21 Қаңтар, 2016

«Барыс» Омбының «Авангардынан» ойсырай жеңілді

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
21-01-2016-barys 01АСТАНА. 21 қаңтар. Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде «Барыс» Омбының «Авангардынан» ойсырай жеңілді. Астанада өткен кездесуде матч қонақтардың пайдасына 7:2 есебімен аяқталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Ә» дегеннен омбылықтар басымдыққа ие болып, жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде алғашқы 9 минутта «Авангард» ойыншылары 3 шайба соқты. Алдымен 1-минутта Владимир Соботка есеп ашса, арада бар болғаны 2 минутқа жетер-жетпес уақыт өткенде, Владимир Михеев таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Ал 9-минутта Соботка дубльдің авторы атанды. Бұнымен де шектелмеген ресейліктер үзіліске дейін біздің қақпаға тағы бір шайба енгізді. Атап айтқанда, 18-минутта шабуылшы Николай Лемтюгов есепті ұлғайтты. Ірі есеппен алға шыққан қонақтар екінші кезеңде де қарқынын бәсеңдетпеді. Бірінші бөліктің нүктесін қойған Лемтюгов бұл кезеңде алғаш болып гол соқты (22-минут). Абырой болғанда, астаналықтар 28-минутта Найджел Доустың көмегімен бір шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты. Тіпті үшінші кезеңде, яғни, 54-минутта «Барыс» сапынан Роман Старченко мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлерге үміт сыйлаған еді. Алайда, Андрей Назаров шәкірттерінің одан әріге шамалары жетпеді. Есесіне, «Авангард» соңғы секундқа дейін ойнап, тағы екі гол соқты. Бұл жолы Юрий Александров (58-минут) пен Иван Фищенко (60-минут) еншілеріне бір голдан жазды. Осылайша, «Барыс» маусымдағы 27-жеңілісіне ұшырады. Ойын барысында есте қалған басқа эпизодтарға келер болсақ, 35-минутта біздің тафгай Дамир Рыспаев қарсыластың қорғаушысы Михал Кемпниге қарсы дөрекі ойнады. Ол аздай, омбылыққа жұдырығын ала жүгірген Рыспаевты төреші ойын соңына дейін айдыннан қуды. Сонымен қатар, ойынның алғашқы 2 минутында «Барыстың» қақпасын Ян Лацо күзетсе, 3-минуттан 22-минутқа дейін жаттықтырушылар Павел Полуэктовқа сенім артты. Дегенмен, ол да өзіне артылған міндетті ойдағыдай орындаған жоқ. Соған орай қалған уақытта қақпаға Ян Лацо тұрды. Бүгінде қоржынында 78 ұпайы бар «Барыс» Шығыс конференциясында 7-орында келеді. Елордалықтар келесі кездесулерін 25 қаңтарда өз айдынында Нижнекамскінің «Нефтехимигімен» өткізеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.