25 Қаңтар, 2016

Жамбылда автобусты мас болып айдаған жүргізуші ұсталды

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
25.01.2016 TAR-2 ТАРАЗ. 25 қаңтар. Республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасында Тараз қалалық ішкі істер департаменті жол-патрульдік қызметі №37 бағыт бойынша жолаушы тасымалдап жүрген автобустың екі жүргізушісін ұстады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Тараз қалалық жол-патрульдік қызметі батальонының командирі, полиция майоры Бақытжан Жолдасбековтің айтуына қарағанда, «Саяхат-99» ЖШС-не тиесілі бұл автобус шопырларының жолдама қағаздары осы бағытқа сәйкес келмегені былай тұрсын, көліктің осы түрін жүргізуге ешқандай құжаттары болмай шығыпты. Ең сұмдығы, өзін өте дөрекі ұстаған 20 жастағы жүргізушіні медициналық тексеруден өткізгенде, дәрігерлер оған есірткіге елтіген деген қорытынды берген. Ертеңінде тағы да 27 жастағы автобус жүргізушісі ұсталды. Оның да көлік жүргізуге құқық беретін ешқандай құжаттары болмай шықты. Жергілікті полиция қызметінің мәліметіне қарағанда, осы «Автобус» іс-шарасы кезінде 649 жол ережесін бұзу фактілері анықталыпты. Оның ішінде жүргізушінің рульде кетіп бара жатып ұялы телефонмен сөйлесуі, жол бойында қауіпті маневр жасау және жылдамдықты арттыруы өте көп кездескен. Осы тұста тағы бір айтары, жыл басынан бері Жамбыл облысында орын алған жол-көлік оқиғаларының тоғызында кінәлі жақ оқиға орнынан қашып кетіпті. Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz