01 Сәуір, 2016

Мәдениет үйі қашан салынады?

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ауылдағы қордаланып қалған мәселені төтесінен қойып, әңгімеміздің әлқисасын Алматы облысы, Алакөл ауданы, Достық бекетінен, оған уақыт талабына сай Спорт және мәдениет сарайы керек екенінен бастағанды жөн көрдік. Бүгінде оның, яғни өзінің ауыл­дық әкімдігі, екі ауысымдағы мектеп, екі жүз орындық бала­бақшасы, теміржол салалары мен кеден қызметкерлері, мұнай, газ терминалдары жұмысшылары, теміржол және полиция бөлімшесі, яғни бес мыңнан аса тұрғыны бар Достық бекетінің аудан бюджетіне қосар табысы аз емес. Халықаралық мәртебе алған теміржол мен ав­тобекеттегі тұрғындар саны да жыл санап өсе түсуде. Соңғы жыл­дары жаңа мектеп, жаңа аурухана, кеден қалашығы, теміржол, әкімшілік ғимараттары, үш-төрт қабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Берекелі бекет тұрғындарының бір ерекшелігі – жастарында. Олардың орта жасы отыз бен қырықтың арасында. Алпысты алқымдап зейнетке шыққандар бірлі-жарым. Еңбек көрігін қыз­дырып жүрген бекет жастары жұмыстан соң қолдары бос кез­дерінде саламатты мәдени жер тап­пай қиналады. Бұл жердің ауа-райы да өзгеше. Жазы аптап ыстық, қысы қытымыр суық. Жыл он екі айда апталап тоқтаусыз соғатын желі тағы бар. Қыс әлегі таусылмас жырға айналған. Иә, мұнда дәл осындай аума­лы-төкпелі ауа райына көн­дік­кен Жоңғар қақпасындағы жұрт­шылықты әрі келімді-кетімді қо­нақтарды қарсы алып, шығарып салып, тамақтандырып, басқа да түрлі қызмет көрсету салаларында еңбектеніп жүрген ардақты жандар жетерлік. Қымбатшылық та осы Достықта. Ауа райының қолайсыздығы мен арық суының жоқтығы салдарынан бұл жерде бау-бақшасын жайқалтып отырған ешкімді көрмейсіз. Тасымалмен келген азық-түлік, киім-кешектің бәрінің де бағасы аспандап тұр. Өйткені, сонау жетпісінші жылдарда салынған тас жолдың аудан іргесінен шыққаннан кейінгі 80 шақырымнан астамына әлі күнге жөндеу жүргізілмеген... Әкім-қаралардың айтуынша, ширек ғасырдан бері ол жоспарда бар. Соның өзі көңіл тоғайтады. Ал спорт кешені ше? Бұл да атқамінерлердің сөзіне сенсең, күн тәртібінен түспеген мәселе. Бұқаралық спортты жандандыру жайлы Елбасының өзі үнемі айтып жүр емес пе? Шекаралық бекеттегілер бұл жағынан кенжелеп қалған. Спорт десе ішкен асын жерге қойып, жанкүйерлік танытатындар қаншама! Жазда мектеп жанындағы алаңда доп тебетіндер де жетерлік. Көпқабатты үйлердің астындағы жертөледе түрлі спорт түрімен айналысатындар кездеседі. Бірақ бұлармен бұқаралық спорт жанданып кетті деуге келмейді. Волейбол, шағын футбол ойнайтын, үстел теннисі сияқты спорт залдар жоқ. Осыған сәйкес айтарымыз, көр­шіге қарап бой түзегеннің де кейде айыбы жоқ секілді. Достықпен шекаралас ҚХР-дың Алашанкоуі де осы ширек ғасырда көз алдымызда көтерілді. Жүк тасымалынан түсетін пайданың бір пайызы ғана абаттандыруға жаратылатын Қытайдың бұл бекеті бүгінде гүлденіп тұр. Барып қайтқандар ауыздарын ашып «жұлдызды қонақ үйлер, көпқабатты әсем банк ғимараттары, авто және теміржол вокзалдары бар, асфальттары ай­надай, тап-тұйнақтай», деп, та­залықтарына таңдай қаға тамсанады. Оларда спорт кешені жұмыс істейді. Кешенде волейбол, бас­кетбол, үстел теннисі, шағын фут­бол, түрлі тренажерлермен жаб­дықталған бөлмелері жетерлік. Мұндағы жұмысшыларға арналып және бір үлкен спорт ғимараты салынуда, онда жүзу бассейніне дейін болмақ. Бапкерлердің баптауымен осы шағын Достықтағы жертөле мен мектеп залдарынан самбодан әлем чемпионатының күміс, қола жүл­дегерлері, Азия біріншілігінің алтын, күмісі мен қоласын ен­шілеген балуандар да шыққан. Кейде қиялға беріліп, ойға кетесің. Жастар еңсесі биік тамаша спорт залдарында дайындалса, бұдан да зор көрсеткіштерге қол жетер ме еді деп. Спорт саңлақтарының саны артар ма еді. «Салынады, жоспарда тұр, мұны қозғап не қажеті бар?» деп, жұмсақ креслода отырғандардың айтар уәждері бір. Жиындарда батылың жетіп айтсаң, жарық күнде шам алып артыңнан түсіп, шаңыңды қағады. Жыл он екі айда бір таусылмайтын комиссияларды мейрамханаларға сүйрегенше, спорт кешеніне апарып, мәдениет сарайында мәнді кештерге қатыстырса, бұқаралық спортқа бүкіл жұртшылықты тартса, бұдан асқан пәтуәлі іс болар ма еді? Сонымен тағы айтарымыз, Достық бекетіндегілерге соны серпін беретіндей қазіргі уақыт талабына сай спорт ғимараты мен мәдениет үйі ауадай қажет болып тұр. Ойдым-ойдым жол оңалса тіптен келісіп кетпек. Сынаптай сырғып өте шыққан ширек ғасыр­дың көктемі де келді, жазы да жақын, ал үміт шіркін үзілмейді! Сейіт ОМАРОВ.  Алматы облысы, Достық бекеті.