне топ етіп бара қалдық. Сыйлы қонағы болдық. Мен осы атақ-құрметке жетуіме Ілдекеңнің еңбегі қанша болса, үйдегі асыл жеңгейдің еңбегі де сонша екенін айтып, ризашылығымды білдірдім. Бір таңқалғаным – біз отырған бөлме тап-тұйнақтай, кітап атаулы көзге түспейді. Шағын үзіліс кезінде түпкі бөлмеге бас сұғып едім, іздегенім осында – кітаптан қабырға атаулы көрінбей қалған екен. Жақындап барып сығырая сығалап едім, өзімнің қолды болған құнды кітабын көзіме оттай басылғаны... Сұғылған қолымды жарты жолда тоқтата тұрып, ащы ырыл шыққан тұсқа мойын бұрып едім – қақ төрдегі қалың көрпе үстінде нән төбет жайғасқан екен. Аласы мол аумақты көзін менен алмай, тісін ақсита атылуға әзірленген ала төбеттен қаймығып, қолымды тартып ала қойдым... ...Таныс кітап көзге оттай басылғанымен: жан тәтті, қимай-қимай жылыстай бердім... Берік Садыр.