19 Қаңтар, 2016

Кәсіпкерге көмек көп

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
коммуниуация-кіші2015 жылы бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыру аясында жалпы сомасы 260,1 млрд.теңге көлеміндегі несиеге кәсіпкерлердің 1595 жобасы бойынша субсидиялау шарттары бекітілді. Жалпы алғанда бөлінген субсидиялардың көлемі 26 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл жөнінде Президент жа­нын­дағы Орталық коммуника­циялар қызметінде өткен бас­пасөз мәслихатында «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ бас­қарушы директоры Ғабит Лесбеков мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, өткен жылдың негізгі нәтижелері көңілге қонымды деректерімен ерекшеленеді. Айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірегей бағдарламаға айналуы бірінші кезекте назарға ала­тын жағдай. Ондағы ерек­ше­лік те сонда, ауылдық жерлер мен моноқалаларда мемле­кет­тік көмекті, субсидия ре­тінде берілетін қолдаудың қол­же­тім­ділігін арттыру бары­сын­дағы жұ­мыстар жемісті бол­ды. Мысалы, кәсіпкерлер осы бағ­дар­ламаға орай 2015 жылы банк­тен алған несиелерін қазан айына дейін 4 пайыздық мөлшерлемемен төлеген болса, субсидиялау шегі 16 пайызға көтерілуіне байланысты оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайтын болып, тұтынушы 6 пайыздық мөл­шерлемемен бизнесін бастауға мол мүмкіндік алды. Сонымен қатар, өткен жылдың ұтымды тағы бір жаңалығы салалық шектің алынуы болып отыр. Яғни, өзінің бизнесін бастағысы келетіндерге сала бо­йынша шек қойылмайды. Бұл ретте еліміздің заңнамасына сәйкес шағын және орта бизнес нормалары сақталса жетіп жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге тартымды әрі қызықты болып отырған субсидиялау бағдарламасы бойынша күні бүгінге дейін 7600 кәсіпкер субсидия алған болса, 2015 жылы нақты нәтиже бойынша олардың саны 1595-ті құрады. 2015 жылы кәсіпкерлерге аса қажетті құралдардың бірі –кепілдеме бағдарламасы жүзеге асты. Оған себеп, екінші деңгейлі банктердің кепілдеме саясатын күшейтуіне байланысты көптеген кәсіпкерлер жобаларын іске асыру жолында бірқатар кедергілерге тап болып жататын. Сондықтан бұл бағдарлама оларға ерекше мүмкіндік берді. Бұл ретте басты назар аударатын жайт кепілдеме деңгейінің артқаны десек болады. Егер мұның алдында оның деңгейі 70% болған болса, 2015 жылы аталған көрсеткіш 85%-ды құрады. Әрбір кәсіпкер субсидияны да, кепілдемені де кешенді түрде ала алады. Және де кепілдеме бағдарламасына орай қор жалпы сомасы 11 млрд. теңгеден асатын 1082 кепіл­дендіру жобасын бекітті. Сонымен қатар, 941 шартқа қол қойды. «Даму» кепілдемесі негізінде банктер берген несиелер сомасы 27 млрд. теңгеге жетті. Бұл бағыттарға Ұлттық қор­дан үлкен қаражат бөлінген еді. Оның бірінші траншы 100 млрд. теңгеге тең болатын. Бүгінде ол толыққанды игеріліп болды. Осының арқасында 590 кәсіпкер көмекке қол жеткізді. Негізінде бұл 6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейін берілетін несие. Ал 50 млрд.теңге көлеміндегі екінші траншты «Даму» қоры 2015 жылдың желтоқсанында толықтай игерді. Нәтижесінде, аталған сомаға 270 жоба қар­жыландырылды. Сонымен қатар, 50 млрд.теңгені құрайтын үшінші транш­ты толықтай игеру ағымдағы жылдың наурызына белгіленіп отыр. Бүгінде оның 43 миллиарды игерілді деуге болады. Ұлттық қордан 2015 жылы бөлінген қаржы көмегімен 207 млрд. теңгенің өнімі сатылды, 26 млрд.теңге салық төленді, 9 мыңдай жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті қолдау жолында атқарып жатқан жұмыс жоспарларын таныстырған «Даму» қорының қызметкерлері биз­нес саласында кеңес беру мәсе­лесіне басымдық беріп келе жатқандығын байқатты. Бұл ретте 2015 жылы 2016-2018 жылдарға арналған кәсіпкерлік құзыретін арттыру жөніндегі бірыңғай бағдарлама бекітілгені баяндалды. Оның шеңберінде кәсіпкерлерді оқытудың жаңа бағыттары айқындалды. Бизнес саласында өзіндік идеясы бар 18 жастан асқан кез келген азамат білім алу үшін «Дамуға» өтініш жолдай алады. Бұл курстар теориялық дәрістермен шектеліп қана қоймай, практикалық тұрғыда ойлаған мақсаттарды жүзеге асыруға да мүмкіндік береді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».