19 Қаңтар, 2016

Толғанған жүрекке талдау

735 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Книга-1Ақын жүрек алқынады, талпынады... Алла берген дарынмен ақ ниетті, адал тілекті жыр жолдары айналаға қарамай, айдалаға ағыл­ғысы, ақтарылғысы келеді. Ондайда көп ойлар, көп мұңдар да айтылып қалады. Кейде саясатқа да шүйлігіп, мақтайтын дүниені даттап, даттайтынды мақтап та қалып жатады. Өйткені, жүрек саясатқа бағынбайды, ол тек өзіндегі адал шындықты ға­на айтқысы келеді. Бірақ ақыл соған мұрсат бермей, сабыр-сабыр деп салқындатуға тырысады. Іште­гі қайнаған осы күрес сырттағы ыстықпен қосылып, ақын жүрегін алқымға әкеледі. Мұндайда ақын: «Жал­ғызбын, кетті үй ысып, Кеудемді ойлар кернейді. Ақыл мен сезім сүйісіп, Жүрекке маза бермейді» деп жырлайды. Ақынның алқынған жүрегіндегі «көрікті көңіліне» ойдан ой тудырып, сөздің түбіне үңілетін философтар болмаса, басқа адамның тани қоюы да қиын. Өйткені, «көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады». Өңі қашқан ойға қана­ғаттанып жүргендер көп, ал көңіл түбіндегі көркін көре алатын­дар аз. Көрнекті ақын Жұмекен Нә­жіме­деновтің өлеңдеріне терең тал­дау жасап, ой түбінде жатқан асыл­дарын табуға осы күнгі ойшыл­дары­мыздың бірі, академик Ғари­фолла Есім кірісіп, «Жұлдызды Жұмекен» (Жалғыздық философиясы) атты кітап жазып шығарыпты. Өт­кен жылдағы ой-сана бағытындағы ол­жаның бірі де осы кітап десек артық емес. Алдымен философ Жұмекен үніндегі «жалғыздықтың» сырына үңіледі. «Атадан алтау, анадан төр­теу», «қалың елі қазағының» ортасында отырған Абай да «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деген еді ғой. Жұмекен де жалғыздыққа бой ұрған. «Жалғыздық деген – сын нағыз, Жалғыз да болған жан емен. Тұрамыз үшеу мұнда біз: Тыныштық, арман және мен» дейді ол. Бұл не деген жалғыздық десек, кітап авторы оны: «Жалғыздық сөз­бен түсіндіретін, айтып таусылмай­тын тақырып. Әлемдегі өткен-кет­кен ғұлама-ойшылдардың бәрі тегіс жалғыздық туралы айтқан, бірақ сарқып тауыспаған» дей ке­ліп: Мүм­кін ол «адамның пердесі ашыл­маған мұңы болар» дейді. Сайып келгенде, ойшылдың жал­ғыздығы оның шабытының қана­ты, жүрек оты. Сонымен бірге жүрек қуаты ақыл мен сезімнің бірлігі. Жеке жол, өзгеше соқпақ іздеген талпыныс, сондықтан, пенделерден адаланып, тыныштықты қалаған жан сезімі. Осындай ойлар төгіліп келіп, олар ақынның мына жолдарынан қолдау табады: «Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам, ұқсамайтын ешкімге – жаңадан бір жол салам. Сай қуалап жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы, басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп...». Жұмекенде «жұртым менің!» деген қаратпа тіркес бар екен. Өлеңге «үстірт қарап бұлғақтайтындар» онда не тұр дейміз ғой, баяғы. Сөйтсек, философ: «Жұрт деген халық емес. Жұрт деген тегіс халыққа айтылған сөз емес. Жұрт халықтың жаңалықты білгісі келген ынталы тобы» дейді. Қызыл террордың кезінде бәл­ше­бектер қазақтың сөзін де, түсі­нігін де, ұғымын да репрессияға ұшы­ратқан. Соның кесірінен қазақ ұғымын ұс­танушылар аз қалған. Жұмекен осы азшылыққа ғана сөзін арнап отыр, сондықтан, «халқым менің» деп қаратпай, жұртым деп тұрғаны сол. Ақынның «түк ұқпайды жартысы, шала ұғады жартысы» деген өлең жолының сыры сол дейді Ғ.Есім. Осы сөздердің шындығын қа­зір өмірде күнде көруге болады. Әлеуметтік желілердің біріне ақи­қатқа барынша жақын шындық сөзбен ойлар жазып көріңізші... Құдай салмасын, жазылған «пікір қосу­лардан» жұрттың жартысы түк ұқпайтынын, жартысы шала ұға­тынына көз жеткізесің... Соның бәрі бәл­шебектердің сөзді ұға білетін, оны орынды қолдана білетін қазақтың бар­лық қауымын қуғынға салып, қырып жібергендігінің көрінісі екен ғой. Жұмекеңде «Кішкентай» атты роман бар. Сонымен бірге «Кішкентай» атты толғау да бар екен. Бұл не қыл­ғ­ан толып кеткен кішкентайлар дейміз біз. Сөйтсек, оның терең сыры бар екен. Өмірде кішкентайлар көп екен, олардың жиынтық атау­ы тобыр десек, сыпайы Жұмекен олар­ды «көпшілік» дейді. Ақын өзін де «кішкентайлардың» арасынан көреді, алайда, кішкентаймын деп сарыуайымға салынатын сана қа­мауына түспейді: Әйтеуір бір білерім – кішкенемін, Ұлы істі әлсіз қолмен істемедім. Жел болып шайқалтам ба түбі осалды, Мықтыға өзімде жоқ күш беремін! – дейді ақын. Жұмекен Нәжімеденов жыр­лары­ның ойшылдық қырларына көңіл аударып, олардың терең сырларын оқырманның таразысына тартқан «Жұлдызды Жұмекен» жинағында осындай сәттер өте көп. Оны ақын шығармашылығына философиялық сарап деп атаса да боларлық екен. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.