01 Сәуір, 2016

Қазақ баскетболының қарлығашы

538 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Шолпан баскет2Әттең бір қапы  дүние-ай! Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш баскетболшы ретінде ұлықталып, есімі Ұлттық энциклопедиямызға енген Шолпан Дүйсенованың өмірден озғанын алты айдан кейін кездейсоқ естіп, еріксіз ойға кеттім. Ел спортының өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген аяулы жан елеп-ескеруге әбден лайық еді. Бірақ, әншейінде боғымызды боталы түйеге балап, ал керек кезінде барымызды бағалай білмейтін жаман әдетімізден бұл жолы да жаңыла қоймадық. Кезінде аты аңызға айналған кесек тұлғаның бақилық болғанынан хабарсыз қалғанымыз осы ойымыздың айғағы емей немене?! Бұрнағы жылы қарлатып, борандатып Қарағандыға іздеп барғанымызда қуанышын жасыра алмай жайраңдап қарсы алып еді жарықтық. Қара алтынды қаланың қақ ортасында қушеке Хрущевтің көзіндей боп қалып қойған екі қабатты ескі үй бізге сонда тым жұпынылау көрінген. Көктегіні көксейтін көңілімізге жүгінсек, кез келген шенеунік кезексіз-ақ шекесінен шертіп жүріп алатын сән-салтанаты келіскен сәулетті пәтерлердің бірі бұл кісіге бұйырмағаны әділетсіздік секілді. Жалғыз қызы Сәуленің қабағына қарап жапақтаған кейуана кемсеңдеп отырып баяғыда ақ таңнан қара кешке дейін шапқыласа шаршамайтын екі аяқ енді қарыс қадамның өзін ауырсынатынын, бас ауырып, балтыр сыздау жиілегенін, қалжыңы жарасқан қатар құрбылардың қалмағанын, тым болмаса телефонмен тілдесер тірі жан табылмайтынын, басқа шаруалары бастарынан асатын үлкенді-кішілі ұлықтардың ұмытқанын, әйтеуір жасағанның әрбір жарық күніне жанар қарықтырғанына шүкіршілік ететінін айтқаны есімнен кетпейді. * * * Тоқсанға таяған жасында толғауы тоқсан тіршіліктің ащы-тұщысын қатар татыпты. Өзінің өткен өміріне ешқашан өкінбеген. Ең бастысы, еліне адал қызмет етті. Сынып кетуге сәл қалған сындарлы сәттерде сыр бермеген. Жанына талай жара түссе  де жақсы күндерден күдер үзбепті. Сіздер, сірә, суреттегі түріне қарап кейіпкеріміздің түбінде бір «шикілік» бар-ау деп күдіктенулеріңіз ғажап емес, қадірлі оқырман қауым. Олай ойлауыңыздың жөні жоқ емес. Өйткені, оның анасы Жауһар Мәскеудегі Ком ВУЗ-ды бітірген башқұрт қызы екен. Содан ғой ен тоғайлы Еділ бойын жайлаған нағашы жұртына тартқыңқырап туғаны. Әйтпесе әкесі Сұлтан өзіміздің Семейдің тобықтысы. Зайсанда қалалық тұтынушылар қоғамын басқарып тұрғанда ауырып, қайтыс болыпты. Тағдыр тауқыметін көбірек тартқан балалық шағы туралы Шолпан апай шерлене сыр шерткен болатын... «Сөйтіп әкемнен үш жасымда айырылдым. Кейін шешем Ғайса Ноғасбаев деген облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін адамға күйеуге тиді. Обалы нешік, ол мені туған қызындай мәпеледі. Содан сорымызға қарай, отыз жетінің ойраны басталып, өгей әкем жалған жаламен ұсталып кете барды. Сталиндік солақай саясаттың жендеттері бізді желкелеп, пәтерімізден қуып шықты. «Халық жауының» отбасы атанғандықтан байқұс басымыз арызданып ешқайда бара алмаймыз. Әркімнің қора-қопсысын паналап, пұшайман халге түстік. Егіз інілерім Мұрат пен Марат бұл қиындыққа шыдамай, қыршындарынан қиылды. Екі ұлын жерлеп, еңкілдеп жылап келе жатқан жерінен мамам тұтқынға алынып, атышулы «Карлагқа» айдалды. Артында аңырап қалған Болат екеуімізді балалар үйіне жөнелтті. Онымен қоймай, бауырымды менен айырып басқа жаққа жіберді. Онға толып, оң-солымды айыруға жараған мен үшін бұл айырылысу аса қиынға соқты. Үнемі Болатты іздеу үстінде болдым. «Детдомдағы» тәрбиешілердің дегеніне көнбей талай таяқ та жедім. Қарақтарым, ондай қасірет енді қайталанбасын... Сонымен қойшы, 1942 жылы анам аман-есен абақтыдан босады. Іле-шала Павлодар облысының Май ауданындағы Мойка ауылында орналасқан әскерилердің отбасын қамтамасыз етумен айналысатын мекемеге жұмысқа кірді. Ары-бері сандалып, ақыры бізді тауып өзінің қасына алды. Сол жерде әйтеуір аштан өлмей, көштен қалмай мектеп бітірдім. Ертісті қыста шанамен, жазда қайықпен ендей өтіп сабаққа баратынбыз. Еркек кіндіктінің бәрі майданда. Тылда қалған қарттар мен қатын-баланың тірлігінде титтей тыным жоқ. Соғыстың тезірек бітуін тіледік күні-түні. Ересектермен бірге еңбекке араласып, ерте есейдік. Осылайша, ой толғаған ол әлденеге қаныққандай қабағы ашылмай үнсіз отырып қалғаны әлі көз алдымда тұр. * * * Өмірдің өзі шыңдаған өрімдей бойжеткен он жетіге толғанда арман қуып, алыстағы Алматыға аттанды. Ауылдан ала шыққан жарты қап қатқан нанды ертелі-кеш талшық етіп, алма бақты астанадан ойдағыдай білім берер оқу орнын іздеді. Ақыры эвакуа­циямен Алатаудың баурайына көшіп келген Севастополь кеме жасау техникумына түсті. Бірақ, жатақхана берілмеді. Көрінген бұрышта түнеуіне тура келді. Сөйтіп салы суға кетіп жүргенде көшеде ілінген бір хабарландыруды көзі шалып қалды. Тау-кен институтының дайындық бөліміне құжат қабылдайды екен. Сынақтан сүрінбей өтіп, студент атанды. Жатақханаға жайғасып, стипендия алып, жырғағаны-ай сонда жарым көңілі көк жайлауға қонғандай. Тау асып, тас басып кен іздеп кетер ме еді, кім білсін, кейіпкеріміздің өмір-өзені кенеттен басқа арнаға бұрылып кетпегенде. Кейде кездейсоқтық та көп нәрсені шешіп кететініне сенбей көр бұдан кейін. Фашистік Германиямен соғыстағы Ұлы Жеңістің құрметіне Мәскеуде физкультурашылардың бүкілодақтық шеруі өтетін болып, соған Қазақстан делегациясы жасақтасып жатты. Жастайынан жұмыс жасап шыныққан, сәмбі талдай сымбатты Шолпан іріктеуде іркілмей үкіленген үздіктердің қатарынан табылды. Қызыл алаңдағы қызығы мол торқалы тойға аттанар алдында Алматыдағы шекарашылар училищесінің базасында жалауын көтерген жарыс барысында ол алдына жан салмады. Бәсекелестерінің бәрінен биікке секірді, жүгірсе небір желаяқтарға жеткізбеді, құлаштай лақтырған гранатасы құрбыларыныкінен алысқа ұшты... Қимылы ширақ шымыр қызды Алматыда жаңадан ашылған дене тәрбиесі институтының директоры Шәміл Шәкірұлы Бекбаев өздеріне оқуға шақырды. Бақ талайына қазақ баскетболының қарлығашы болу бақыты бұйырған Шолпан Дүйсенова осылайша үлкен спорттың табалдырығынан аттады. Онда қаракөз қандастарымыздың көбісі тіпті, мұндай ойын түрі барынан бейхабар-тұғын. Кейін ғой, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов сынды жарық жұлдыздарымыздың жарқырайтыны. Қазіргі таңда Шолпандай саңлағымыздың ізін басар қарындастарымыздың қара көрсетпеуі өте өкінішті-ақ. Екінші курстан институт командасының сапында өнер көрсете бастаған талантты ойыншының шеберлігі күннен-күнге шыңдала берді. Алғашқы бапкері Нина Андреевна Гапченко Қазақстан баскетболы пионерлерінің бірі болатын. Асқан қабілетінің арқасында айналасынан ат оздырған Шолпан Дүйсенова он жыл бойы одақтық бәйгелерге Қазақстанның әйелдер құрамасын бастап шыққанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республикамыздың атынан жарыс жалауын көтеру құрметіне ие болғанын да ауыз толтыра айта кеткеніміз абзал. Сол спартакиададан соң «Советский Союз» журналында оның сүйкімді суреті басылып, шартарапты шарлағаны бар. Дүбірлі додаларда дүркіреген  Шолпан Дүйсенованың 1954-1955 жылдары КСРО-ның жастар құрамасында кейіннен еңбек сіңірген спорт шеберлері атанған Галина Ярошевская, Нина Еремина (төрт бірдей олимпиададан репортаж жүргізген комментатор) секілді әлемге әйгілі баскетболшылармен бірге ойнағанын еске алғанда кеудемізді әрине мақтаныш сезімі кернейді. Социалистік елдерге емін-еркін барып жүрген оны Франциядағы халықаралық кездесуге апармады. Советтік қырағы мекемелер «халық жауының» қызын капиталистік мемлекетке жіберуден сескенген сыңайлы. Сөйтіп, алаңда атойлаған қазақ қызының тауы шағылып, тауаны қайтты. Осынау келеңсіз оқиға спорттан кетуіне себеп болды. * * * – Көп нәрсе көкірегімде әлі сайрап тұр, – деп еді Шолпан апай өткенді емірене еске алып. – Әсіресе, 1954 жылы Ташкентте ұйымдастырылған Орта Азия республикалары спартакиадасының финалын ұмытпаймын. Өзбекстанмен өліп-тіріліп ойнадық. Алаң иелері алқалаған жанкүйерлерінің айғай-шуына арқаланып барын салып бақты. Есеп солардың пайдасында. Төрт ескерту алып үлгерген мені жаттықтырушыларымыз демалыс орындығына отырғызуды жөн көрді. Сірә, бесінші ескертуден қауіптенді білем. Қыздардың қатты қиналғанын көріп отырмын. Маңдайым тершіп мазам кетті. Ұтылып жатқанымызға құдды өзім кінәлі сияқтымын. Көмбенің төбесі көрінгенде біздің бапкеріміз Николай Тунда төрешіден үзіліс сұрады. Асығыс түрде ақыл-кеңесін айтып, шәкірттерін қайта-қайта қайрап әлек. Кенет ойындағысын бүгіп қалуды білмейтін еркіндеу мінезімен ерекшеленетін Стелла Шустрова дүрсе қоя берсін. «Қорғанысқа көшкенімізді қолдамаймын. Шабуылдың шоғын үрлеу үшін Дүйсенованы ойынға қайта қосу қажет». Сол сөз түрткі ма, әлде жаттықтырушымыздың әу бас­тан ойластырған тактикасы ма, оныншы нөмірдегі Тамара Погуляеваның орнына мен шықтым. Мақтанғаным емес, тордағы құстай торыққандікі ме, білмеймін, бірден қолым жүріп, қарсыластарымыздың торына дүркін-дүркін доп тоғытумен болдым. Соның нәтижесінде жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағындық. * * * Баскетболды қойған соң Шолпан Дүйсенова ұзақ уақыт бойы ұстаз болды. Алғашында Алматыда, сонан кейін Қарағандыда жас спортшыларды баулыды. Қарағандының политехникалық және кооперативтік институттарында жемісті еңбек етті. Кезінде кеншілердің «Шахтер» командасында ойнаған белгілі футболшы Генадий Засименкомен отау құрып, отбасылық бақытқа бөленді. Бар ғұмырын баскетболға арнап, Уайс Ахтаев, Арменак Алачачян, Владимир Мұхамеджанов және басқа аттары аңызға айналған ақберен спортшылармен аралас-құралас болғанын тағдырдың тамаша сыйы санайтын тарланбоз баскетболда өз өрендеріміздің аздығына қатты қынжылыс білдіргені жадымда әлі жаңғырып тұрғандай. Алайда, апам әсерлі әңгімесін алдағы дүрмекті дүниежүзілік бәсекелерде жай оғындай жарқылдар жастарымыздың бой көрсетеріне сенім білдіріп аяқтаған еді. Жеңісті күндерде жүздескенше жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген жақсы ниеттегі жанкүйерлеріміздің де үкілеген үміттері үзілмеуіне біз де тілектеспіз. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.