25 Қаңтар, 2016

«Барыс» өз айдынында «Нефтехимиктен» жеңілді

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
25-01-2016-barys 01АСТАНА. 25 қаңтар. Бүгін Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде «Барыс» өз айдынында Нижнекамскінің «Нефтехимигін» қабылдап, 1:2 есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. 9-минутта қонақтар сапынан екі бірдей ойыншы айдыннан қуылып, «Барыс» 5х3 форматында ойнауға мүмкіндік алды. Алайда, Андрей Назаровтың шәкірттері бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алмады. Есесіне, екінші кезеңнің соңында «Нефтехимик» ойыншы басымдығын жүзеге асырып, алға шықты. Атап айтқанда, 40-минутта Никита Щитов мергендігімен көзге түсті. Бұл кезде «Барыстың» үздік хоккейшілерінің бірі Найджел Доус жазаланған болатын. Тағы бір ескере кетер жайт, екінші бөлікте біздің команда екі рет ойыншы басымдығына ие болып, екеуін де мүлт жіберді. Матчтың соңында, яғни 54-минутта астаналықтар Кевин Даллмэннің көмегімен таразы басын теңестіргенімен, арада 4 минут өткенде, өз қақпаларына екінші шайбаны жіберіп алды. Дәл осы гол ойын тағдырын шешті. Жеңіс голының авторы – Игорь Полыгалов. Осымен «Барыс» қатарынан екінші рет жеңіліп отыр. Қоржынында 78 ұпайы бар елордалықтар әзірге Шығыс конференциясында 7-орында келеді. Ал 9-орында тұрған, «Барыстың» плей-офф жолдамасына таласта негізгі қарсыласы – «Нефтехимик» бүгінгі жеңісінен кейін ұпай санын 75-ке жеткізіп, жағдайын айтарлықтай жақсартып алды. «Барыс» келесі кездесуін 27 қаңтарда өз айдынында Челябінің «Тракторымен» өткізеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.