27 Қаңтар, 2016

«Жіңішке жол» қайда?!

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Соңғы кезде еліміздің бірде мына жерінен, бірде ана жерінен қыз балалар жасаған сұмдық оқиғалар жайында біліп, ойымыз ойрандалып, санамыз сансыраған жайымыз бар. Бұл тіршілік не болып кетті? Шынымен-ақ, шыр етіп дүниеге келген періште нәрестені далаға лақтырып кетуге, дәретхана шұңқырына тастай салуға дейін барып, соншама азғындыққа жеткені ме қыздардың? Ару-сұлуларымыздың қадірі соншалықты төмендегені ме? «Жіңішке жол» қайда? Нәзіктік қайда? Ой-зердесі бар әркімді осындай сауалдар мазалайтыны сөзсіз деп білемін. Бүгінде зейнеткерлік жасқа толған менің есіме бұрынғы кездегі үлкендердің, отбасылардағы ата-әже, әке-шешелеріміздің көктеп келе жатқан гүлдің солмауы, яғни қыз баланың көргенділігі, иба-инабаттылығы үшін көрсеткен өнегесі, берген тәрбиесі, тәртібі оралады. «Ұят болып жүрмесін», «Ұятқа қала көрмеңдер», деп құлаққағыс жасайтын, ишаралап отыратын. Әже-аналарымыз «Қызға қырық үйден тыю» дегеннің қыр-сырына меңзеп, ар-намысыңды жоғары ұстай білуге баулитын. Менің бұл сөзім, әрине, қолдарындағы гүлі – аруларына тамаша тәлім беріп, ертең бір үйдің аяулы келіні болуға жан-жақты тәрбиелеп жатқан әке-шешелер бүгінде жоқ дегенім емес. Ал әлгіндей масқаралық бүкіл жақсылығымызды, жетістігімізді ойсыратып жібергендей, жігерімізді жасытып, өзегіңді өкініш өртейді емес пе?! Медицина қызметкері ретінде жұмысым ұл-қыздармен байланысты болғандықтан, оларға біздің балауса шағымыздағы үлкендердің, ересек тұрғындардың үлгісі, тәрбиесі туралы реті келгенде әңгімелеп, бізді кесір-кесапаттан қалай сақтандырғанын айтамын ғой. «Мұғалімдеріміз жақсы мен жаманды айыра білуге үйретті. Ата-аналарымыз шалғайда мал бағып, ұжымшар, кеңшарлардың қат-қабат ісін атқарып жүрсе де, мектепке келіп біздің оқуымыздың жайын біліп тұратын. Каникулға үйге келгенімізде әр баланың әліне қарай жұмыс тапсыратын. Тәрбиемізді бағамдайтын. Қандай дос-құрбыларымыз барын, олардың игі қасиеттері хақында сұрастырып, бір жағынан сынап отыратын», – деймін. Сондайда олардан «Ой, апай, ол сіздердің заманыңыздың тәрбиесі ғой, қазір басқа заман...» дегенді естіп қаламын. Олардың бұл сөзінен де отбасылардағы тәрбие кемшіндігінің ұшқыны сезіледі емес пе? Сонда қалай, заман өзгерсе, бұрындағы тәлім-тәрбиені тәрк ету керек пе? Ұлттық құндылығының қайнарларынан қол үзген жұрттың тұйыққа тірелетіні мәлім емес пе? Бұл жаһанданудың ызғарына шалдығып, құрдымға кету болып шықпай ма? Нәрестенің қарын шашын да аяқ астына тастатпайтын, «Қарын шаштың қарғысы қатты болады», – дейтін қазақтың қыздарының шарананы тірідей лақтырып кетуі соны айтпасыңа қоймайды-ау. Оқушы баланың оқуында, жүріс-тұрысында келеңсіздік байқала қалса, мұны мұғалімнен көретін бір жаман дағдымыз бар. Жауапкершілік ең бірінші ата-анада емес пе?! Қызының түздегі қылығынан хабарсыз, еңбекке үйірсіздігін қаперлемеген, ертеден кешке дейін телефонның құлаққабын құлағынан түсірмеген оған ескертпек түгілі, оны үлде мен бүлдеге ораған әке-шеше ертең аңырап қалады. Бұл сөзсіз. Бүгінде газет беттерін ашқан сайын, теледидарды қосқан сайын шаранасын тағдыр тәлкегіне тастағандар жайында тағы естіліп қалмасын деп үрейленетін болдық. Ата-аналар-ау, қыздарымыздың құны түспеуін қаперлейікші. Аруларымыз-ау, бізді қорқытпаңдаршы, Құдайдың қарғысына қалмаңдаршы. «Қыздың жолы жіңішке», – деген ата-бабалар аманатынан аттамаңдаршы. Айкүнім САЙФОЛЛАҚЫЗЫ. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы.