21 Қаңтар, 2016

Ақтөбенің өңірлік музыкалық мұрасы аудиожинақ болып шықты

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
АҚТӨБЕ. 21 қаңтар. «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудиожинақ жарыққа шықты. Аудиожинақтың алғысөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жазған. Жинаққа Ақтөбе жерінде туған, өмір сүрген белгілі ақындар мен халық композиторларының шығармалары енген. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған ән мен күй жиынтығында 12 СD диск бар. Оған 213 шығарма енгізілген. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ақтөбе облысы әкімдігінің, Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның тапсырысы бойынша шығарылған жинаққа енгізілген туындылар кемінде үш ғасырды қамтиды. Антологияны шығарушы продюсер, мәдениеттанушы Альберт Сафуллиннің айтуынша, бұл жинақты шығару үшін екі жылдай уақыт кеткен. Қазақ руханиятының бір бөлшегі – Ақтөбе өңірі де музыкалық мұраға бай. Дәулескер күйші Қазанғаптан бастап, Батақтың Сарысы, Қызыл Тұрдалыұлы, Сарышолақ шайыр, Боғда Қараұлы, Үсен төре, Таразы Кәленқызы, осы жерде ізі қалған Асан қайғы, Мөңке Тілеуұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кердері, Тәңірберген Молдабай, Наурызбек, Тілеумағамбет жыраулар, Нұрпейіс Байғанин сынды әнші-жыраулар мен халық композиторларының, кейінгі Ахмет Жұбанов, Бәкір Тәжібаев, Ғазиза Жұбанова, Бақыт Басығараев, Қадірәлі Ержанов, Сәдуақас Балмағамбетов сияқты композиторлардың шығармалары, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Қайырғали Қожанбаев, Бейбіт Оралұлы, Абдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов сынды ақындар, композиторлар мен күйшілердің шығармалары осы жергілікті рухани мұраны байытып тұр. Жинаққа Ақтөбе топырағында ізі қалған әйгілі Асан қайғы, Мөңке Тілеуұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кердері, Сарышолақ Боранбайұлы, Сары Батақұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, Таразы Кәленқызы, Тәңірберген Молдабай, Нұрпейіс Байғанин сияқты жыраулар мен халық композиторларының шығармалары, өңірдің ән шеберлері мен термешілерінің орындауында кең таралған дәстүрлі халық әндері, көнеден келе жатқан халық күйлері мен дәулескер күйші Қазанғаптың және оның ізбасарларының теңдессіз күйлері топтастырылған. Сонымен қатар, қазіргі заманғы қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірегейі академик Ахмет Жұбановтың, ақын-композитор Бәкір Тәжібаевтың шығарған әндері, көрнекті жерлес ақындар – Қ.Шаңғытбаев, С.Жиенбаев, М.Ақдәулетұлы, Е.Ашықбаев және басқалардың сөздеріне жазылған танымал композиторлар мен жергілікті сазгерлердің шығармалары енгізілген. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.