05 Наурыз, 2016

Cөз сойыл № 23

606 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
8-nauryzӘзіл - оспақ, сын - сықақ Бұрынғының бұрымдылары  мен қазіргінің қарагөздері Бұрынғының қыздары: Оймақ ауыз, күлім көз, Тілі майда балдай-тын. Өзі ұнатқан жігітті, Көзімен-ақ арбайтын. Оғаш іске бармайтын. Үнсіз күліп жымиып, Сезіміңді қармайтын. Жаманға көз салмайтын. Сондай қыздар сымбатты, Жігіттерге қымбат-ты. Ән салғанда ел мүлгіп, Бір-біріне ым қақты. Іштегі ой жұмбақ-ты. Болары еді сұңғақты, Жүздері еді күнқақты. Білмейтұғын ешқашан Ыртың-жыртың бұлғақты. Қазіргінің қыздары: Қарайды елге шақшиып, Көз алартып бақшиып. Кірпіктері сояудай, Тарғыл-тарғыл бетіне, Баттастырып жағады, Аямастан бояуды-ай! Жұлынған қара қасы бар, Мұрындарын бұрғылап, Жапсырылған тасы бар, Бала да жоқ, бай да жоқ, Тек қалқайған басы бар. Ашық-шашық қарыны, Ойламайды арғыны, Тыңдайтыны тек қана, Шетелдердің сарыны. Ішіп алып сылқиып, Мойындары қылқиып, Ойранды бір салады, Жөн айтқан құрбысын, Жағасынан алады. Шаш кетеді жұлынып, Аш қасқырша ұлынып. Тепкілейді, тістейді, Ойдағысын істейді. Бірде құлап, бір тұрып, Іш киімі жыртылып, Жатқанымен ісі жоқ, Ажыратар кісі жоқ Жолатпайды ешкімді, Борандатар долданып, Қопарып тау-көшкінді * * * Қайдан таптық, елім-ау, Осындай бір «өскінді». Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ. АЛМАТЫ. ӘЙЕЛДЕР «ӘЛДИІ» – Менің күйеуім ақымақ, жұмысында бар кінәні мойнына алады. – Онда мен оны бас қаржыгер ретінде жұмысқа алайыншы... *  *  * Көрші әйелдер шүйіркелесіп тұр: – Кішкентай ұлым түнгі үште жылап оянып, мазамды алады... – Осыған да шүкір де, кейін ұл өскенде «қайда жүр екен» деп түнгі үште сен жылап отырасың... *  *  * Екі келіншектің әңгімесінен: – Кезінде үйлену тойыма көйлекті арнайы тапсырыспен тіктіргенім қандай жақсы болған! Кәдімгідей киіс берді. – Той көйлегін бір-ақ рет киеді емес пе? – Мен бес рет кидім ғой соны... *  *  * – Күйеуің қалай? –    Күн сияқты... –    Күнің болса – ғажап екен! – Сен де айтасың-ау!.. Кеш батса болды қарасын батырады да, таңертең бірақ келеді... КЕЛІНШЕКТЕРГЕ КЕРІ «КЕҢЕС» Келін болып түскен соң керіліп, «соткаңа» беріліп, табақ-аяқ жууға ерініп, есінеп отыра беруге болмайды. Қыз күніңдегі қылықтарың қыр асып, ми ашытар мінездерің өзгеру керек. Мына мен де екі рет келін бол­ған­­мын, «кереметтей» құйқалы ке­ңес­терімді құлағыңа құйып алшы! *Бірінші кеңес: келін болып түс­кен күннен бастап буындарың босап, былқылдай берме, «капщеный» балықтай қақиып қал. Қақиған күйі тұрып, қақиған күйі шай қойып, қақиған күйі жата қал! Қайын аға­ларыңа сәлемді тегін салма. *Екінші кеңес: күйеуіңе төсекшіл бол, көршілерге өсекшіл бол! «Ата-енем туыстарына бес-алты күнге қыдырып кетсе, жаным кіріп қалады!» деп жаманда көршіңе. Қайтып келсе, «жаным шығып кетеді» де... Қысқасы, қалааралық өсектен, халықаралық өсекке дейін дәрежең өссін, мини өсекшілер болса, басқа жаққа көшсін! *Үшінші кеңес: түнде табақ-аяғыңды жума, өзіңше пысық келін боламын деп қума. Ыдыстарыңды кішкентай қайындарыңа жалатып ал, қысқасы, айтқаның айтқан, де­генің деген, бәрін өзіңе қаратып ал! *Төртінші кеңес: дефицит сөз­дерді жаттап ал, мысалы, күйеуіңе арналған сөздер: албас­ты, шірік, ірік, қабан, сабан,  өгіз,  піс­пеген балық, шибұт, арық, маймылдың еркегі, біздің үйдің тентегі, сопақ бас! Ал енді, енеңе арналған сөз­дер: о, кәрі сайтан, деревянская шай­тан, сұмырай, құраған қурай,  қисық бас, шүңірек көз, шайнал­ған без, шай қой тез! Атаңа арнал­ған сөздер: қаусаған қақпас, тырбаң­даған тасбақа, түкке пайдасы жоқ пеш­кі, сақалы сапсиған ешкі... Қал­таңдаған, жүре алмай талтаң­даған бейшара, желі шыққан камера сияқ­ты арық, мыж-тыж мата бет, үйде отыра бермей, қарттар үйіне кет! *Бесінші кеңес: қайын сіңлі­ле­ріңе арналған сөздер: агенттен шық­пағыр Анар, шайтаннан ықпағыр Жанар, ұзын көйлек кимеген, әлі байға тимеген Тамара! *Алтыншы кеңес: қайындарыңа арналған сөздер: құдай ұрып кеткен, түнделетіп құрып кеткен Құ­рымбай, қылмыс әлеміне батып кеткен,  қақ шекеден атып кеткен жындыбас Жұрымбай, миы ашып жүрген, «сақализм» болып, КНБ-ден қашып жүрген Ұрымбай! *Жетінші кеңес: қайын ағала­рың­ды былай ата: семіз болса «дутый» қайнаға, арық болса, «ух, ты...» қайнаға, пұшық болса «жартысы желінген кәртөшке» қайнаға, мылжың болса «сөйлеуге ерінген» қайнаға... *Сегізінші кеңес: күйеуіңмен ұрысар алдында тамағыңды қырнап ал, реті келсе, екі бетін тырнап ал, жағына шапалақпен салып қал, ол шертіп жіберсе, екі аяғың аспаннан келіп, талып қал! Айтпақшы, дәрігерден «ұрып соқты» деген справкаңды алып қал! *Тоғызыншы кеңес: тырнағыңды сояудай етіп өсіре бер, кейін күйе­уің­нің көздерін шұқып алуға жа­райды, сонда ғана ашуың тез тарайды... *Оныншы кеңес: егер мұрныңа шыбын кіріп кетсе мыжи салма, тазалық керек, бір шелек суға басыңды батырып, бір сағат тұрсаң, мұрын ішіндегі шыбын сөз жоқ тұншығып өледі. *Он бірінші кеңес: енең екі ауыз сөз айтса, күйеуің көзін алартса, «төркініме кетемін!» деген «нота» жібер. Сөйт те, үйден шығып кет. Егер енең аялдамаға келмесе, күйе­уің «дос болайық!» деп қолын бермесе, «төркініме шығарып салуға жарамадыңдар ғой!» деген сылтаумен қайтып кел! *Он екінші кеңес: күйеуіңе күн сайын магнит жалатып тұр. Сонда ол саған магниттей жабысып қалады. Ойбайлаған кеңестерімнің сиқы осындай, қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс, оны өздеріңіз шешесіздер, айналайын қыздар, сендер де ке­лін болып түсіп, кемпір болып кетесіздер! Мұхтар ШЕРІМ. ШЫМКЕНТ. СЕРИАЛДАН СОҢҒЫ «СОҒЫС» Олар  үлгі тұтатын отбасы еді. «Шіркін, Сатай мен Сәлиманың береке бірлігі қандай?! Құдай қосқан қосақ атанғаннан бергі қырық жылдың ішінде бір-біріне қабақ шытып көрмепті...» деген жұрттың жылы лебіздері үзілмегелі қашан. Келе-келе көз тиіп кетті ме, алпыс жасқа иек артқан шақтарында шаңырақтарынан шу шыға бас­тады.  Басында баяу басталып, алысқа бармай аяқталушы еді. Кейіннен жиілеп, жиіркенішті сөздер тізбегі қараңғы түсе қою­ланып, түн ортасында «төбе­лес­ке» ұласады. «Даудың басы Дай­рабайдың көк сиыры» демек­ші, Сатай мен Сәлиманың «соғы­сының» басты себебі, кешкі­сін басталатын түрік сериялы. Мемлекеттік қызметкерлер сияқ­ты сенбі, жексенбіде демалады да, дүйсенбіден жұмаға дейін «көтеріліс» майданына шығады. Адам қатты күшенуге қаймы­ғатын көп пәтерлі үйдің қаңылтыр қабырғаларынан түнгі айқай тұнық естіледі. Еріксіз құлақ түреміз. – Ей, қатын, ел қатарлы кешкі тамағымызды ішеміз бе, жоқ па? – Айқайлайтыныңды біліп, ертерек жасап қойдым. Ыдысыңда құюлы, қасығың қасында, наның тураулы... – Туралып қал, туралып қал­ғыр! Сол түріктің киносымен бірге мүрдем кет, мүрдем кеткір!..  Алла-ай, ерлі-зайыптылар сияқты шүйіркелесіп отырып шай ішу жоқ қой... – Ішіңде кеткір-ау, өмір бойы сенің шайыңды қайнатып, қазаныңды көтерумен келемін. Енді өмірімнің көбі кетіп, азы қалғанда кешкісін екі сағат кино көруді көпсінесің бе, қу шал... Қазір өліп кетсең де сериал бітпей қасыңа жоламаймын. – Ниетің жаман сенің... Шы­нында қазір өліп кетсем, ана тү­ріктің киносы біткенше орныңнан қозғалмассың, сұмырай... – Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Сериал біткенше саси қой­массың, содан кейінде жаманатты жеткізуге уақыт табылар... – Жағың қарыссын, жағың қарысқыр! Қырық жыл отасқан қосағыңды бір түрік киносы үшін құрбандыққа шалайын дедің, ә!? Алла жазаңды берсін, жалмауыз неме... Қаншама жыл болды, осы сериалдардың соңына түскеніңе... Әр кейіпкердің атын өңің түгіл түсіңде қайталап төсекті тепкілеп жатқаның, жарымес. Онымен қоймай, «Басты рөлдегі шал мен жігіт жас қыздармен жүріп кетті... бастық болып тұрғандағы сен сияқты...» деп, қоңырсисың келіп... – «Мың бір түнді» көргеніңді ұмыттың ба?.. «Онурдың Ша­ха­ризадаға ақша беріп бірге түнегенінде» көзің қандай жанды, сұмырай... Өткенің есіңе түсті ғой, кәрі бұқа.... – Менің көргенім сол бір се­риясы ғана... – Саған қажетінің өзі сол оқиға болса.... қалғанының керегі не... Шал мен кемпірдің «қақ­ты­ғысын» келіншегім Қатыш екеуміз қатарласа тыңдап отырғанбыз.Үнсіз отырған әйелімнің астынан су шыққандай орнынан ұшып түрегелгені. – Есіңде ме... «Мың бір түн­дегі» сол сериалды көрісімен сенде жоғалып кеткенсің... Әлі күнге дейін «Шахаризаданың көзін-ай!..» деп тамсануыңның мәнісін енді түсінгендеймін... Содан бері кешкі сериал кезінде теледидардың алдына мені телміртіп қоясың да, екі сағат бойы жоғалып кетесің. Ана көрші шал сияқты неге тамақ сұрамайсың, а?.. – Сені кино ләззатынан айырмайын деп... – Не... Түк түсінбейтін топас деймісің... Әнекүні есік алдында көрші әйелдер жиналып түрік киносын талқылап тұрғанымызда астыңғы қабаттағы Қалжанның қатыны: «Тура сериал басталар кезде күйеуің кердеңдей «Камриіне» мініп қай жаққа кетеді осы?..» деп таңдана қарап еді... Мисыз басыма енді жетті. Менімен тұрғың келсе бұдан былай кешкі сериалдарды кірпік қақпай қатарласып көреміз... Үйленерде: «Өмірде қол ұстасып бірге жүреміз, өлгенде бір молада жатамыз...» деген уәдеңді ұмытпаған шығарсың?.. «Ол уәденің киноға қандай қатысы бар?..» деген сұрағым ай­тылмай қалды. Түріктің киносы да таусылар түбінде. Шы­дайын, әйтпесе сериалдан соңғы «со­ғыс­тың» ұзаққа созылатын түрі бар. Тұрлыхан КӘРІМ. ТАЛДЫҚОРҒАН. ОТБАСЫНДАҒЫ «ОШАҒАН» Әйелі күйеуіне: – Жаным, маған құндыз бөрік, түлкі терісінен жа­салған жағасы бар тон, жылан терісінен тігілген сөмке, түйенің жүнінен тоқылған орамал мен ешкі терісінен жасалған кеудеше сатып алып берші. – Мен сенен ақша аямаймын, бірақ менің «Жану­ар­ларды қорғау қоғамының» мүшесі екенімді ұмытпа. *  *  * Күйеуі: – Шіркін, ақымақтардың бәрін жинап алып, алыс бір аралға апарып тастаса ғой... Әйелі: – Қойшы, қайдағыны айтпай, ол жақта нең бар? Мен бәрібір сенсіз өмір сүре алмаймын... *  *  * Ерлі-зайыптылар кезекті еңбек демалысын жоспарлап отыр. Әйелі: – Тыныштықты қалай­мын. Бір жаққа барып дем­алсақ. Балаларды ауылға жібе­рейік, ит пен мысықты көр­шінікіне апарып тастаймыз... Күйеуі: – Онда мен үйде қала беремін. – Неге? – Маған да тыныштық керек... *  *  * – Әллөу, қымбаттым, сен қайдасың? – Үйдемін. Ұйықтайын деп жатырмын. Сен қайдасың? –  Мен де сен отырған мейрамханадамын... Түп жақта ішіп отырмын... Мойындау Еңбек демалысы аяқта­лып, жұмысқа шыққан жігіт әріптестеріне: – Әйтеуір, осы жолы алаңсыз демалдым-ау деймін. – Теңіз жағалауында болып қайттың ба? – Жоқ, ол жаққа әйелім мен бала-шағамды жіберіп, өзім үйде болдым... * * * Студент қыз профессорға: – Ағай, қазір ғылыми жұмысты жазып, қорғау жеңілдеді ме? – Әрине, бұрын ғылыми жұмыс жазу үшін студенттерді жұмсайтынбыз, қазір интернет бар. * * * Студенттің жеке парақшасындағы жазбадан: «Махаббат ер жігітті қатты өзгертеді екен. Амалсыздан сабақты жақсы оқып, күнде таңертең қырынып, шұлықты да күн сайын ауыс­тырады екенсің...» * * * Жасы біразға келген егделеу әйел дәрігерге көрініп жатып: – Медицинадағы жетістік деп осыны айт! Жас кезімізде осында келсең бірден шешін дейтін... Ал қазір тіліңді көрсетсең болды жетіп жатыр... – деген екен... «ҚАСҚЫР» КЕЛІНБезимени-1 Бірінші  жыл қой мінезді келін боп, Көзге түсті айтулы жан, керім боп, Туған-туыс, ауыл үйге бауырмал, Ағайынның арасына «желім» боп. Екінші жыл тебегендеу жылқы боп, Қар жаудырды қабағында бұлты көп. Төркін жұрты, өз бойынан басқаны, Адам-ау деп сыйласуға құлқы жоқ. Үшінші жыл қойға шапқан қасқыр боп, Күнде ойбай, ұстатпай жүр қашқын боп. «Не могу...» деп ажырасты ақыры, Келін емес нағыз қара басқыр боп. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ. Маңғыстау облысы. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР