01 Сәуір, 2016

Студенттік жобаларға – жол ашық

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Облыс орталығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың өкілдері Сұлтанмахмұт Торай­ғыров атындағы мемле­кеттік университетте болды. Олар­дың назарына Enactus PSU атты студенттердің стартап-жо­балары ұсынылды. Бұған дейін оқу орнында «Бизнес және білім беру» тақырыбын арқау еткен «Студент жастар бизнес-бастамаларының» форумы да болып өткен-ді. Оған еліміздің өңірлерінен студент жастар, бизнес серіктестер, мемлекеттік орган қызметкерлері, белгілі кәсіпкерлер қатысты. Мақсаты – бизнес және білім берудің серіктестігі мен жастар кә­сіп­керлігінің дамуы, жеке биз­несті ашу мүмкіндігі мен биз­несті жүргізу қабілетін ұштау, аға буынның кейінгі толқынмен кәсіпкерлік әрі менеджмент тәжірибесін бөлісу. Форумда Enactus Kazakhstan өңірлік өкіл­дігі ресми түрде ашылды. Ректор Арын Өрсариевтің айтуынша, университетте ашылған Enactus Kazakhstan өңірлік өкілдігі студенттердің іскерлік, әлеуметтік ұстанымдарының анықталуына және бизнес алаңына нақ қадам жасауына ықпал етпек. Яғни, бұл танымал халық­аралық ұйым жергілікті студент­тердің де ой-армандарының орындалуына себепші болмақ.Олардың кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырып, бизнеспен айналысуына мүмкіндік беріп, жас кәсіпкерлер арасында түрлі байқаулар, тренингтер өткізеді. Форум жұмысына Enactus Kazakhstan Президенті Альбина Ер­жанова, облыстағы «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жергілікті филиалының директоры Ерқанат Әбенов қатысты. Көпшілік назарына «Печа-куча» форматындағы «Менің кәсіп­кер­ліктегі жолым» атты студент­тік бизнес-жобалардың көрмесі ұсынылған болатын. Бұл жолы университетке жолы түскен Қор басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров та машина жасау және металлургия, агроөнеркәсіп және энергетика факультеттерінде білім алып жүрген студенттердің үздік жобаларымен танысты. Жалпы, бұған дейін университет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын-ды. Енді осы келісімдер аясында «Кәсіпкерлікті ашуды қолдау бағдарламасы» және «Студент-жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағыттары» бойынша іс-шаралар жүзеге асады. Студенттер аудиторияда жү­ріп-ақ, мамандар жүргізетін семи­нарларға қатысып, тәжіри­белі бизнес-тренерлердің жетек­шілігімен өздерінің қабілет-қары­мын шыңдайды. Кәсіпкерлік саланың қыр-сырын үйренеді. Жобаның түлектеріне бизнесті құру және дамыту, бизнес жос­парлар дайындау, кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелу, «Да­му» қорының қолдауына ие болу үшін құжаттар дайындау және өтінім беру жөнінде кеңес беріледі. Олар сайт ашуды, жарнамалық мәтіндер жазуды, баннерлер жасауды, өтім саудаға сараптама жасау, маркетингтік акциялар ұйымдастыру,  ғаламтор арқылы өз қызметтерінің ақы­сы мен тауарларды алуды үйре­неді. Университет ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, «Даму» қоры студенттерге уни­вер­ситетте білім ала жүріп, кәсіп­керліктің негізін үйренуге жақ­сы мүмкіндіктер ұсынуда. Бұл олар­дың алдағы өмірлерінде кәсіп­керлік саласына араласуға және бизнес-жобаларын іске асыруларына үлкен қолдау болады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.