22 Қаңтар, 2016

Баспанасыз әрі құжатсыз отбасыға көмек көрсетілуде

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырауда бір отбасының құ­жатсыз, баспанасыз қалғаны, қазіргі уақытта жылусыз уақыт­ша сарайда тұрып жатқаны анық­талды. Осыған орай Аты­рау қа­ласының әкімдігі төмен­де анық­талған жайттар туралы рес­ми мә­лімдеме таратты. Шын­дығында, 1962 жылы туған Н.Ор­лов пен 1974 жылғы Е.При­дано­ваның аза­мат­тық некеден үш баласы бар екен. Балалары 2011, 2013 және 2015 жылы өмірге келген. Отба­сы мүшелерінің барлы­ғы­ның да жеке басын куәлан­ды­ра­тын құ­жаттары жоқ екені анықталып отыр. Қала іргесіндегі шаруа қожа­лығында ұсынған­ баспанасы өртеніп кетіпті. Осы жайттарды анықтаған әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия шешімімен Н.Орлов тұрғылықты мекен-жайы анықталмаған тұлғаларды бейімдеу орталығына, ал Е.При­данова үш баласымен бірге әйел­дерге арналған дағдарыс орта­лығына орналастырылды. Енді қа­лалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары АХАЖ қызметкерлерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіруге және Н.Орловты жұмысқа орна­ластыруға көмегін бермек. Со­нымен бірге, 1 жасқа дейін­гі бала күтіміне байланысты және ба­лалар жәрдемақысын ресім­деуге де көмек беріледі. Комис­сия мүшелері Н.Орлов пен Е.При­да­нованың жеке иелігінде тұрғын үйінің бар-жоғын анықтауға да кірісті. Олардың аттарында тұрғын үй тіркелмеген болса, оларды баспана алу кезегіне қою үшін құжаттары жинақталмақ. Мына дерек те жұртты таң­дан­дырып отыр. Азаматтық неке­дегі жарынан үш бала тап­қан Е.Приданова із-түзсіз жоғал­ған­дар тізімінде болып шықты. Оған туыс­тары іздеу салып, тіпті, мүрдесін таныған сыңай таны­тыпты. Өмірде ұқсас жандар аз дей­сіз бе, бәлкім, туыстары оны әл­де­біреумен шатыстырған бо­лар. Қа­лай дегенде де, қазір баспа­надан да, құжаттан да жұр­дай отбасы Атырау қалалық әкімдігінің бақылауына алынды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.