25 Қаңтар, 2016

Шығыс Қазақстанның Казнаковка өткеліндегі паромнан ақау шықты

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ParomӨСКЕМЕН. 25 қаңтар. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Казнаковка өткелінде жолаушы мен жүк тасымалдайтын кеменің бұзылып қалуына байланысты қатынастың қанша күнде қалпына келтірілетінін мәлімдеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Мұз деңгейі әлі қажетті қалыңдыққа дейін қата қоймағандықтан, Казнаковка өткеліндегі мұз үстімен жүретін жол уақытша жабық. Штаттан тыс жағдайларға жол бермеу үшін жағалауға тәулік бойы кезекшілік қойылып, жағдай бақылауға алынды. Сенбі күні жағалаудан 700 метр қашықтықта істен шыққан паромда 17 көлік пен 40 адам болған еді. Төтенше жағдайлар департментінің хабарлауынша, құтқарушылар оқиға орнына бір сағаттан соң жетіп, 28 адамды жағалауға жеткізді. Қалған 12 адам құтқару қызметінен бас тартты. Паром сол күні жағалауға әупірімдеп өз күшімен жеткен. Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының хабарлауынша, жыл сайын Бұқтырмадағы мұздың қалыңдығы 15 сантиметрге жеткен кезде мұз үстіндегі жол ашылады. Бүгінде мұздың қалыңдығы 5 сантиметрге тең. Сондықтан, 10 күнге жуық жол жабық болмақ. Осыған байланысты паром жолаушы тасымалдауға қайта жіберілді. Өйткені, мұз белдеуін жарып, қозғалуға қабілетті бірден-бір мамандандырылған су көлігі осы өңірде әзірге жалғыз. «Паромның бір қозғалтқышы жұмыс істемей қалғандықтан, жүрісін тоқтатқан болатын. Қазіргі кезде жағдай толық бақылауға алынды. Техникалық ақау жұмыс тәртібіне сай жөнделді. Паромның түбі зақымданған жоқ», – деді жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті.